Мәжіліс депутаты ашаршылыққа геноцид деп баға беруді талап етті

Берік Дүйсенбинов Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.  

Мәжіліс депутаты ашаршылыққа геноцид деп баға беруді талап етті

Большевиктердің тоталитарлық билігі ұйымдастырған қазақ жеріндегі ашаршылыққа ресми түрде "геноцид" деп құқықтық баға беру керек.

Парламент Мәжілісінің кезекті жиынында "Ақ жол" партиясының өкілі Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа осындай мазмұндағы депутаттық сауал жолдады. 

"Еліміздің Сыртқы істер министрлігі ашаршылық мәселесін геноцид ретінде халықаралық деңгейде (Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ, АҚШ Конгрессі, Европарламент) мойындату жұмыстарын бастауы керек деп ойлаймыз",  – деп жазылған депутаттық сауалдың мәтінінде.

Берік Дүйсенбинов зұлмат кезеңде қасқкөй жүйеге қарсы тұрған ерлердің әлі күнге "басмач" деген аттан ақталмағанын ашына айтты.

"Сол жылдары, өз елін, ауылын азапты ажалдан құтқарамын деп тоталитарлық, қанішер саясатқа қарсы, қарулы көтеріліс жасаған жүздеген  батырларымыз әліге дейін ақталған жоқ. Олар "басмач" деген мазақ аттан әлі арыла алмай жүр. Тарихшылардың деректері бойынша, қазақ даласында кемінде мұндай 300-ден аса көтеріліс болған. Елдің жадында Сарқан, Балқаш, Қазалы, Қарақұм, Ырғыз, Атбасар, Сарысу, Созақ, Адай, Шұбартау, Бостандық көтерлістері әлі күнге дейін сақталған. Аталарымыздан бізге жеткен естеліктер бойынша, бас көтерген қазақ руларын большевик әскерлері артиллериямен атқылап, қашып бара жатқан ауылдарды аэропланмен бомбалап, шекарада ұсталған қорғансыз босқындарды пулемётпен бала-шағасымен қоса, қойша кырған",  – деді депутат.

Мәжіліс өкілі кейінгі кезде қазақты қан-қасап қырғынға ұшыратқан Сталин кезеңін жағымды жағынан насихаттау белең алғанына наразылығын да білдірді.

"Соңғы жылдары, кейбір әлеуметтік топтарда, керісінше, сталинизмді қайта насихаттау басталды. Сол себептен, "Ақ жол" демократиялық партиясы елімізде декоммунизация ұстанымы мемлекетіміздің ресми саясатының бір бөлігі болғанын қалайды. Біз ондаған жыл бойы кірме үгіт-насихатпен өмір сүрген аға буынның көзқарасымен санасып, олардың Отанымыз үшін қосқан қажырлы енбегіне құрметпен қараймыз. Алайда өткен заман тәуелсіз ұлттың келешегіне бөгет емес, баспалдақ болуға тиіс. Қазақ елінің болашағын тоталитарлық идеология емес, жалпыадамзат өркениетіне бағытталған, келешектің ара-жігін ажырата білетін жаңа, Тәуелсіздіктің ұрпағы айқындауы қажет",  – деп түйіндеді Берік Дүйсенбинов. 

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу