Шаруаны малдан, министрді қызметінен айырған қуаңшылықтың салдарымен әлі күресіп келеміз. Әсіресе, ауа-райының тосын мінезі, жауын-шашынның аздығы Маңғыстау облысындағы шөп мәселесін күрделендіруде. Салдарынан жыл басынан бері өңірде 1 163 мал басы қырылып қалған. Бұл ретте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың өңірде 5 мың мал басы қырылды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Біреулер облысымызда 5 мың мал басы қырылды деп жүр. Сәуірде әр ауылдың жанынан биотермиялық шұңқыр қазып, 1 163 өлген малды көмдік. 1 163 малдың тек 194-і ғана тіркелген. Қалған малдың иесі жоқ, иесі кім екендігі белгісіз. Мал өліміне қатысты 7 азаматтан ғана арыз түсті", – деді Ғалымжан Ниязов.
Мал азығын алуға 5,3 млрд теңге бөлінбек
Статистикалық мәліметке сәйкес, осы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша облыста 629 336 мал басы тіркелген. Ал ауыл шаруашылығын біріздендіру базасында тіркелген мал басы - 639 493. Оларға 77 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған.
"Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы аудандарына 41 470 тонна шөп әкелінді. Қыс айларына 35 530 тонна шөп әкелуді жоспарлап отырмыз. 25 530 тонна көп өзге облыстардан тасымалданады. Ал облысымыздың аумағында 10 мың тонна шөп шабылады", – деген спикер бөлінген қаражат есебіне тоқталды.
Айтуынша жыл ортасында Маңғыстау облысына мал азығына сатып алуға 204 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 150 млн теңгесі басқа облыстардан шөп тасымалдауға жұмсалды. Шөп 1 келісі 55 теңгеден сатылды. Бұдан бөлек жемге 54 млн теңге жұмсалды. Енді алдағы қыс айларына Үкімет қолдауымен мал азығын алуға 5,3 млрд теңге жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта оның 1,4 млрд теңгесі бөлінді. Жем сатып алуға бөлінген қаражаттың сомасы – 1 млрд теңге. Қаржы аудандарға мал басы санына қарай бөлінбек.
Бұл ретте "Қазақстан темір жолы" компаниясы жем-шөп тасымалдау қызметі үшін Маңғыстау облысына 75% жеңілдік берген.
Қаржы арнайы талаптарға сәйкес келетін мал басына ғана беріледі
Бір айта кететіні қаржы барлық шаруаға бірдей берілмейді. Мұнда арнайы талап қарастырылған. Оның алғашқысы – ақша тек аналық мал басына бөлінеді. Сондай-ақ, зоотехникалық нормативтерге сәкес түйенің жасы 36 ай, жылқының жасы 18 ай, қой мен ешкі 1 жастан аспауы міндетті.
Салдарынан аймақта тіркелген 639 493 мал басының тек 253 755-іне ғана қаржы қарастырылған.
"Шаруаларға аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының қорытынды актілерімен 1 млрд 331 156 теңге қаржы төленді. Қалған малға шектеулерге байланысты қаржы төленбейді", – деп қысқа қайырды Ғалымжан Ниязов.
Тізімде бар, шын мәнінде жоқ
Бір қызығы, өңірде 971 шаруа қожалығы, 8 815 үй шаруашылығы тіркелген. Алайда оларды тексеруге барған комиссия тізімдегі дерекке қорадағы мал саны сәйкес келмейтінін анықтаған. Осылайша 4 шаруашылық пен 533 үйдегі мал саны табылмай, қаржы қарастырылатындар тізімінен қысқартылған.
"Мемлекеттің қайтарымсыз қаржысын тиімді пайдалану үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында ауыл әкімі, ветиринарлық бөлім қызметкері, қыстақ бөлімі қызметкері бар. Олар үйлерді аралап, статистикада көрсетілген мал басын түгендеді. Сол кезде 4 шаруашылық пен 533 үйдегі мал саны анықталмады. Осыған байланысты біз тек 9 249 шаруашылыққа қаражат беруді жалғастырамыз деп шештік", – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.
"Жасыл дәліз"
Аймақта туғанына 14 күн аспаған малды тіркеу үшін "жасыл дәліз" құрылған. Қазір оған 39 000 өтініш түссе, 26 000 мал басы тіркелген. Бұл жұмыс 10-қазан айына дейін жалғасады.
Құралай Құдайберген