Маңғыстауда екі ауылды құм басып жатыр

2831

Көшпелі құмды тоқтатуға 430 млн теңге қарастырылған. 

Маңғыстауда екі ауылды құм басып жатыр

Маңғыстау облысындағы Ақтөбе ауылдық округіне қарайтын Сазды және Жарма елдімекендеріне құм көшкіндері қауіп төндіріп тұр. Онымен күресуге қарастырылған қаражат әлі бөлінбеген, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, қазіргі күні облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы екі ауылды құм құрсауынан құтқару үшін 430 млн теңгелік жобаның жобалау-сметалық құжатын жасаған, бірақ қаражат әлі бөлінбеген. Сол сияқты, оны тендерден қандай мекеменің ұтып алатыны да белгісіз. Әйтсе де, облыста бұған дейін қар көшкініне тосқауыл қою жұмыстарымен "Жасыл әлем Маңғыстау" ЖШС айналысып келген. 

"Қаржы бөлінгеннен кейін, оған ауыл маңына қамыстан ық болатын қоршаулар салынып, негізінен, сексеуіл, жүзгін, жыңғыл егіледі. Олардан бөлек, бұған дейінгі тәжірибеде терек, тал, жиде де егіліп, тиімділігін көрсеткен. Әрі қарай бұл өсімдіктерді суарып, өсіп кетуіне күш саламыз", – деп түсіндіреді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Сүйіндік Еңсепов.

Өңірде елдімекендердің көшпелі құмнан зардап шеккен жағдайлары бұған дейін де кездесіпті. 2007 жылы облыста Сенек, 2008-2018 жылдары Үштаған, 2011 жылы Тұщықұдық, 2016 жылы Шебір ауылдарын құм басу қаупінен  құтқару жұмыстары жүріп, жоғарыда айтылғандай іс-шаралардың арқасында мәселе оң шешілген.

Аталған ауылдар бойынша жобалық-сметалық құжаттарды Алматы география ғылыми-зерттеу институты жасап, олардың нұсқауымен отырғызылған жас өскіндер кейін қаулап өсіп, кей жерлерде шағын тоғайларға да айналады. 

Ақтөбе ауылдық округінің басшысы Сазды мен Жармадан халықтың үдере көшіп жатқанын жоққа шығарады. Қазіргі күні Сазды ауылында 169, Жармада 114 адам тұрады. 

"Бұл ауылдарда қазіргі күні бос тұрған бірде-бір үй жоқ. Көшіп кеткендер бар, есесіне, көшіп келушілер де жоқ емес. Көбінесе ауылдық жерде тұрып, мал ұстауды қалағандар келеді. Жаңаөзен қаласынан қоныс аударғандар болды. Біз өз тарапымыздан құммен күресу үшін көмек сұраған тұрғындарға техникамен көмектесіп тұрамыз. Дегенмен, кей тұрғындардың өз күшімен біреулерге мал, ақша беріп, құм аршытып алғанын естідік", дейді Сүйіндік Еңсепов. 

Бұдан бөлек, ауылдарды құм басуының бір себебі ретінде мұнай кеніштеріне жер асты сулары құбырмен айдалып, соның салдарынан тамырына нәр жетпеген өсімдіктер қурап, құмға қарсы тұратын күш қалмайды деген болжам да айтылуда.

Алайда әзірге оған нақты дәлел жоқ. Ал аталған ауылдарға ең жақын мұнай кен орны 60 шақырым қашықтықта орналасқан екен.

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу