"Яндекс кейде 23%-ға дейін комиссия алады": Депутат жүргізушілердің қолына тимеген ақшадан салық есептемеуді ұсынды

412

Кейбір талаптарды қайта қарау қажеттігі айтылды.

"Яндекс кейде 23%-ға дейін комиссия алады": Депутат жүргізушілердің қолына тимеген ақшадан салық есептемеуді ұсынды Фото: ЖИ

Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты салық кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салық мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіндегі қайшылықтарды түзеп, кәсіпкерлерге артық салмақ түсіретін талаптарды жеңілдету үшін Үкіметке нақты өзгерістер әзірлеуді тапсырды. Осы тапсырмаға байланысты "Ақ жол" фракциясының депутаттары өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты салық кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жеке салық режимі енгізілді. Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Ол адамдардың өз еңбегімен тапқан табысын заңдастырып, салықты жеңіл тәртіппен төлеуіне және әлеуметтік қорғау жүйесіне қатысуына мүмкіндік береді", – деді депутат.

Олжас Нұралдиновтің сөзінше, жаңа тәртіптің кейбір талаптары азаматтардың нақты жұмыс жағдайына сай келмейді. Сондықтан оларды қайта қарау ұсынылып отыр.

"Бірінші мәселе. Салық кодексінің 718-бабына сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат осы режимді қолдану үшін айына 300 айлық есептік көрсеткіштен артық табыс таппауы керек. Алайда бұл талап туризм, құрылыс, үй жөндеу, жолаушылар тасымалдау, аумақтарды абаттандыру сияқты маусымға тәуелді жұмыстардың ерекшеліктерін ескермейді. Мұндай салаларда көптеген адамдар табысын жылдың бірнеше айында ғана табады. Мысалы, жазда тапсырыс көбеюі мүмкін, ал қыста жұмыс азайып, кейде мүлде болмайды. Сонда азаматтардың табысы мол маусымда көбірек жұмыс істегісі келсе де, арнаулы салық режимінен шығып қалмау үшін табысын әдейі шектеуге мәжбүр болады", – деп түсіндірді ол.

Мысалы, бір адам ай сайын 500 мың теңге табыс тауып, жылына 6 миллион теңге алады. Екінші адам төрт ай бойы 1,5 миллион теңге табуы мүмкін. Оның да жылдық табысы 6 миллион теңге болады. Бірақ ол айлық шектен асып кеткендіктен, бұл салық режимін қолдана алмайды, дейді депутат.

Осыған байланысты депутат айына 300 АЕК деген шектеудің орнына жылына 3 600 АЕК мөлшеріндегі шекті белгілеуді ұсынып отыр. 

"Атап өткендей бұл өзгерту жалпы жылдық табыс шегін өсірмейді. Сонымен қатар, азаматтарымыздың өз табысын шектеуіне емес, керісінше, еркін табыс табуына жағдай жасайды. Екінші мәселе – қазір өзін-өзі жұмыспен қамтитын көптеген азаматтарымыз платформалық сервистер арқылы жұмыс істеп күнін көріп жүр. Мысалы, Яндекс Go платформасының комиссиясы кей жағдайда тапсырыс құнының 23%-ына дейін жетеді. Бұл ақшаны платформа өзі ұстап қалады. Яғни, ол сома жүргізушінің немесе жеткізушінің қолына тимейді. Сондықтан, азаматтың қолына түспеген ақшаны оның табысы ретінде есептеуіміз қаншалықты дұрыс? Біздің ұсынысымыз платформаның комиссиясын платформа өзі ұстасын, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың табысы комиссия алынғаннан кейін өзіне қалған ақша бойынша есептелсін", – делінген депутаттық сауалда.

Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда адамның фото-видеосын келісімінсіз пайдалануға тыйым салынатынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу