Коронавирус: әлем бойынша 18 наурыздағы соңғы жаңалықтар

15352

Әлемдік банк індетпен күреске бөлінетін қаражат көлемін 14 млрд долларға дейін көтерді. Қаржы ұйымы оның 8 млрд долларын жеке компаниялар мен олардың қызметкерлеріне шығындамақ.   

Коронавирус: әлем бойынша 18 наурыздағы соңғы жаңалықтар

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар

- Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы күнге дейін вирусты 81151 қытайлық жұқтырған. Оның 3242-сі қаза тапқан (төртеуі Гонконгта, біреуі Тайваньда). 69725 кісі жазылған. 

- Басқа елдерде жұқтырғандардың саны 114880-ге жеткен. Оның 4660-ы ажал құшты. Вирус әлемнің 159 еліне таралып кеткен.
Қазақстандағы жағдай

- Елімізде 36 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 18-і Алматыда, 18-і Нұр-Сұлтанда. 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады.
 
Басқа елдердегі жағдай

- Жаңа коронавирус АҚШ-тың 50 штатына тараған.Науқастардың саны 6420-дан асты. 100-ден астам кісі көз жұмған. Майк Помпеоның айтуынша, Мемлекеттік департаменттің екі қызметкері ауруға шалдыққан. Бірақ ведомство жұмысының тоқтамайтынын мәлімдеді. 

- Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 110-нан асты. Індет елдің 26 өңіріне жайлаған. Қазір 109 кісі стационарда жатыр. Ал 16 мыңға жуық адам дәрігерлердің бақылауында. Осы орайда жергілікті билік модульдік инфекциялық ауруханалар салуға дайын екенін айтып отыр. Ел президенті Владимир Путиннің айтуынша, вирусты анықтайтын ресейлік-жапондық тест сәуір айында жасалуы мүмкін.

- Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 8413-ке жеткен, оның 1540-ы жазылған. 84 кісі қаза тапқан. Бұл елде оқу жылының басталуы 23 наурыздан 6 сәуірге дейін шегерілді. 

- Италияда науқастардың саны 31506 болса, оның 2503-і қаза тапқан. Шамамен 2000 кісі жазылған. Осы аптада жергілікті ғалымдар ауруға қарсы вакцинаны сынақтан өткізеді. Егер де сынақ сәтті өтсе, күзде препаратты адамдарға еге бастайды.Бұл елде тұрғындарға басқа елдімекен тұрмақ, көшеге шығуға тыйым салынып, карантин жарияланған: мектептер, жоғарғы оқу орындары, кинотеатр, музей, мейрамханалар және тағы да басқа адам көп жиналатын қоғамдық орындар уақытша жабылды. 

- Германияда аурулардың саны 8500-ден асып,оның 23-і ажал құшты. 

- Түркияда вирусты жұқтырғандардың саны 98-ге жетті. Бүгін 89 жастағы ер адам қаза тапты. Ол вирусты Қытайдан келген әріптесінен жұқтырған.

- Қырғызстанда 3 адамның жаңа коронавирус жұқтырғаны тіркелді. Ресми деректер бойынша,  барлығы да Жалал-Абад облысы Созақ ауданының тұрғындары. Олар Сауд Арабиясынан келіп тексерістен өткеннен кейін, ағзаларынан вирус табылған. 

- Моңғолияда ауруға шалдыққандардың саны 5-ке жетті.

- Өзбекстанда жаңа коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 11-ге жеткен. Бұл елде вирус жұқтыру фактісі алғаш рет 15 наурызда тіркелген болатын.

Қытайлық ғалымдар "Фавилавир" деп аталатын препаратқа клиникалық зерттеу жүрзізуді аяқтады. Бұл - коронавирус жұқтырғандардың қызуын басатын дәрі. Елдегі "Жэньминь жибао" басылымының дерегіне сүйенсек,  препаратты қытайлық Zhejiang Hisun Pharmaceutical компаниясы жасайды екен. Зерттеушілер оның науқастарға тигізер зияны жоқ екенін анықтады. 

17 наурызда АҚШ-тың Kaiser Permanente Washington Research институтында  коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіле бастады. Бір ай бойы ғалымдар 45 еріктіге препаратты екі мәрте егіп, олардың денсаулығын бақылайтын болады. Ал Жапонияда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандарды "Авиган" деп аталатын дәрімен емдей бастауы мүмкін. 

Еске сала кетсек,, New York Post басылымы АИВ-ке (ВИЧ) қарсы дәрімен жаңа коронавирусты емдеуге болады деп жариялаған болатын. Оның дерегі бойынша, Нью-Джерси тұрғыны осындай дәрі қолданғаннан кейін жазылыпты. Қытай, Таиланд және Жапония елдерінің дәрігерлері науқастарды АИВ-ке қарсы қолданылып жүрген лопинавир және ритонавир деп аталатын препараттармен емдеп шығарған. 

Бірақ бұл дәрі-дәрмектер коронавирусты емдеуге арналған препарат деп ресми түрде мақұлданбады. Вакцина да әзірге жасалмады.  

Қытайлық мамандар малярияға қарсы препарат – хлорохин мен АИВ-ке қарсы Kaletra деп аталатын дәрімен де емдеген. Бұл препараттар протеаз ингибиторлары санатына жататын – дәрілер. Олар вирустың көбеюін тежейді екен. Бұған дейінгі зерттеу нәтижелері көрсеткендей, Kaletra атипиялық пневмонияның қабынуын тоқтатып, коронавирустың көбеюін тежейді. 

Испанияның El Pais басылымының мәліметіне сүйенсек,елде бірінші болып коронавирус жұқтырған 62 жастағы Мигель Анхель Бенитес Kaletra-ны қолданғаннан кейін жазылған екен. 

Таиланд пен Жапонияның дәрігерлері де COVID-19 вирусымен күресте осы препаратты қолданғанын жариялаған болатын. Таиланд елінің медициналық қызметкерлері Kaletra-мен қатар тұмауға қарсы осельтамивирді науқастарға беріп, екі күннен кейін ауруға шалдыққандар құлантаза жазылған екен. 

Ескере кететін жайт, қазір Қытайда лопинавир мен ритонавирдің коронавирусты емдеудегі тиімділігі мен қауіпсіздігі анықталып жатыр. Ал АҚШ-тың кейбір фармацевтикалық компаниялары бұларды ем ретінде қолдануды бастап кеткен.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу