Қазақстан медициналық масканы Ресейден тасуы мүмкін

3072

Азаматтар қорғаныш құралдары үшін дәріхана жағалауға кірісті.

Қазақстан медициналық масканы Ресейден тасуы мүмкін

Елде 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге орайластырылған бұқаралық ірі шараларға тыйым салынғанда, тіпті бұған дейін күмәнданған қазақстандықтардың өзі іргедегі Қытайдан тараған індеттің аса қауіпті екенін түсінді. Әйтпесе, наурыз айы келісімен Kovid-19 таралуы тоқтайды деген болжамдар болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем қауымдастығын эпидемияға емес, енді одан да алапат пандемияға дайын болуға шақырды. Бұл туралы жаһандық ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус Женевадағы брифингте мәлімдеді. Әсіресе, ҚХР-дан тыс жерлерде кеселдің өршуі алаңдаушылық тудырып отыр.

"Қазақстан бұған тіптен де дайын еместей. Малайзиядағы шәкіртіммен тілдестім, ол көшеде әр қадам басқан сайын адамдарға арналған зарарсыздандыру құралдары тұрғанын, медициналық қорғаныш құралдары азаматтарға тегін таратылатынын айтады. Ал бізде тіпті мектептің өзіне ата-аналар ақша жинап, оқушылар ең болмаса қолдарын дезинфекцияласын деп, өз бетімізше санитайзерлер сатып алуға тура келді, – дейді профессор Бейбіт Сұңқар.

Ал алматылық Эльмира Рустамова дәріхана атаулыны адақтап шығып, қарапайым маска таба алмаған.

"Алматы дәріханаларында не себепті маска жоғалып кеткені белгісіз. Дәріханашылардан сұрасақ, жеткізушілер әкелуді қойды дейді. Әлден жоқ, эпидемия басталғанда не істейді? Әлде әдейі жасырып ұстап, індеп жайылғанда 10 есе қымбатқа сатпақ па?" – дейді ол.

Қоғам белсендісі Салима Маулетханқызы қала басшылығын олқылықты түзеуге дереу араласуды сұрады.

"Алматыда барлық дерлік дәріханаларда және көтерме сауда компанияларында бір реттік пайдаланылатын маска қалмаған. Мен бір апта бойы барлық дәріханаларды аралап, жаппай қоңырау шалып жатырмын. Қарапайым халық қарапайым қорғаныш затынан айрылды", – дейді Салима Маулетханқызы.

Алайда бұл проблеманың барын қала әкімі жоққа шығарды. Бақытжан Сағынтаев медициналық маскалардың тапшылығын болдырмау мақсатында Алматының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қала дәріханаларына тұрақты мониторинг жүргізіп жатқанын хабарлады.

"Бүгінде мегаполисімізде бір реттік маска көлемі жеткілікті. Медициналық мекемелерде 2 миллионнан астам данасы бар. Тағы 1,3 миллионы резервте тұр. Егер сауда орындары баға бойынша өзара ымыраласып, жасанды түрде дүрбелең туғызатын болса, қала билігі оларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдайды", – деді өз блогында Бақытжан Сағынтаев.

Медициналық маска жетіспесе немесе бағасы қымбаттап кетсе, алматылықтар +7 (727) 382-3536, 382-3350 нөміріне хабарласуы керек.

Осындай проблемаға елордалықтар да жолыққан. Щучинск тұрғыны Эльдар Савченко да таппапты: "Провизордан сұрасам, Қытайға әкетіп жатыр деді. Ол жақта өте қымбатқа өткізуге болатын көрінеді".

Бірақ кәсіпкерлер бұл ақпараттың қате екенін айтады.       

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағынан жеке қорғаныш құралдарын – респираторларды, қорғаныш көзілдіріктерін, I-II типті обаға қарсы қорғаныш костюмдерін, бір рет қолданылатын қорғаныш костюмдерін, медициналық маскаларды, медициналық халаттар мен қолғаптарды шетелге әкетуге тыйым салды.   

"Бұл тыйым негізінен Қытайға бағытталған. Қазіргі кезде Қазақстанның кеден органдары шекарада және әуежайларда елімізде жасалған медициналық бұйымдарды, бірінші кезекте, маскаларды экспортқа шығаруға декларация рәсімдеуге тыйым салып жатыр. Бұл отандық өндірісті, шағын және орта бизнестің қызметін шектеу емес пе? Неге мемлекет бұған дайын болмаған? Кәсіпкерлікті қолдау бойынша қаптаған қорлар, банктер қайта қорғаныш құралдарын үлкен көлемде шығаруы үшін өндірушілерді қосымша қаржыландыруға жұмылуы тиіс. Ондай тегеурін қимыл байқалмайды. Нарықта осы өнімге орасан сұраныс туып отыр ғой! Текке экспортқа шектеу қойғанша, керісінше, өндірісті еселеп арттырып, Қытай нарығын ен жайлауға болады. Үкімет дәл қазір барлық медициналық бұйым жасайтын отандық өндірушілерді жиып, резервінен қаржы бөліп, мемлекеттік деңгейде осы істі дөңгелентіп әкетуі керек", – дейді кәсіпкер Сәбит Қожаметов.

Нұр-Сұлтан қаласының көтерме саудасының жетекші компанияларының бірі Belaya Roza еуразиялық одақ елдерінен медициналық маска әкелуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Басқа өнімдерге маманданған көтерме саудагерлер де ЕАЭО 9018906000 тауарлық номенклатурасына жататын осы тауарды шетелден молынан тасуға ден қоюда.

Астана тұрғыны Қайрат Әлімбаев бизнесмендер де елге қайырымдылық жасап, бағаны құрықтағаны жөн дейді.

"Қауіпті індет әлемді жайлауда. Өкінішке қарай бірқатар дәріханалар мен кәсіпкерлер маска, қолғап, халат, тіпті бахиллалар бағасын көтеріп жіберді. Мысалы, Нұр-Сұлтандағы жетекші көтерме сауда компаниясы билік үшін интернет ресурсында бір бағаны көрсетіп қойған, ал тапсырыс берушілерге басқа, 2-3 есе қымбат бағаны хабарлайды. Мысалы, сайтында маска-респиратор 345-460 теңге тұратыны жазылған. Ал тапсырыс қабылдап, өңдеу кезінде оның әр бірлігі 1000 теңге тұратынын жеткізеді", – дейді Қ.Әлімбаев.  

Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті медициналық бетпердені сату ауқымы еселеп артқанын растады.

"Алайда отандық өндірушілер маска өндіру үшін қажетті материалдар тапшылығына кезігіп отыр. Біздің комитет бөлшек және көтерме сауда орындарындағы маска қорына күн сайын мониторинг жүргізуде. Мониторинг бөлшек саудада белгілі бір көлемде ғана медициналық маска барын көрсетті. Осыған байланысты тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету және өндірістің үздіксіз қызметін үйлестіру үшін облыстар мен қала әкімдеріне қазақстандық өндірушілермен бірлесіп жұмыс істеу жүктелді. Дайын өнімнің шетелге шығарылуына жол берілмейді. Маска бағасын ұстап тұру бойынша медициналық қауымдастықтармен меморандумдар бекітілді", – деді комитет.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу