Коронавирус: әлем бойынша 21 наурыздағы соңғы жаңалықтар

3901

АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенстің қызметкері ауруға шалдыққаны анықталды. Ресми мәліметке сүйенсек, науқас Дональд Трамппен де, Майкл Пенспен де тікелей қарым-қатынаста болмаған. Covid-19 пандемиясына байланысты Гондураста коменданттық сағат жарияланды.

Коронавирус: әлем бойынша 21 наурыздағы соңғы жаңалықтар Фото: Максим Морозов

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар 

Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы күнге дейін вирусты 81416 қытайлық жұқтырған. Оның 3261-і қаза тапқан (төртеуі Гонконгте, екеуі Тайваньда). 71876 кісі аурудан айыққан. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны 16400-ға жеткен. Оның 8000-нан астамы ажал құшқан құшты. Вирус әлемнің 160-тан астам еліне таралып кеткен. 

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 53 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 22-сі – Алматыда, Алматы облысында – 1 адам, 28-і –Нұр-Сұлтанда, 2-еуі – Қарағандыда.

16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. Ал 19 наурыздан бастап осы екі қала карантинге жабылды.

Басқа елдердегі жағдай

Құрама Штаттардың вице-президенті Майкл Пенстің қызметкері ауруға шалдыққаны жарияланды. Ресми мәліметке сүйенсек, науқас Дональд Трамппен де, Майкл Пенспен де тікелей қарым-қатынаста болмаған. Еуропадағы 35 америкалық сарбаздан вирус анықталды. Нью-Йорктегі науқастардың саны 5000-нан асқан.Жалпы, елдегі науқастардың саны 18000-нан, қаза тапқандардыкі 220-дан асты. Осы орайда Құрама Штаттар бірқатар елдің азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатып тастады. 

Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 253-ге жетіп,бір адам қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, науқастар індет өршіп тұрған елдерден келген. Олар ауруханадағы арнайы бокстарға жатқызылды.

19 наурызда ресейлік ғалымдар коронавирус геномын анықтады. Медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Лиозновтың айтуынша, генетикалық сараптама вирус эволюциясын болжауға және вакцина жасауға зор септігін тигібек. Бұл мәлімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен жаһандық зерттеу топтарының деректер базасына жіберіледі. Жергілікті билік 18 наурыз бен 1 мамыр аралығында шетелдіктердің елге келуіне шектеу қойды.

Қырғызстанда тағы 6 кісі ауруға шалдығып, науқастардың саны 12-ге жетті. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Қазір олардың барлығы тиісті ем қабылдап жатыр. 19 наурыздан бастап жергілікті билік шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салды. 

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 8700-ден асқан, оның 2600-дан астамы жазылды. 102 кісі қаза тапқан. 

Италияда науқастардың саны 47000-нан асты, оның 4032-сі қаза тапқан.

Осы аптада жергілікті ғалымдар ауруға қарсы вакцинаны сынақтан өткізеді. Егер де сынақ сәтті өтсе, күзде препаратты адамдарға еге бастайды. Ел шекарасы 14 күнге жабылды. Қытайлық дәрігерлер Италия билігінің індетпен күресте жүргізіп жатқан шараларын жеткіліксіз деп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Италиядағы халықтың 23 пайызы – жасы 65-тен асқандар. Коронавирус кесірінен қайтыс болғандардың осы елде басқа еуропалық елдерге қарағанда көп болуы осыған байланысты деп отыр мамандар.

Иранда аурулардың саны 19600-ден асып,оның 1433-і ажал құшты. 6745 кісі ем-дом қабылдап жазылды. 

Испанияда вирусты жұқтырғандардың саны 19980-ге жетті, шамамен 1000 адам қайтыс болған. 

Гондурас билігі 29 наурызға дейін елде коменданттық сағат жариялады. Тек азық-түлік сататын дүкендер, дәріханалар, азық-түлік және дәрі өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейтін болды. Бұл елде вирус жұқтырғандардың саны 24-ке жеткен.

Бұған дейін қытайлық ғалымдар "Фавилавир" деп аталатын препаратқа клиникалық зерттеу жүрзізуді аяқтады. Бұл – коронавирус жұқтырғандардың қызуын басатын дәрі. Елдегі "Жэньминь жибао" басылымының дерегіне сүйенсек,  препаратты қытайлық Zhejiang Hisun Pharmaceutical компаниясы жасайды екен. Зерттеушілер оның науқастарға тигізер зияны жоқ екенін анықтады.  

Ал 17 наурызда АҚШ-тың Kaiser Permanente Washington Research институтында  коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіле бастады. Бір ай бойы ғалымдар 45 еріктіге препаратты екі мәрте егіп, олардың денсаулығын бақылайтын болады. Ал Жапонияда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандарды "Авиган" деп аталатын дәрімен емдей бастауы мүмкін.

Еске сала кетсек, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус індетін пандемия деп таныған болатын. Қазір ұйым ауру симптомдары жасырын адамдардан вирустың қалай жұққанын зерттеп жатыр. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу