Жаз жаңа вирусты тоқтата ала ма?

6605

Әлем ғалымдары жоғары температураның дүниені шарпыған жұқпалы да қауіпті ауруға әсерін зерттеп жатыр.

Жаз жаңа вирусты тоқтата ала ма?

Қытайда пайда болып, бүгінде әлемнің 100-ден астам елін шарпыған коронавирус эпидемиясына қатысты бір үлкен сауал әлі жауапсыз. Жаңа инфекция қазір көбінесе қыстан толық шықпаған мемлекеттерде кең таралып отыр. Ал, күн жылыса ол қандай сипат алады?

Тұмау тәрізді бұл жұмбақ ауру да суық жерде ұзағырақ тіршілік ететін вирустар тобына кіретін респираторлық инфекцияға жатады. Көптеген адамдар үшін коронавирус сондай ауыр емес, дененің қалшылдауымен, жөтелмен ғана шектеледі. Өзге біреулерде, әсіресе, егде жастағылар мен денсаулығында проблемасы барларда ол пневмонияға ұласып кетуі мүмкін.

Covid-19 Антарктикадан басқа барлық континентке жетті. Және де коронавирус жер шарының оңтүстік жартысында әзірге соншалықты өршіген жоқ. Температура қызса, жұқпалы аурудың жайылу қарқыны бәсеңдей ме деген мәселеге қатысты қазір бірнеше сұрақ туындап отыр:

Күн ысыса коронавирус жойыла ма?

Мұны ешкім білмейді. Коронавирус желтоқсанның соңында ғана анықталды. Сондықтан, ғалымдардың көбінің сөзінше, Covid-19-ды жұқтыру оқиғалары күн жылығанда азаятынын көрсететін мәлімет әзірге жоқ.

"Біз бұл вирустың әрі қарай тарайтын мүмкіндігі бар деп пайымдаймыз. Ол жаз кезінде жоғалып кетеді деп ешкімді босқа үміттендіргіміз келмейді", – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше оқиғалар жөніндегі жетекшісі, доктор Майкл Райан.

Сингапур Ұлттық Университетінің инфекциялық аурулар бойынша аға кеңесшісі доктор Даль Фишер де жоғары температураның эпидемияны баяулататынына аса сенімді емес.

"Мүмкін бұл инфекция әлемде кәдімгі тұмауға ұқсап кетуі үшін жылдар қажет болар. Әзірге ауа-райы қандай болса да, бізде оған қарсы табиғи иммунитет қалыптасқан жоқ. Бұл дерттің алдындағы осалдығымыз осы", – дейді сингапурлық ғалым.

Бірақ, Мэриленд Университетінің медицина доценті, доктор Мұхаммед Саджади жұқпалы дерттердің тарауында күн райы рөл ойнайды деген пікірде. Ол әріптестерімен зерттеу жүргізіп, Covid-19 тұрақты өршіген аймақтардағы температураның ғажап ұқсастығын – шамамен Цельси өлшемі бойынша 5-11 градус аралығында болғанын анықтаған.

Өзара байланыстағы вирустар

Коронавирус SARS, MERS тәрізді вирустармен генетикалық тұрғыдан байланысты. Ауыр және өткір респираторлық синдром (SARS) алғаш рет 2002 жылы Қытайда өршіп, ақыр соңында жер шарында 8000-ға жуық адамды науқастандырып, тек 2003 жылдың шілдесінде ғана ауыздықталды.

Бірақ, SARS-ты жаздың басталуы да тоқтата алмады. Осы аурудың эпицентрі – Азия мен Канададан өзге дүниеге сапарлар шектеліп, қауіпті инфекцияны адамға жеткізген пальмалық шаянтәрізділерді жою нәтижесінде SARS-тың жолына тосқауыл қойылды.

MERS – Таяу Шығыс респираторлық синдромы. Ол 2012 жылы анықталып, түйелерден адамдарға жаппай берілмесе де, ауық-ауық жұғып отырды. Оның өршуі шектеулі сипат алған.

"SARS пен MERS –ке қатысты деректерге сүйене отырып, коронавирустың да маусымдылығы жөнінде айту қиын. MERS өршіген шақта мен Араб түбегіне бардым, сол кезде онда ауаның температурасы Цельси өлшемі бойынша 43 градусты көрсетіп, күн күйіп тұрды", – дейді АҚШ-тың Миннесота Университетінің Инфекциялық ауруларды зерттеу орталығының директоры Майкл Остерхолм "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Коронавирус неліктен оңтүстік жарты шарда эпидемияға айналмады?

Оған тым ерте болуы мүмкін; бұрынғы пандемиялар планетаның әр еліне жету үшін кейде бірнеше айды қажет етті.

Коронавирусты бақылау – проблема. Оның симптомдары тұмау, қызылша, безгек тәрізді қаптаған аурулардың белгілеріне өте ұқсас. Сондықтан, Covid-19-ды бірден айқындау оңай шаруа емес.

Гонконг Университеті Қоғамдық денсаулық мектебінің эпидемиология және биостатистика бөлімінің басшысы Бенджамин Коулингтің айтуынша, вирустың өршуіне адамдардың қыс мезгіліндегі тәртібі де әсер етеді.

"Күн суықта тұрғындар үйлерінде немесе ғимараттарда көбірек болады. Көп уақытты іште өткізіп, өзге адамдармен бір бөлмеде жиірек ұшырасады, оларға ауру жұқтыру ықтималдығы артады", – дейді Коулинг.

Сонымен қатар, Коулинг температураның көтерілуі вирустың әрі қарай тарауын тежейді дегенге сенбейді. Зерттеушінің пікірінше, күннің жылынуы эпидемияны баяулатса да, оны тоқтата алмайды. Бұған қоса, гонконгтық маман коронавирусты жұқтыру оқиғаларының тоғыз айдан кейін планетаның барлық жерінде тіркелетінін және әлемнің қазір соған беттеп бара жатқанын да атап өтті.

Коронавирус тараған елдердегі температура ұқсастығын байқаған Саджадиге оралсақ, профессор жұқпалы аурудың тез өршуіне бірнеше фактордың әсер ететін айтады. Оның сөзінше, Covid-19 біршама салқындау елдерді шарпып, Италия мен Иранның оңтүстік бөлігіне қатты соққы бермеген.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу