VII шақырылымдағы Парламенттің төменгі палатасы және қазіргі басты заң шығарушы орган – Мәжіліс тарауға дайындалып жатыр. Әр фракция 2021 жылдан бергі (алдыңғы сайлау 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен) әр депутатының қызметінің қорытындыларын шығаруға кірісті.
Осыған орай депутаттардың көмекшілері алдағы дүйсенбінің тал түсінен кешіктірмей, тиісті есепті қалыптастырып, партиялық фракциялар басшылығына шұғыл тапсыруға міндеттелді.
Соның негізінде әрбір парламенттік партия іс басындағы депутаттарының жұмысын бағалап, рейтингін түзеді. Білуімізше, мысалы, билеуші партияның ең беделді, беткеұстар, жоғары рейтингілі депутаттары "Жаңа Қазақстан" тобына бірігуде екен.
Заң бойынша еліміздегі кез келген, соның ішінде Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауының өтетін күнін ел Президенті ғана тағайындайды. Халыққа әзірге жария етілмегенімен, ол меже шамамен белгілі болса керек. Сонда егер парламенттік дода таяу мерзімде өтетін болса, оған қанша партия қатыса алмақ?
Бұл сұраққа Әділет министрі Азамат Есқараев жауап берді. Сайлауға тек қана ресми тіркелген саяси партиялар қатыса алады.
"Бизнес сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміндегі мәліметтер бойынша 2023 жылғы қаңтардағы жағдайға сәйкес, Қазақстанда 6 саяси партия ресми тіркелген. Бұлар: 1. "Amanat" партиясы" қоғамдық бірлестігі; 2. "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігі; 3. "Қазақстанның халық партиясы" қоғамдық бірлестігі; 4. "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" қоғамдық бірлестігі; 5. "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы" республикалық қоғамдық бірлестігі; 6. "Байтақ" Қазақстанның жасылдар партиясы" қоғамдық бірлестігі", – деп жауап берді Әділет министрі.
Жалпы бұлардың қатарына тағы екі-үш партия қосылуы ықтимал.
Мысалы, таяуда "Respubliсa" партия ретінде тіркелуге таяп қалғанын хабарлады.
"Respubliсa партиясы 2023 жылғы 12 қаңтарда Әділет министрлігіне партияны тіркеу үшін құжаттардың соңғы топтамасын тапсырды. Дайындық барысында жақтастарымыздың 5 мың қолы жиналды. Бүкіл еліміз бойынша 1 мыңнан астам делегаттың басын қосқан құрылтайымызды өткізіп, оның аясында партия бағдарламасы мен жарғысы, сонымен қатар елімізді әрі қарай дамытудың бағыт-бағдары ұсынылды. Барлық дайындық кезеңдерінен өткен соң, ендігі кезекте біз партияның түпкілікті тіркелуін күтудеміз. Бұл бізге ресми түрде білек сыбанып, қарқынды жұмысқа кірісуге мүмкіндік береді. Біз әр өңірге барып, әрбір азаматтың көкейіндегі сұрақты тыңдап, еліміздің барлық негізгі мәселелеріне терең үңілуге тырысамыз. Осылайша, күрделі сұрақтардың ортақ шешімдерін бірге табатынымызға сенімдіміз", – деп мәлім етті "Respubliсa" партиясының бастамашыл тобы.
Негізі, былтырғы 19 желтоқсанда ақпарат құралдары сол кездегі Әділет министрі Қанат Мусиннің мәлімдемесіне сілтеме жасап, "Respublica партиясы тіркелді және парламенттік сайлауға қатыса алады" деп жариялап жіберген болатын.
Бірақ мұның әлі болмаған оқиға, асығыс ақпарат екені белгілі болып отыр. Әділет министрлігінің баспасөз қызметі ол партияны тіркеу процесі әзірге аяқталмағанын нақтылады.
"Respublica" партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров болатыны көрсетілген, ал теңтөрағалары лауазымына блогер Бейбіт Әлібеков, Сырымбек Тау, Руслан Берденов, Максим Барышев, Динара Шукижанова, Қуаныш Шонбай және Нұрлан Қоянбаев бекітіліпті.
Ресми мәлімет бойынша тағы бірнеше партия тіркеуге өтініш берген. Олардың арасында "Алға Қазақстан", "Ел тағдыры" бар.
Қазақстанда 2023 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша ресми тіркелген партиялар:
1. "AMANAT" партиясы. Партия төрағасы – Мәжілістің төрағасы Ерлан Қошанов. 1999 жылғы 19 қаңтарда Президенттікке кандидат Н.Назарбаевты қолдаған қоғамдық штаб негізінде сол жылғы 12 ақпанда – "Отан" республикалық саяси партиясы" ретінде тіркелді. 2022 жылғы 1 наурызда "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXII съезінде партия "AMANAT" деген жаңа атауға ие болды. Ал партияның 2022 жылғы 26 сәуірдегі XXIII съезінде "AMANAT" партиясының құрамына "ADAL" партиясы қосылды.
2021 жылғы сайлау нәтижесінде партия Мәжілістегі 76 мандатқа ие болды. Партияның сайтында оның қазір қанша мүшесі бары туралы ақпарат табылмады. Уикипедия электронды энциклопедиясының дерегінше оған 835 мыңнан астам адам мүше.
2. "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы. Партия төрағасы қазіргі Мәжілістің депутаты Азат Перуашев.
Партия 2002 жылғы 3 сәуірде әділет органдарында тіркеуге тұрды.
2021 жылғы сайлау қорытындысы бойынша 12 мандат алды.
Партияның ресми мәліметінше, "Ақ жол" ҚДП-ның облыс орталықтарында және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 17 филиалы, Жезқазған, Семей қалаларында 2 өкілдігі бар. Партия мүшелерінің саны 255 800 адамды құрайды (2020 жылғы желтоқсан айына). Оның ішінде 64% – ерлер, 36% – әйелдер. Жастар партия санының 11%-ын құрайды.
3. Қазақстанның халық партиясы. Партия 2004 жылғы 13 сәуірде Қазақстанның коммунистік партиясының екіге жарылуы нәтижесінде пайда болды. Жаңа коммунистік партия құру идеясы Қазақстан компартиясының орталық комитетінің 12 мүшесіне тиесілі. Олардың көзқарасы ҚКП ОК бірінші хатшысы С.Әбділдиннің ұстанымына қайшы келіп, олар орталық комитет құрамынан шыққан. Жаңа партияға компартияның шамамен 15 мың мүшесі ауысты.
2022 жылғы 28 наурыздағы партияның XIX кезектен тыс съезінде ҚХП төрағасы болып, 12 жыл бойы бірінші Президенттің кеңесшісі қызметін атқарған белгілі саясаткер, саяси ғылымдардың докторы Ермұхамет Ертісбаев сайланды. ҚХП парламенттік фракциясының бұрынғы басшысы, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров төрағаның бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Партия 2021 жылғы соңғы парламенттік сайлауда Мәжілістегі 10 мандатқа ие болды. Мүшелерінің саны 100 мыңнан көп.
4. "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы. Партия төрағасы – Сенат депутаты Әли Бектаев.
Партия 2002 жылғы 1 наурызда тіркелген. 2021 жылғы Мәжіліс сайлауында 7 пайыздық межеден өте алмауы (5,29% дауыс жинады) салдарынан мандат иелене алмады. 2021 жылы өткен облыстық, қалалық және аудандық маслихат сайлауында 237 мүшесі жеңіске жетіп, "Ауыл" партиясы жергілікті өкілеттік органдағы аясын кеңейтті. Сол жылы партияның 32 кандидаты ауыл әкімі болып сайланды. Өзінің ресми мәліметі бойынша партия қатарында 300 мыңға жуық адам бар, өңірлерде 894 бастауыш партиялық ұйымы жұмыс істейді.
5. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Партия төрағасы 39 жасар саясаткер Асхат Рақымжанов.
Партия әділет органдарында 2007 жылғы 25 қаңтарда ресми тіркелді.
"2019 жылы 26 сәуірде ЖСДП 14-ші съезінің делегаттары Ж.Тұяқбайдың партия төрағалығы, қызметінен кетуіне байланысты дауыс берді. Ол: "Мен уақыт талаптарына сай, партияға жаңа серпін беру мақсатында, толғана отырып, осындай шешімге келдім" деп түсіндірді. Жармахан Тұяқбайдың ұсынысымен төрағалыққа публицист Ермұрат Бапи сайланды. ...2019 жылы 6 қыркүйекте ЖСДП-ның 15-ші съезінде делегаттар Е.Бапиды төрағалықтан алып тастауға дауыс берді. Партияластардың оған қойған басты айыбы: "партияның дербестігіне және социал-демократиялық сипатына нұқсан келтіретін волюнтаристік шешімдер қабылдауы" болды. ЖСДП төрағалығына осыған дейін астаналық филиалдың жетекшісі болған Асхат Рахимжанов сайланды", – деген түсініктеме береді партияның ресми сайты.
Партияның өз дерегінше, 160 000 мүшесі бар. ЖСДП 2021 жылғы парламенттік сайлауға бойкот жариялап, қатысудан бас тартты.
6. "Байтақ" Қазақстанның жасылдар партиясы. Партия төрағасы – Азаматхан Әміртай. Партия 2022 жылғы қарашада тіркелді.
Бастамашылар арасында – қоғам және саяси қайраткерлер Ирак Елекеев, Дос Нұр-Ахмет, Азаматхан Әміртай, Виктор Сейпульник бар.
Партияның өз дерегінше, оған 30 мыңнан астам қазақстандық мүше.
Таяуда өтеді деп күтіліп отырған парламенттік дода аралас сайлау жүйесі негізінде өтеді. Қарапайым тілмен айтқанда, Мәжіліс депутаттарының партиялық тізімдер бойынша – 70%-ы, өзін өзі ұсынушылар қатыса алатын бір мандатты округтер бойынша – 30%-ы сайланады.
Ал өңірлердегі мәслихаттар депутаттарының құрамы партиялық тізімдер бойынша – 50%, бір мандатты округтер бойынша 50% қалыптастырылады. Аудандық мәслихаттар толығымен, 100% бір мандатты округтер арқылы сайланады. Бірақ партиялар да бір мандатты округтерде өз кандидатын ұсынып, ілгерілете алады.
Бақыт Көмекбайұлы