Мәжіліс депутаты: Әлде қазақстандықтарды үшінші сортты адамдар деп танимыз ба?

2332

Парламент депутаты, блогер Айдос Сарым Қазақстанда әлеуметтік желілерді, WhatsApp пен Telegram-ды бұғаттау бастамасын журналистерге түсіндірді.  

Мәжіліс депутаты: Әлде қазақстандықтарды үшінші сортты адамдар деп танимыз ба?

–Сіз Қазақстан аумағында әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қызметін реттеу үшін депутат Динара Зәкиевамен бірге бірнеше заңға түзету енгізуді ұсындыңыз. Мәжілістің бүгінгі отырысында құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Бұған не түрткі болды?

–Бірінші кезекте мына мәселеге назар аударғым келеді: біз әлеуметтік желілерді "жабу" үшін емес, балалар құқығын қорғау үшін түзету енгіздік! Өте көлемді заң жобасында әлеуметтік желілерге шағын ғана орын бөлінген. Онда басқа да көптеген жаңашылдық бар. Мысалы, депутаттар алғаш рет буллинг, кибербуллингтің не екеніне түсініктеме бергелі отыр. Өкінішке қарай, біздің заңнама цифрлық дәуірмен ере келген қауіп-қатерлерге, өзгерістерге дер кезінде үн қата алмауда.

–Түзетулердің ішіндегі елең еткізгені – жаһандық әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтуге, елімізде өздерінің ресми өкілдіктерін ашуға міндеттеу болып отыр. Ол өкілдікті Қазақстан азаматы басқаруға тиіс екен. Егер олар бұл талапқа көнбесе, Қазақстанда олардың қызметі бұғаттап тасталмақ. Бұл ретте бұғаттау соттың емес, уәкілетті органның, министрліктің шешімімен жүзеге асады. Бұл түзету қабылданса, уәкілетті орган өзіне ұнамайтын желілерді бұғаттап тастаудың кезекті тетігіне ие болады ғой?

–Біріншіден, қазақстандықтарға Твиттер, Фейсбук, Ютуб және басқа техноалпауыттардың тағдырына уайымдаудың қажеті жоқ. Байқасаңыз, олар бұрыннан жарнама мен көрілімнен миллиардтаған доллар табыс табуда. Ал олардың иелері Forbes пен Fortune журналдарының рейтингінде жоғарғы қабаттарда тұрақтады. Осы табыстардың шағын бөлігі болса да қазақстандық пайдаланушылардан түседі.

Ендеше өз аудиториясын, өз пайдаланушыларын сыйлайтын компания қазақша және орысша білетін бірнеше контент-менеджерді жұмысқа алып, Купертино немесе Силикон алқабындағы кеңсесіне отырғызып қойсын. Бізге олардың кеңсесі ғана емес, ондағы менеджерлері, яғни біздің соттармен және шенеуніктермен ынтымақтасатын тірі адамдары маңызды. Бұл кеңсе теорияда тіпті виртуалды болса да жарайды. 

Ютуб компаниясы заңсыз контентпен күресу үшін ондаған мың контент-менеджерлерді жұмысқа алды, олар тәулік бойы видеофайлдарды қарап, пайдаланушылармен қарым-қатынас жасайды, өз ережелеріне сәйкеспейтін конттенттерді жояды. Егер осылардың арасында 2-3 отандасымызды қосса, жаман ештеңе болмайды.

Екіншіден, біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден мүмкін емес нәрсені талап етіп отырған жоқпыз. Біз олардан өздерінің ережелерін сақтауды сұраймыз.

Қазақстан заңнамасы әлеуметтік желі иелерінен өз шарттары мен ережелерін орындауда бірізді болуды талап етеді, себебі, олардың ақылға қонымдылары біздің заңнама талаптарына ұқсас болып келеді.

Үшіншіден, үкіметтік органдар мониторингпен айналысып, кибербуллингтің мыңдаған дерегін әшкерелейді, ата-аналардан оларға шағымдар түседі, алайда құқыққа қайшы контентті жоюға не бұғаттауға еш ықпал ете алмайды. Бұл бізге, депутаттарға мүлдем ұнамайды.

Басқа жағынан алғанда, әлеуметтік желілермен ынтымақтастықтың оң тәжірибесі де бар: келіссөздерден кейін компанияның өзі заңсыз контентті жойып, ары қарай тыныш жұмыс істей береді. Бұған ресми органдардың заңды претензияларын нақты қарап, дұрыс деп танып, даулы контентті өзі жойған LinkedIn жақсы үлгі. Біздің меморгандар барлық әлеуметтік желімен осындай достық пейілдегі, іскерлік байланыста болуға тиіс. Бұл үшін нақты, айқын жазылған заңнамалық тетіктер мен механизмдер жасалғаны жөн. Әйтпесе белгісіз біреулер желіні "ағытып" тастай береді. Алда солай бұғаттаса, оны жасаған қандай меморган екенін, жауапты тұлғаның аты-жөнін ел біледі. Оны тіпті сотқа беруге де болады. 

–Ұқсас талаптарды алдымен Ресей енгізді. Алайда бұл жаңашылдықтарыңыз Үкіметтің Сбермен меморандумын талқылауға тұспа-тұс келіп отыр. Арасында байланыс бар ма?

–Шынымды айтайын, ешқандай байланыс жоқ. Заң жобасы бұрыннан әзірленді. Бұл әлемдік тәжірибе, барлық елдер интернетті национализациялауға, интернет саласына ұлттық заңдарының талаптарын таратуға тырысуда. Бұл қалыпты іс. Әлде осы жолға түскен Германияны демократиялық ел емес деп есептейсіз бе? Оларда 2017 жылдан бері әлеуметтік желілерге қатысты шаралар туралы заң жұмыс істеуде. Фейсбук, Твиттер және басқасынан өшпенділік пен жеккөрініш риторикасын жоюды, әйелдер мен балаларға қатысты кибербуллингке жол бермеуді талап етеді. Олардың санкциясы аса қатал: айыппұл 50 миллион еуроға дейін барады!

Германия секілді біздің мемлекетіміз де әлеуметтік желіде азаматтарды қорғауға қақылы деп санаймыз. Әлде қазақстандықтарды Жер планетасындағы екінші-үшінші сорттағы адамдар деп танимыз ба? Ұқсас заңдар Еуропалық одақтың, Азия мен Американың көптеген елінде бар. Неге біреуге мұны жасауға болады, ал бізге болмайды? Бұл сұрақты әлеуметтік желілердегі хейтерлерге арнаймын.

–Ресей заңнамасында "иностранный агент" ұғымын бекітті. Оларда тек БАҚ-қа қана емес, сондай-ақ әлеуметтік желілерде белсенді әрекет ететін қоғамдық ұйымдарға, жекелеген журналистерге, адвокаттарге және басқасы осындай жаман атақ таңылуда. Қазақстанда мына түзетулер, тетіктер толыққанды әрі тиімді жұмыс істеуі үшін ұқсас термин енгізілуі мүмкін бе?

–Менің ойымша, біз ондай треш пен экстримне аулақ бола аламыз. Адамдар мен олардың пікірлері туралы әңгіме болғанда, мұндай шаралар дұрыс жұмыс істемейді. Қайталап айтамын: бұл заң жобасы саясат немесе цензура туралы емес. Ол кибербуллинг пен балаларды қорғауға бағытталған.

–Қазақстандық заңнама талабын орындаудан бас тартқан әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді бұғаттау қоғамдағы әлеуметтік кернеудің күрт артуына соқтырмай ма?

–Білесіз бе, кейінгі кезде мені бір ізгі, оңды үрдістің белең алғаны қуантады. Мемлекет пандемия кезінде күш жиды, қуаттанды, бойына сенім құйылды. Мемлекетіміз енді өзгелер ұсынған күн тәртібіне жай ғана ілесе бермей, оны саяси тұрғыдан өзі белсенді қалыптастыра бастады. Ол қолайсыз және ұнамсыз тақырыптарды жария етіп, өзіне жауапкершілік алуда. Кибербуллинг, азаматтардың құқығын қорғау шаралары жақын немесе жат "ағалардың" айтқанына еш алаңдаусыз, батыл түрде қабылдануға тиіс. Қажет болса, бұл үшін адамдармен сөйлесіп, мыңдаған кездесу өткізілуі керек. Бұл іс әлдебір абстрактілі заттар мен құбылыстарға емес, біздің балаларға қатысты.

Сыншылар алдымен өзіне өзі сұрақ қойсын: егер оның баласына желіде немесе мектепте қиянат көрсетілсе, мемлекет, полиция, сот оны қорғай алмаса, онда ол мұндай мемлекетке қандай көзқараста болады? Суицидтер және жан-жүрекке жарақат салу туралы айтпаймын да!

Бүкіл әлем интернетті "сыйқырынан", айналасындағы аңыздарынан айыруда, әлеуметтік желілерге арбалу да бірте-бірте өтеді. Демек, уақыт өте келе, біздің азаматтарымыз бір жайтты анық түсінеді: кезінде еркіндік пен демократияның құтқарушылары саналған интернет пен әлеуметтік желілердің өзі бүгінде тоталитарлық құрылымдар мен құралдарға айналып барады. Парацельс айтқандай, бұл әлемдегінің бәрі – шипа мен у. Тек кез келген нәрсе өлшемінен асып кетпегені абзал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу