Сондықтан Ресей бұл жағдайды реттеу үшін жаңа шешім қабылдап, одақтас елдермен баж салығындағы айырманы утиль алым арқылы есепке алуды ұсынды.
ЕАЭО елдерінен жеке тұлғалардың көлік әкелуі енді коммерциялық импортпен теңестірілетін болды. Тиісті нормативтік акт жобасын РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі әзір етті.
Қатаңдатудың соңғы сұрапыл толқыны былтырғы 1 желтоқсанда соғып еді. 160 ат күшінен асатын машиналарға арналған жеңілдетілген утиль алым ставкалары жойылды. Салдарынан, мысалы, Қазақстанда құрастырылған автобус, трактор, комбайн, ауыл шаруашылығы, коммуналдық және өрт сөндіру техникаларын солтүстік көршіге өткізу тосқауылға тап болды. Өйткені кәдеге жарату төлемдері бірнеше миллион рубльге күрт артқалы шетелдік өнім РФ-та бәсекеде ұтылды.
Бұл жолы назар Еуразиялық одақтың игілігін пайдаланып, автомобильдер мен техниканы Қазақстанда, Қырғызстанда, Беларусьте немесе Арменияда төменірек тарифтермен кедендік рәсімдеп, кейін оларды Ресейге әкелгендерге ауды.
Сонымен қатар, көрші ел кедендік құнды төмендету фактілеріне назар аударып отыр. Оны пайымынша, кейбір жағдайларда көліктер кедендік рәсімдеуден нарықтағы бағадан төмен құнмен өтуі мүмкін. Шынында, Қазақстан нарықтық қалыпты кедендік құнды пайдаланады.
"Қазіргі кезде ЕАЭО елдері арқылы РФ-қа әкелінетін импорттық автомобильдерді рәсімдеу барысында көлік құралының кедендік құнын елеулі түрде төмендету, сондай-ақ төлемдерді азайтудың түрлі схемаларын қолдану фактілері тіркелді. Нақтылағанда, көлік құралдарын кедендік декларация емес, кедендік кіріс ордері арқылы рәсімдеу жолға қойылған. №1291 қаулыға енгізілетін жаңа өзгерістер осындай жағдайларды болдырмауға бағытталған", – деп хабарлады РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігі "Российская газетаға".
Ведомствоның түсіндіруінше, көліктерді кедендік рәсімдеу 2 тәсілмен жүзеге асады. Жолаушылардың кедендік декларациясы (ЖКД) және кедендік кіріс ордері (ККО) арқылы.
Декларацияны заңды тұлғалар, компаниялар толтырады және ресейлік пен қазақстандық (айтарлықтай төмен) баж салығы арасындағы айырманы төлейді. Ал, ордер жеке тұлғаларға машинаны ЕАЭО елдерінің төмен ставкасымен, қосымша төлемдерсіз импорттауға мүмкіндік берді. Жаңа ережелерге сәйкес, бұл мүмкіндік жойылады.
"За рулем" журналының бас редакторы Максим Кадаковтың пікірінше, бұл схеманы тек жеке сатып алушылар ғана емес, айналма жолмен компаниялар да пайдаланған. Олар жаңа автомобильдерді жеке тұлғалардың атына тіркеп әкеледі, кейін салонында сатады.
Олар утиль алымды төлегеннің өзінде жеке тұлғалар арқылы елеулі қаржысын үнемдейді. Әсіресе құны 5-6 млн рубльден асатын қымбат көліктер сегментінде. Премиум модельдерде пайда бірнеше миллионға жеткен. Мәселен, BMW маркалы автомобильде 3 млн рубльге дейін, Bentley-де 10 миллионнан астам үнемдеуге болатын.
E.N.Cars компаниясының басшысы Евгений Забелин енді көлікті РФ-тан басқа жерде кедендік рәсімдеудің мәні қалмайтынын нықтады. Ең сорлайтыны – орта класс. Бірінші сәуірден соң жаңа бағаларды көріп, абдыраған сатып алушыға шенділер сыпайы түрде "отандық" өнім мен локализацияланған маркаларды таңдауға кеңес береді.
Мысалы, бұрынғы Volkswagen өндірістік алаңдарында, Калуга облысында құрастырылып жатқан Tenet секілді брендтерге назар аудар дейді. Жаңа өзгерістің экономикалық логикасы айқын, ол сұр схемалармен күресті емес, жергілікті өндіріске сұранысты бұруды бірінші орынға қояды.
E.N.Cars басшысының пікірінше, шетелден, соның ішінде Қазақстаннан өз бетімен көлік айдап әкеліп, сататын шағын бизнес жойылады.
"Қазіргі кезде бұл нарықтың қатысушылары қатарын 90%-ға дейін табыс-маржасы төмен шағын ойыншылар құрайды. Олар "Алматыда сатып алдым – Ресейде саттым" деген қарапайым формуламен жұмыс істеп келді. Жаңа ережелер мұндай бизнес-моделді тиімсіз етеді", – деді сарапшы.
Алайда бұл тек кіріспесі секілді. "Автостат" талдау агенттігінің басшысы Сергей Целиков 160 ат күшінен төмен автомобильдер үшін қолданылып жатқан жеңілдетілген утиль алым (бар-жоғы 3 400 рубль) жойылған жағдайда нағыз драма басталатынын болжады. Бәрі соған бара жатқандай, себебі, бүгінде Ресейде импорттау шарттарын қатаңдату тренді айқын байқалады. Ол үрдіс "Тек РФ аумағында өндірілген автомобильді ғана ал!" деген ұранға сүйенеді, дейді Целиков.
"Ресейдің импорт ережелеріндегі өзгерістер ТМД елдерінің нарықтарындағы баға қалыптастыруға да айтарлықтай әсер етеді. Негізгі мақсат – жергілікті құрастыруды ынталандыратын неғұрлым қолайлы жағдай жасау. Алайда бұл үдеріс Ресейдегі нақты өндірістік мүмкіндіктермен үйлесуге тиіс еді. Өзіміз өндіретін көлік өзімізге жетпейді ғой. Салдарынан, енді Қазақстаннан келетін автомобильдердің құны мына қатаңдатудан кейін күрт қымбаттайды. Оларды әкелу мағынасыз болып қалғалы тұр", – деп түсіндірді "Эйлер" компаниясының аға талдаушысы Владимир Беспалов.
Шынында да Ресей машина бойынша импортқа қатты тәуелді. 2025 жылдың қорытындысында "локализацияланған" шетелдік модельдерді қоса алғанда, ресейлік өндірістегі автомобильдердің РФ ішкі нарығындағы үлесі небәрі 55% болды.
Ережелер өзгерген соң бірқатар модель Ресей нарығынан мүлдем жоғалуы ықтимал, дейді "Лиса рулит" автоблогының авторы Елена Лисовская. Баға көтерілген сайын кейбір автомобиль бұқаралық сегменттен шығып қалып, тек азын-аулақ байларға қолжетімді сегментке өтеді немесе мүлде жоғалады. Қымбаттау ассортименттің қысқаруына әкеледі – бұл экономикалық заңдылық.
"Бізге негізінен барлық көліктер Қытайдан Қырғызстан мен Қазақстан арқылы келеді. Егер Қытайдан тікелей тапсырыс берсеңіз, шамамен 2 ай жүреді. Егер автомобильдер қазақстандық Қорғаста немесе, мысалы, Бішкекте болса, жеткізу әлдеқайда жылдам – шамамен 1 ай, тіпті одан да аз. Бірақ мәселе мынада: параллельді импорт нысаналы аудиторияға көліктерді сәл арзанырақ сатуға мүмкіндік беретін. Әрбір баға өскен сайын біз кейбір модельдерді жоғалтамыз. Өйткені біраз машина соншалық қымбаттап кетеді де, оны қатардағы ресейлік тұтынушының қалтасы көтермейді. 1 сәуірден кейін нақты нені жоғалтқанымызды көреміз", – дейді Лисовская.
"Автостат" дерегінше, 2025 жылы жеке және заңды тұлғалар ЕАЭО елдерінен Ресейге жалпы саны 82,2 мыңға жуық жаңа жеңіл автомобиль және 24,6 мың "б/у" (қолданыста болған) көлік әкелді. Жеке тұлғалардың РФ-қа шетелдік автомобильдерді ең көп таситын елі – Қырғызстан: 2025 жылы бұл елден 54,4 мың көлік жеткізілген.
Солтүстік көршінің жаңа бетбұрысы Қазақстан үшін де қуатты соққы болуы мүмкін. Елдің Ресейге экспорты онсыз да өткен жылдан бері дабыл қаға бастаған еді. 2025 жылы ҚР-дан РФ-қа автомобиль жеткізу 2024 жылға қарағанда екі еседен астамға құлдырады.
"2024 жылы Ресейге көрші Қазақстаннан 22 975 жаңа автомобиль жеткізілді. Ал, 2025 жылдың 11 айында небәрі 10 333 көлік әкелінді. Өткен жылғы импорттың жартысына жуығы Kia, Hyundai және Skoda маркаларына тиесілі болды. Ресейліктер арасында Қазақстаннан ең сұранысқа ие модель Hyundai Tucson. Екінші және үшінші орындарда – Kia Sportage және Sorento. Сондай-ақ Skoda Kodiaq бізде белсенді түрде саудаланады", – деп хабарлады "Автостат" сарапшылары.
2025 жылы модельдік құрылым айтарлықтай өзгерген жоқ, саны күрт қысқарғанына қарамастан. Tucson мен Sportage әлі де көш басында. 3-ші орында – Kodiaq. Үздік бестікке Kia K5 пен Hyundai Santa Fe кірген.
Сорақысы сол, Қазақстандағы өндірістік алаңдарда құрастырылған автомобильдерді сатып алған ресейлік қожайындары соңғы айларда "утиль алым бойынша қосымша төлемді төле!" деген талабы бар ескертпе хат ала бастады.
РФ Федералдық кеден қызметі ол көліктерді шығарған автозауыттың Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтарда орналасқанын, тиісінше, көп алым-салықты төлемей, жеңілдетілген режимді пайдаланатынын алға тартып, төлемдер айырмасын қосымша есептеуде.
Осы кезде Қазақстанда автокөлік өнеркәсібі өңдеуші сектордың локомотивіне айналған еді. 2025 жылы ең жоғары өсімді машина жасау саласы көрсетті: +12,9%.
"Машина жасау индустрияландырудың негізгі драйверіне айналды. Сала 12,9% өсім көрсетті. Бұған автокөлік жасау, ауыл шаруашылығы машинасын жасау, электр жабдықтары, компьютерлер мен электрондық бұйымдар өндірісінің дамуы ықпал етті. Жыл ішінде жалпы құны 655,5 млрд теңгені құрайтын 38 жоба іске асырылып, 9 967 жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытында Chery, Changan, Haval және Tank брендтерін шығару, сондай-ақ Қостанай облысындағы KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы бар", – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
2025 жылы Қазақстанда рекордтық көлемде – 171,1 мың автомобиль құрастырылған. Салыстырсақ, 2024 жылы – 145,3 мыңы конвейерден шығарылып еді. Қазақстан автомобиль одағының (ҚАО) дерегінше, елде құрастырылған машиналардың жалпы құны 2,3 трлн теңгеден асты. Енді отандық көліктердің сыртқы нарығы күрт тарылса, саланың бұл жетістігінің бәрі сағымға айналуы ғажап емес.
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу