Медициналық маскаға қатысты алаяқтық оқиғалары көбейді

4624

Қазіргі заманның ең қажет тауары алдау схемалары үшін қолданылуда, деп жазады Inbusiness.kz.

Медициналық маскаға қатысты алаяқтық оқиғалары көбейді

Қазақстандықтар бетпердені қайтадан үлкен көлемде сатып ала бастады. Бұған науқасты тек иіс және дәм сезуден ғана емес, сондай-ақ есту қабілетінен де айыратын, жұқпалылығы 60%-ға жоғары, аса қауіпті "үнді штамының" (ДДСҰ оны "Дельта" атайды) елімізге енуі себеп болса керек.

Сонымен бірге, азаматтар маска сатып алу нағыз "лотереяға" айналып кеткеніне қапаланады. Себебі, қайсысынан ұтатыныңыз белгісіз: маскалардың бір партиясының ілмек-бауы тым қысқа болып, құлақты қырқып жіберердей азапқа салады. Енді кейбір бетперделердің бауы бірден үзіліп қалады.

"Арзанға түсетін болған соң, мен бірнеше жеткізушіден бірер пакет бетпердені электронды дүкеннен, ресейлік Wildberries-ден сатып алдым. Бірақ сол үшін өкіндім. Өйткені барлығында дерлік өнім ақаулы болды. Мысалы, кейбірінің тіпті мұрынды қысатын фиксаторы жоқ. Бір топтамада тек сыртқа қарағандары ғана жаңа өнім көрінеді, ал іші лас, кір маскаларға толы. Жерде жатқан сияқты. Жұрт: "кейбір қаскүнемдер қоқыстан маска жинап, үтіктеп, қайта сатады екен" деп жүр. Рас болса керек. Бірқатар масканың жағымсыз, күлімсі иісі шығады. Зең басқан сияқты", – дейді қала тұрғыны Елизавета Гинзбург.  

Ал нұрсұлтандық кәсіпкер, төл компаниясының директоры әрі құрылтайшысы Дмитрий Власов маскаға бола, ондаған миллион қаражатынан айырылғанын айтады. Бұл оқиғаға байланысты Алматы қаласында Жетісу аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 190-шы бабының 4-бөлімінің 2-тармақшасы (аса iрi мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғап, қарауда.

Мәселенің мәнісіне тоқтала кетсек, Гүлмаржан Қ. мен Валерий П. әлдебір "делдалдар" елордалық "Baxcom" компаниясының директорына шығады. Бұл компания тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудалаумен және жеткізумен айналысады. Содан 2020 жылғы қыркүйек пен қазан айлары аралығында бұл екеуі нұрсұлтандық фирмаға Алматыға арзандау бағамен медициналық бетперде жеткізуді ұсынады. Әңгіме 1 миллион бірлік бетперде сату жөнінде болғандықтан, келісім қызығушылық тудырған. Оның арты неге соғатынын аңдамаған, жаман ойламаған кәсіпкер келісе кетеді.  

Делдалдардың хабарлауынша, олар осы өнімді жеткізу жөнінде бір зауыттан ірі тапсырыс алған.

Мәмілені жүзеге асыру үшін нұрсұлтандық кәсіпкер Валерий П. басқаратын ЖШС-мен медициналық маска жеткізу туралы келісім бекітеді. Мәмілеге сәйкес, Д.Власов әлгі ЖШС-ге 25 миллион теңге тұратын 1 миллион бетперде жеткізуге міндеттеме алады.

"Мәміле шарттары бойынша бетперденің бүкіл партиясын алғаннан кейін Валерий П. тауар құнының жартысын, 50% ақысын төлеуге тиіс. Қалған соманы 20 күн ішінде аударады. Мен міндеттемемді орындап, 2020 жылғы 15 қыркүйекте алматылық ЖШС қоймасына 500 мың маска жөнелттім. Оны қоймаға қабылдап алуға Гүлмаржан Қ. және Валерий П. қатысты. Ізінше Валерий тауардың қалған партиясының жеткізілуін күтпей-ақ, ақысы әлі төленбеген 500 мың бетпердені түн ішінде алып кеткен. Осылайша, 12,5 миллион теңгенің тауарын ұрлаған. Өз әрекетін ол аталған тауарға әлдебір жеке тұлғадан сұраныс түскенімен түсіндіреді. Ал Гүлмаржан өзін де Валерийдің алдап кеткенін алға тартты", – дейді кәсіпкер.

Бірақ оқиға мұнымен аяқталмаған. Өз айыбын "жуып-шаю" үшін әйел қалған партияны сатып беру қызметін ұсынады. Бұған сенген "Baxcom" басшысы Гүлмаржанның "Біржан" жеке кәсіпкерлігімен келісімге отырады. Жаңа мәміле бойынша компания оған 650 мың масканы 16,9 миллион теңгеге өткізуге тиіс. Артынша тағы 500 мың бетпердені 10 миллион теңгеге жеткізу туралы қосымша келісім жасасқан.

Елордалық бизнесменнің көзін жеткізу үшін Гүлмаржан Қ. WhatsApp арқылы "ірі тапсырыс берген зауытпен" арадағы тендер келісімшартының көшірмесін, сондай-ақ зауыттың ақша аударғаны туралы банктік қолхат қағаздарын жіберген екен.

Содан 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында жалпы сомасы 26,9 миллион теңгеге бағаланатын тауар толық көлемде жеткізіледі.

"Бұдан кейін Гүлмаржан әртүрлі сылтау айтып, тауар ақшасын беруді ұзатты. 2020 жылғы қазанда тауар ақысын алу үшін Алматыға келуім керектігін хабарлады. Алматыға барғанымда, ол есепшотының бір жыл бұрын бұғатталғанын, сондықтан банк аударылған қаражатты зауытқа кері қайтарғанын айтып, ақталды. Енді жаңа есепшот ашуға уақыт кететін көрінеді. Сонда тауар үшін ақы сол шотқа түседі. Ары қарай күтуге шама жоқ, аталған зауытқа өзім хабарласып, мән-жайды білдім. Зауыт басшысы "Біржан" ЖК-мен келісім бекітпегенін, мен көрсеткен құжат та, банктің қолхат қағазы да жалған екенін түсіндірді. Құжаттарды банкке де жолдадым, олар ішкі тергеп-тексеру жүргізе келе мұндай құжатты банктің бермегенін мәлімдеді. Яғни, Гүлмаржан да, Валерий де жалған құжаттарды алаяқтық жасау үшін пайдаланған. Олар 39,4 миллион теңге ақшамды алдап алды", – деп қапаланады Д.Власов.

Оқиғаның одан арғы жалғасы да көңілсіз. Енді жәбірленушіні полицейлер сергелдеңге салған.

"Тергеу барысында Гүлмаржан Қ. тауарды алғанын да, жалған құжаттарды пайдаланғанын да жасырмады, ашық мойындады. Сөйтіп, ол маған 1 млн теңгемді өз еркімен қайтарып берді. Алайда күдіктілердің барына және ақша ұрлау қылмысының айқындылығына қарамастан, тергеу әлдебір анықталмаған тұлғаларды іздеумен айналысуда. Гүлмаржанға жалған құжаттарды солар табыстаған-мыс. Бірақ Гүлмаржанның өзі бұл әрекеттерді Валерий екеуі жасағанын айтты. Салдарынан, фигуранттардың ешқайсысы келтірілген шығынын өтемеді. Тергеу іс-қимылдарына екеуі де қатыспайды. Мысалы, 2021 жылғы 10 ақпанда менің сұрауыммен көзбе-көз беттестіру тағайындалды. Оған Гүлмаржан келмеді. Сол себепті кейінге қалдырылған. Бірақ келесі жолы да келмей қойды", – дейді елордалық кәсіпкер.

Тергеушінің екі күдіктіні мәжбүрлеп келтіру туралы рапорты орындалмай қалған. Ақыры биылғы 9 сәуірде істі тергеу доғарылады. Оны тоқтатуға не негіз болғанын бизнесменге түсіндірмепті.

Бұл деректі Алматы қаласының Жетісу ауданының полиция басқармасы растады. Кәсіпкердің өтініші бойынша былтыр алаяқтық дерегіне сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. 

"Анықталғанындай, "Вахсоm" ЖШС мен "Продвижение статус плюс" ЖШС арасында 12,5 млн теңге сомаға 500 мың бірлік маска сатып алу-сату келісімшарты жасалған. Бұдан бөлек, "Вахсоm" ЖШС мен "Бекжан" ЖК арасында 650 мың бірлік масканы 16,9 млн теңгеге сатып алу-сату келісімі бекітілген. "Вахсоm" компаниясы өз міндеттемелерін толық көлемде орындады. Алайда "Продвижение статус плюс" ЖШС мен "Бекжан" ЖК өз міндеттемелерін орындамады. 2021 жылғы 9 сәуірде тергеу ісі тоқтатылды. Дегенмен, министрліктің нұсқауы бойынша 2021 жылғы 11 мамырда қылмыстық іс қайта жандандырылды", – деген түсініктеме берді полиция басқармасы.

ІІМ Алматы қаласының полиция департаментіне қажетті жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп, іс бойынша барлық жағдайды жан-жақты әрі толыққанды зерделеуді жүктепті.

Қазақстанды жайлаған пандемия және дағдарыс кезеңінде алаяқтық өршіді, келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамау жаппай сипат алды. Осы заманда бизнес жасау күн сайын күрделеніп барады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу