Медбикенің жалақысы 1 миллион теңгеге жетті: рас па, фейк пе?

13294

Министр Цойдың сөзін медицина қызметкерлері жоққа шығарып отыр.

Медбикенің жалақысы 1 миллион теңгеге жетті: рас па, фейк пе?

ОКҚ-да денсаулық сақтау министрі Алексей Цой брифинг өткізгенде, ДСМ соған қатысқан журналистерге сенсациялық мәлімет таратты. Оған сенсек, пандемия кезеңінде ақ халатты абзал жандардың ай сайынғы табысы 1–2 миллион теңгеге дейін жетіпті. 

Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 індетімен күреске тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау үшін республикалық бюджеттен жалпы сомасы 196,5 миллиард теңге қаражат бөлді. Неге екені белгісіз, оның бәрі медицина қызметкерлеріне тимепті.

Атап айтқанда, биылғы наурыз-қыркүйек аралығында 3 тәуекел тобына "ынталандыру төлемдері" жалпы сомасы 84,6 млрд теңге көлемінде ғана төленді. Наурызда – 3,9 млрд теңге 23,1 мың қызметкерге, сәуірде – 8,2 млрд теңге 47 мың қызметкерге, мамырда – 9,3 млрд теңге 44,3 мың қызметкерге, маусымда – 13 млрд теңге 57,2 мың қызметкерге, шілдеде – 25,4 млрд теңге 82,7 мың қызметкерге, тамызда – 17,2 млрд теңге 69,5 мың қызметкерге, қыркүйекте – 7,6 млрд теңге 36,6 мың қызметкерге берілген. Қазанда – 39,9 мың қызметкерге 8 млрд теңге, қарашада – 38 мың қызметкерге 7,5 млрд теңге төлемдер жүргізілді.

Бұл – ресми ақпарат. Бірақ соның өзінде ондағы қызметкерлер санының сан құбылуының өзі күмән-күдік тудырады. Өйткені А.Цойдың айтуынша, елде эпидемиологиялық жағдай күн сайын ушығуда. Ал төлем көлемі керісінше, азайып барады.

"Қазақстанда КВИ-ге қатысты эпиджағдай қиындай түсуде. 27 қарашадағы мәлімет бойынша 129 213 науқас COVID-19 жұқтырған және 41 756 адамнан КВИ-пневмония анықталды. Қауіпті 5 өңірде қатаң шектеу шаралары енгізілді: ШҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстары "қызыл аймақта" тұр. Елде қазанмен салыстырғанда қараша айында КВИ-ге шалдыққандар 3,7 есе өсті", – деді министр.

ДСМ індетпен күресуші медиктерді қалай қолдап жатқаны жөнінде керемет дерек келтірді: "мысалы, Алматы қаласының Инфекциялық стационары дәрігерінің орташа айлық жалақысы бұрын 250 мың теңгені құраса, биылғы наурыз-қыркүйек аралығында 1,7 миллион теңгеге жетті. Яғни, пандемия кезеңіндегі үстемеақы 7 айда – 6 млн теңге. Инфекциялық стационар медбикесінің орташа айлық жалақысы 153 мың теңгені, ал наурыз-қыркүйек айлары аралығында 1 млн теңгені құрады. Инфекциялық стационар мейірбикесінің 7 айдағы жалақысы үстемақыны есепке алғанда 7 млн теңгені құрады, бір айда орташа есеппен 1 млн теңге болды".

Министрліктің мәліметінше, Инфекциялық стационар санитарының орташа айлық жалақысы бұған дейін 126 мың теңге болған екен. Биылғы 7 айдағы жалақысының жиыны үстемақыны есепке алғанда 6,8 млн теңгеге, яғни бір айда орташа есеппен 971 мың теңгеге жетіпті.

Күрескер-дәрігерді жәбірлегеннен не ұтпақ?

Бәлкім, "Алматыдағы инфекциялық стационардағылар" осынша алған да шығар. Бірақ коронавируспен күресуші медицина қызметкерлерінің үлкен бөлігі ешқандай үстемеақы алмағанына, ал "лас аймақта" істейтіндері – тиісті қаражаттың бір бөлігі ғана қолына тигеніне шағымдануда. Кейбір аурухана басшылары жемқорлыққа жол берген. Олардың ісін құзырлы органдар қарауда.

Сала маманы Екатерина Листопаднаяның айтуынша, мамандардың жетіспеуіне байланысты шұғыл стационардың қабылдау бөлмесіндегі "фильтрде" істейтін медициналық қызметкер негізгі жұмысы сыртында провизорлық стационардағы (екінші "жоғары тәуекел") жұмысты 0,5 ставкамен қоса істеуге мәжбүр болыпты. Алайда оған үстемеақы төленбей қойған: емхана не фильтрдегілерге үстемеақы қарастырылмаған. Оның мәліметінше, қазіргі кезде министрлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы төлеу бойынша тексерістер жүргізіп жатыр. Содан есепшілер "бюджет қаражатын тиімсіз жұмсады, талан-тараж етті" деп қылмыстық бапқа ілігіп кетпеу үшін әртүрлі сылтаумен төлемеуге бейім тұрады.

"Рудный қалалық көпбейінді аурухананың" эпидемиолог-дәрігерлеріне төленген үстемеақы тексеріс қорытындысында "негізсіз" деп танылып, кері алып қойылып жатқан көрінеді.

"Елде биыл коронавирус инфекциясының таралуына байланысты төтенше жағдай, карантин енгізілді. Инфекция елге кең жайылмауы үшін күш салдық. Қостанай өңірінде де карантиндік, провизорлық, инфекциялық стационарлар жаппай құрылды, оларда медициналық мамандар тәулік бойы еңбек еттік. 2 сәуірден бастап COVID-19 жұқтырған адамдар шетелден елге оралып жатты. Барлық шешімдер шұғыл қабылданды, әйтпесе бүкіл Рудный КВИ-ге шалдығатын еді. Біз, қалалық көп бейінді аурухананың эпидемиологтары Дүйсембаев, Неазбекова, дезинфектор Ержанова, рентген-лаборант Жайлыбаев, Дарбаев, Мадина, Еременко, Флорина, Мазукаева, Иришкина, Кемешева Қаржы министрлігінің мемлекеттік аудиті анықтаған бұзушылықтармен келіспейміз", – дейді министрге шағымында дәрігерлер.

Аудиторлар аурухана мамандарына инфекциялық стационарда КВИ-мен күрескені үшін үстемеақы артық есептелген деп таныпты.

"Неге ондай байламға келгенін түсінбедік. Біз қызметтік нұсқама бойынша жалпыауруханалық штаттағы дәрігер саналамыз, тиісінше, тәуекелдің бірінші тобына жатамыз. Қостанай облысы бойынша мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына және облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешіміне сәйкес, медициналық ұйымдардың жаңа жұмыс режимі бекітілді, біз соған бағындық, қызметімізді мүлтіксіз атқардық. Аудиторлар Р.Мақжанова мен Б.Қалиева бізді тәуекелдің 3-ші төмен тобына жатқызыпты. Ал біз, инфекциялық стационардың дәрігерлері тәуекелдің жоғарғы 1-ші тобына жатамыз ғой. Госпиталь эпидемиологы міндетін атқарудамыз", – деп налиды дәрігер Салтанат Неазбекова.

Алдағанды бала да ұнатпайды. Оның қасында өз еңбегін адал атқарған білдей маманды алдаған жөн емес. Бюджетті үнемдеудің басқа жолдары жетеді. "Қызыл аймақтағы" ШҚО-ның Үржарындағы аурухана қызметкерлері де наразылық білдіріп, видеоүндеу жазып, шу шығарған.

Айтқандай, министр А.Цой үстемеақы төлеу биылғы желтоқсанмен аяқталатынын мәлімдеді. Пандемия болса, аяқталмайтын түрі бар. Сонда көңілі қалған, налыған мыңдаған дәрігердің ауруханалардан кете бастауына Цой мырза қалай тосқауыл қояр екен?!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу