Мәулен Әшімбаев: Еңбек нарығында білікті заңгерлер жетіспейді

465

Заң саласындағы мамандар саны болжамды сұраныстан 9 есе жоғары. 

Мәулен Әшімбаев: Еңбек нарығында білікті заңгерлер жетіспейді Фото: parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізде заңгерлер даярлау ісінде қордаланған мәселелер бар екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатта өткен парламенттік тыңдау аясында Қазақстанда заң білімін дамыту және заң шығару қызметінің сапасын арттыру мәселелері қаралды.

"Кәсіби заңгерлердің біліктілік деңгейі қоғам мен мемлекеттің барлық саласына тікелей әсер ететіні белгілі. Осындай білікті мамандарды дайындау үшін заң білімін дамыту аса маңызды. Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Қазіргі таңда білімі мен ғылымы жоғары деңгейде дамыған мемлекет қана қуатты және бәсекеге қабілетті бола алатыны анық. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, бүгінде отандық білім мен ғылым саласының алдында маңызды міндеттер тұр", - деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл сала әрдайым уақыт талабына бейімделіп, үнемі тың жаңалықтар ұсынып отыруға тиіс.

"Мемлекет басшысы заң және тәртіп қағидаты құқықтық мемлекеттік іргетасы екенін үнемі айтып келеді. Осы қағиданы қоғамда берік орнықтыру үшін жоғары деңгейдегі құқықтық мәдениет қалыптастырудың маңызы зор. Білікті заңгерлерсіз бұл мақсаттарға қол жеткізу, жалпы құқықтық мемлекет құру мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан аталған сала мамандары қашан да ерекше сұранысқа ие. Заңгерліктің әлемдегі беделді мамандықтардың бірі саналуының да басты себебі сол. Соған қарамастан, қазір елімізде заңгерлер даярлау ісінде қордаланған проблемалар бар екенін мойындау қажет. Солардың бірі – жұмыс берушілерге қажетті мамандар мен оқу бітірген жас мамандардың саны арасында сәйкессіздіктің болуы", - деп атап өтті ол.

Сенат спикері еңбек нарығында білікті заңгерлердің жетіспеуі де өзекті мәселе екенін баса айтты.

"Бүгінде заң саласындағы мамандардың көлемі болжамды сұраныстан 9 есе жоғары болып отыр. Яғни, мамандардың саны бар да, сапасы жоқ деп айтсақ, артық болмас, оған ешкім ренжімес. Осы мәселені жүйелі жолға қою үшін нақты тетіктерді қолға алуымыз керек. Сонымен қатар, құқықтық білім беру ісінде инновациялық тәжірибелер мен тәсілдерді енгізудің де берері мол екені сөзсіз. Осы бағытта да кешенді шаралар қажет деп есептейміз", - деді Мәулен Әшімбаев.

Оның сөзінше, процестерді цифрландыруға және жасанды интеллект технологияларын қолдануға баса мән берілуі тиіс.

"Қазір дамыған елдер осы мәселелерге үлкен көңіл бөліп отыр. Мысалы, былтыр АҚШ заң мектептерінің жартысынан көбі жасанды интеллект курстарын ұсынған екен. Сондай-ақ, аталған елде оқу орындарының 80 пайыздан астамында студенттерге жасанды интеллект тетіктерін тәжірибеде тиімді қолдануды үйрететін қажетті ресурстар бар. Бізге де бұл бағыттағы озық тәжірибелерді қажет деп ойлаймыз", - деді Сенат төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу