Маманды грант таңдайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4731

Мамандық пен грант арасындағы "текетіресте" грантқа басымдық берілді.

Маманды грант таңдайды

Ұлттық бірыңғай тесттің білім сынағы ретінде қолданысқа енгеніне 13  жыл болды. Арада өткен 13 жыл жүйенің кемшілігін де, жетістігін де алақанға салғандай айқындап берді. Орыс және қазақ тілінде білім алған түлектеріміздің де ара салмағын ҰБТ нәтижесі арқылы біліп отыратын кезге жеттік.

Биыл ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген 92 827 түлектің 67 627-сі (76,3%) қазақ тілінде және 20 968-і (23,6%) орыс тілінде тапсыруға өтініш білдіргені белгілі. Бұған қарап кейбір басылымдар "қазақ тілінде білім алатын балалардың саны өсті" деген ақпаратты асығыс жариялап та жіберді. Экономист Ерлан Ибрагимов бұл көрсеткіш тек Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш бергендердің саны дейді.

"Қазақстандағы орта мектептерді қанша бала бітіріп шықты, олардың қаншасы Қазақстанның жоғары оқу орындарын таңдады?" деген сұраққа мемлекет тарапынан назар аударылған емес. Белгілісі – биылғы түлектердің 10%-ы алыс және жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарын таңдаған. Егер ҚР білім және ғылым министрлігінің сайтына көз жүгіртсеңіз, жыл сайын 200-300-дей мектеп бітіруші Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Қазақстан мен Қытай арасындағы үкіметаралық келісімдер негізінде аспанасты еліне аттанады екен. Қытайдың білім ордалары қазақстандық студенттер үшін арнайы білім грантын бөледі. Сонымен қатар "Қанша түлек ата-анасының қаржысымен шетелде оқып жүр?" деген сұраққа ресми түрде әлі жауап берілген жоқ", – дейді Ерлан Ибрагимов.

Біз бұл сұраққа жауапты өзіміз іздеуге тырыстық.

Қытай халықтық республикасының білім министрлігіне сілтеме жасаған ағылшын тілді "China Daily" басылымы жақында Қазақстан аспанасты елінде білім алатын шетелдік студенттер саны бойынша 9 орында екенін жазыпты. Бұл ретте біздің ел Франция, Вьетнам, Германия, Моңғолия, Ұлыбританияны басып озыпты. "Қытайда білім алу Жібек жолы экономикалық белдеуінде орналасқан елдер үшін сәнге айналуда. Оған Қазақстанды мысалға келтіруге болады. 2005 жылы Қытайда 781 бала білім алса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 11 764 балаға жеткен" деп жазыпты "China Daily". Басылымның жазуынша, ҚХР мемлекеттік кеңесі 2020 жылға қарай Қытайда білім алатын шетелдік студенттер санын 500 мыңга дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Шетелдегі Қазақстан елшіліктерінің және білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Ресейдің жоғары оқу орындарында 26 600 қазақстандық азамат білім алуда. Оның 19 100-і – күндізгі оқу бөлімінде, 1700-і – халықаралық келісімшарт аясында оқуда. ҚХР-да 9 670 отандасымыз оқып жүр. Ұлыбританияда шамамен 4000, АҚШ пен Чехияда шамамен 1000, Малайзияда шамамен 1500 (Малайзияның көші-қон қызметінің мәліметі бойынша – 611), БАӘ-де – 715; Түркияда – 783; Польшада – 300 қазақстандық білім алуда.

Әзірге  бізге белгілі мәлімет осы.

Экономист-сарапшы Тоғжан Қожалиева биыл қазақстандық ЖОО-ға құжат тапсырғысы келетін түлектер саны өткен жылдармен салыстырғанда азайып кеткенін айтады. Мемлекет есебінен қаржыландыратын білім гранты көбірек бөлінген салаларда да студенттердің саны жоспардағыдан аз болғалы тұр. Ал ақылы білім беретін бөлімдерге студенттер қабылдау 40-85%-дың арасында екен. Жоғарғы оқу орнына түсу үшiн қажет 50 балдық шектi деңгейдің өте төмендігі де жағдайды өзгерте алмаған. Депутат Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, шектi 50 балл өте төмен. Бұл деген екi мен үштiң ортасындағы баға.

"Содан кейiнгі үлкен кемшiлiк, 50 балдан төмен алған түлектер кейiн тағы да тамыз айының соңында, одан соң жаңа жылдың қарсаңында тағы бір мәрте тапсыруға мүмкiндiк алады. Бұл қалай? 11 жыл бойы нашар оқыған балаға мүмкiндiк беремiз. Ол жоғары бiлiм ала алмайды ғой", – дейдi сенатор.

Бұдан шығатын қортынды - шетелдік ЖОО-лар қазақстандық түлектердің таңдап жүріп қабылдайды, ал қазақстандық оқу орындары бұйырғанын алады.

"Ресей Федерациясындағы, Қытайдағы жоғары оқу орындарындағы оқу құны да, деңгейі де бізбен салыстырғанда арзан әрі сапалы. Тіпті көрші Кырғызстандағы жоғары оқу орындарын таңдап жатқан ұл-қыздарымыз бар. Финляндия мен Иран биылдан бастап шетелдік студенттер үшін білім грантын көптеп бөле бастады. Мен бұл жерде Германия мен Чехияны назарға алмай тұрмын. Егер дәл осы жүйемен жүре берсек, күндердің күнінде жоғары оқу орындары бізге қажет пе деген мәселе күн тәртібіне қойылады", – дейді Тоғжан Қожалиева.

Тоғжан Қожалиева сөз арасында бұл мәселенің түйінін алыс-жақын шетелдерге білім экспансиясын ұйымдастыру арқылы тарқатуға болатындығын алға тартты.

"11 сыныпты бітірген түлектер Ресейге емес, Қырғызстанға кетуде.  Мүмкін ол елдерде жоғары оқу орындарындағы оқу құны біздің елмен салыстырғанда арзан шығар. Бірақ мәселе оқу бағасында ғана емес. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде әлемдік рейтингте жоғары оқу орындарының тартымдылығын арттыру бірінші кезекте тұр. Олар алыс-жақын елдерге білім экспансиясын бізден бұрын бастап кетті. Шетелдердегі дипломатиялық корпустары арқылы оқу орындары жарнамасын дұрыс жүргізеді. Шетелдердіктер үшін қосымша білім грантын көбірек бөледі. Мұхиттың арғы жағында тұратын түлектің үйінде отырып-ақ онлайн жүйесінде емтихан тапсырып, оқуға қабылдануы үшін барлық жағдайды жасаған. Мемлекет есебінен қаржыландыратын білім гранттарын көбейту  мәселені шешпейді. Жоғары оқу орындары әлемдік деңгейдегі тартымдылығын арттыру үшін шетелдік түлектерге бөлінетін білім гранттарын көбейту керек. Егер қазақстандық түлектер шетелдердегі білім ордаларына басымдық берсе, онда бос орындарды шетелдіктермен толықтыруға тура келер. Бұл оқу орындарымыздын танымалдылығын арттырады. Біздің елде шетелдік компаниялар көп. Бұл жүйені бір ізге келтірсек, оларға қажетті мамандар өз елімізде-ақ дайындалар еді, – дейді Тоғжан Қожалиева.

Академик Асқар Жұмаділдаев болса мамандықты түлек емес, грант таңдайтынын айтады.

Оның айтуынша, мамандық пен грант арасындағы "аламан бәйгеде" гранттың бәсі басым болып шығады. Түлектің сол мамандыққа деген бейімі мен ынтасы екінші кезекте. Ал сол мамандық бойынша білім алған түлекті Аллаға аманаттаудан әрі аса алмаймыз. Жыл сайын гранттарға бөлінген миллиардтаған қаржы мен сандықта сарғайған диплом сол түсініктің құрбаны.    

Асқар Жұмаділдаев түлектердің дені грант көп бөлінетіндіктен, техникалық мамандықты таңдайтынын, бірақ алып кете алмайтынын айтады.  Сөйтіп оқуын аяқтамай тастап кететіндері қанша. Кейбіреулер үшін білім ордасының беделі аса маңызды. Ал өздерінің қабілеті мен қарымы соның көлеңкесінде қалып қоятындығына мән бермейді.

"Бізде ҰБТ-мен бірге "тегін оқу" деген ұғым санамызға орнықты. Ата-анасының жағдайына қарайлаған бала өзінің бейімі, жүрегінің қалауы емес, грант көбірек бөлінеді деген болжамға басымдық береді. Қазір ЖОО-ның екі бірдей дипломын сандыққа салып тастап, таксист болып жүргендер жетеді.     Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап біздің елде бұл мәселеге мән беріліп, зерттеліп, зерделеген жоқ. Ішкі на­рық мамандық дайындауда ұсыныс пен сұранысты реттеп отыратын теңгермелі механизмнен көз жазып қалды. Әлі күнге дейін елімізде "Қандай мамандыққа қанша адам қажет? Жалпы, жоғары оқу орындары қандай мамандықтар бойынша оқытқан дұрыс?" деген мәселелерді талқылап, арнайы са­раптамадан өткізіп, бақылап отыратын ар­найы мекеме жоқ", – дейді Асқар Жұмаділдаев.

Асқар Жұмаділдаев мемлекет есебінен қаржыландыратын білім грантын белгілейтін комиссия құрамы қоғам үшін құпия екенін айтады. Ғалымның сөзінше, "Қандай салаға грант көбірек бөлінді? Мұның себебі не?" деген сауалдардың жауабы ҰБТ қарсаңында емес, оқу жылы басталғанда белгілі болу керек. Бұдан бөлек, аталмыш комиссия құрамына өндіріс орындары басшылары, аймақ басшылары кіргені жөн екенін ескертеді. Себебі, өндіріс басшылары қанша маманның зейнет жасында жеткенін, қай салаға жастарды көбірек тарту қажет екенін орталықта отырған шенеуніктермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы біледі.    

"Мүмкін, білім және ғылым министрлігі жанынан осы мәселені зерттейтін арнайы сараптамық орталық ашу қажет шығар. Олар  мамандыққа тапсырыс берушілермен байланыста болып, бөлетінетін грант санын сұранысқа қарай реттеп отырады. Сонда сұранысқа сай мамандар дайындап шығаруға болады", – дейді Асқар Жұмаділдаев.

 Посткеңестік кеңістікте баланың мектеп қабырғасынан бастап белгілі бір бағытқа дайындау мәселесін шындап қолға алып отырған ел – іргеміздегі Өзбекстан. Көрші елде баланы бастауыш сыныптан бастап кәсіби баулу бағдарламасы енгізілген. 

"Соңғы жүргізілген со­цио­логиялық зерттеулер мектеп бітіру­ші­лердің 70%-ының қандай мамандық­ты қа­лайтынын және таңдаған мамандығы­­ның табиғатынан мүлдем бейхабар екенді­гін көрсетті. Өзінің бет-бағдарын айқындай алмаған баладан қандай маман шығатыны айтпаса да түсінікті. Жыл сайын 35 мың грант үшін мемлекеттен 47 млн теңге бө­лінеді. Грант бойынша бітіріп шыққан жас­тардың 50%-ы өз мамандығы бо­йынша жұмыс істемейді. Бұл мектеп бітіруші түлектің ғана емес, оның болашағына жауапты ата-ананың да үлкен мүмкіндігі. Себебі қала­да психологиялық ақыл-кеңестің барлық түрі ақылы, – дейді "EDTECH-KZ"  халықаралық білім орталығының бас директоры, психология ғылымының кандидаты Ғани Бейсембаев.

Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың   айтуынша, жылына 2000-ға жуық студент әртүрлі себеппен гранттан бас тартады  екен. Нарықта түлектің гранты емес, маманға деген сұраныс соңғы сөзді айтады.     
"Жаңа кәсіпорындар көптеп ашылуда. Сол кәсіпорындарға болжам жасау арқылы маман дайындау мәселесі білім грантын тағайтындайтын комиссия мүшелеріне мәлім болу керек. Сол кезде үкіметтің білім гранттарына бөлінген қаржысы желге шашылмайды", – дейді  Рахман Алшанов.  

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу