Коронавирус құрсауындағы екінші күн: Біртановтың "Б" жоспары қалай жүзеге асып жатыр?

2516

3 министрдің мойнына үлкен міндет артылып отыр.

Коронавирус құрсауындағы екінші күн: Біртановтың "Б" жоспары қалай жүзеге асып жатыр?

Қытайдың жабайы базарынан тұтанған коронавирустың жалыны Қазақстанды да шарпыды. Кеше анықталған 4 науқастың қатарын бүгін екі отандасымыз "толықтырды".

Күн бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде коронавирус жұқтырғандар саны 5 адамнан асса, "А" жоспарынан "Б" жоспарына көшетіндерін айтқан. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында әлеуметтік салаға жауапты үш министрліктің басшылары аталмыш "Б" жоспары қалай іске асатынын түсіндірді.

13 қыркүйектен бастап елдегі мектептер мерзімнен бұрын каникулға кетеді деген ақпарат тарағалы, ондағы педагогикалық ұжымға қайтпек керек деген сауал туындаған болатын.

 Мұғалімдер үйден жұмыс істейді

Мерзімінен бұрын жарияланған каникул мұғалімдерге үйден жұмыс істеуге мүмкіндік туғызып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылыми министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

 "Білім және ғылым салаларында алдын алу шаралары қабылданды. Білім және ғылым министрлігінің тиісті бұйрығы шықты. Жалпы елімізде 7300 мектеп бар. Сол мектептердің жұмыстарын каникулға ертерек шығардық. 16 наурыздан 5 сәуірге дейін каникул жалғасады. Каникул кезінде мұғалімдердің мәселесі бар. Мұғалімдерге үйлерінде болып, үйлерінен қашықтықта жұмыс жасауға болады. Біз осыны ұсынып, барлық білім беру бөлімдеріне және мектеп директорларына осы ақпаратты жеткіздік", – деді министр.  

Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов коронавирустың таралуын болдырмау мақсатында мұғалімдердің біліктілік арттыру курстары кейінге қалдырылғанын айтты.

"Қосымша білім беру ұйымдарына келер болсақ, балалар сарайы, музыка мектебі біздің елде көп. Бұл ұйымдарға бір ғана мектептің ғана емес, қаланың немесе елдімекеннің барлық балалары келеді. Сондықтан осындай білім беру ұйымдарында инфекцияны жұқтыру қаупі өте жоғары. Сондықтан осыны ескере отырып, білім беру ұйымдарының жұмысын 5 сәуірге дейін тоқтаттық", – деді министр.

Каникул кезінде түрлі үйірмелер мен қосымша шаралар, олипиадалар мен байқаулар да кейінге шегерілетін болды.

"Балдәурен, Бөбек секілді лагерьлерге де балаларды алуды тоқтаттық. Біліктілік арттыру курстарын өтетінін білесіздер. Оған он мыңдаған мұғалім қатысуы керек еді. Бірақ оның көбін онлайн форматқа көшірдік. Ал онлайн форматқа көшпейтін курстарды біз мерзім бойынша шегеру туралы шешім қабылдадық", – деді Асхат Аймағамбетов. 

Бала бармай қалса да, балабақшадағы орны сақталады

Ал балабақшалар жұмысын тоқтатпағанымен, сақтық үшін үйде қалған балалардың орны сақталатын болды.

"Білім және ғылым салаларында алдын алу шаралары қабылданды. Министліктің тиісті бұйрығы шығып, оны барлық білім беру ұйымы мен облыстардың білім басқармаларына жеткіздік. Сол бұйрықта ең басты тапсырмалар берілді. Ең біріншіден, балабақшаларға тоқталар болсақ, алдына ала ақпарат бергендей балабақшалар әзірге жұмысын тоқтатпайды. Бірақ біз ата-аналардың мүмкіндіктеріне қарай, балабақшаға бармауды (апармауды – авт.) ұсынамыз. Мұның алдында бұйрыққа сәйкес бала бірнеше күн бойы бала балабақшаға келмесе шығарылатыны туралы норма бар еді. Біз қазір ол норманы алып тастадық", – деді ведомство басшысы.

Біз сөз етіп отырған "Б" жоспарына университттер мен колледж жатақханаларындағы студенттер үйлеріне қайтару шарасы да енген екен. 

"Колледждер мен ЖОО-лар туралы да ақпарат берген болатынбыз. Олар қашықтықтан оқу форматына көшті. Бізде жоғары оқу орындары бойынша жалпы проблема жоқ. Дайын жүйелері бар. Колледждердің басым бөлігі бойынша да бізде проблема жоқ. Кейбір колледжде осындай сұрақтар туындаған. Сондықтан кейбір колледжде қашықтықтан оқыту жүйесін тезірек орнатып, жүйеге тиісті ақпарат енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз", – деген министр жатақханалар мәселесі туралы да сөз қозғады.

"Билеттерін алып, үйлеріне қайту дегендей басқа да мәселелер бар. Сондықтан біз жоғары оқу орындарының, колледждердің басшыларына тиісті тапсырма бердік. Қалай болса да жатақханада қалуым керек, басқа баратын жерім жоқ деген студенттер жатақханада ары қарай қалуына мүмкіндік бар. Бірақ сол жатақханада ешқандай шаралар өтпейді. Әрқайсысы өз бөлмесінде болып, ешкіммен араласпай, осындай режимде өмір сүруі керек", – деді Асхат Аймағамбетов.

Бүгіннен бастап түнгі клуб шараларын өткізуге тыйым салынды. 

Карантин уақытында жұмысы тоқтатылған кәсіпорын қызметкерлеріне төленетін еңбекақы айлықтың ең төменгі мөлшерінен кем болмауға тиіс. Ал қашықтықтан орындалатын жұмысқа ауысу жағдайы Еңбек кодексінің 138 бабында толығымен көрсетілген. 

 14 жолаушы 4 қалада оқшау стационарға алынды

Миланнан коронавирус жұқтырып келген қазақстандықпен бір ұшақта болған 89 жолаушының кімдер екені де бүгін анықталды.  Оның ішінде 42 – Қазақстан азаматы, шетелдік 47 азаматы болған Ресей Федерациясынан – 42, Нидерланд елінен – 1, Аустралиядан – 1, АҚШ-тан – 1, Украинадан – 1, Мексикадан – 1 азамат бар. Осы 89 адамның бәрі де табылды. Осы адамдардың ішінде Нұр-Сұлтаннан сыртқа 35 жолаушы шығып кеткен. Солардың14-і Қазақстанның 4 қаласына жетіп үлгерген. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова аталмыш 14 жолаушы да провизорлық стационарға оқшауланғанын атады. Ал ресейлік дипломат көрші елдің елшілігі жіберген нотадан кейін елшілік аумағында қалған.

Ал Варшавадан келген жолаушы әйел науқас дәрігерлерге шынын айтып, өзінің Германияда болғанын мәлімдеген. Тексеру кезінде оның да коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Елордалықтар 54 теңгелік масканы тоқтатпай жатыр

Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Исаков Нұр-Сұлтан қаласына кеше әкелінген 88 мың масканың бүгін 23626-сы ғана қалғанын айтады. 

"Бүгінгі таңда қала бойынша қалған маскалар саны – 13626. Бұл маскалар "Биосфера" дәріханалар желісінде бар. Кеше ғана "Фармация" ӘК желісі бойынша 88 мың маска келіп түскенін айтқанмын. Иә, бүгінде маска мәселесі бар. Бұл мәселе шешіліп жатыр", - деді ол.

Inbusiness.kz тілшісі маманның айтқан ақпаратын тексеру үшін "Биосфера" дәріханалар желісінің Сығанақ, Мәңгілік ел, Шәкәрім Құдайбердіұлы көшелеріндегі нүктелеріне арнайы барып көрді. Сатушылар алғашқы екі мекенжайда да маска кеше кешке бітіп қалғанын айтты.

Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіндегі дәріханада ұзын сонар кезек қалыптасқан. Жұрт масканы бұлайша бір ғана орыннан сату індет жұқтыру үшін арнайы жасалғандай әсер қалдыратынын айтып шағымдануда. Қазір онда бір адамға бес маскадан сатылып жатыр. Қара түсті бір рет қолдануға арналған масканың бағасы – 54 теңге.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу