Медициналық маскалар панденмияның екінші толқынын тоқтата алады

7464

Британдық ғалымдар эпидемия кезінде бетті тұмшалап жүрудің тиімділігін дәлелдесе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына маска туралы кеңесін жаңартуға тура келді. 

Медициналық маскалар панденмияның екінші толқынын тоқтата алады

Карантин кезінде халықтың жаппай маска тағуы COVID-19-дың тарауын бақылай алатындай деңгейге дейін түсіріп, пандемияның екінші толқынының жолын кесуге мүмкіндік береді. Мұны британдық ғалымдар анықтап отыр.

Зерттеуді Кембридж және Гринвич университеттерінің ғалымдары жүргізген. Оларға сенсек, бір ғана карантин коронавирус эпидемиясының қайта өршуін тоқтатуға қауқарсыз. Бірақ үйде қолдан тігілген масканың өзін тұрғындар ел болып тақса, қауіпті инфекцияны жұқтыру оқиғалары күрт азаяды.

"Біздің сараптамамыз қоғамның масканы дереу әрі жаппай қабылдағанын қолдайды", – дейді Кембриджде жүргізілген зерттеуге жетекшілік еткен Ричард Штутт "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, осы зерттеу көрсетіп отырғандай, халықтың маска таға жүріп, әлеуметтік алшақтану мен карантиннің өзге де ережелерін сақтауы – COVID-19-ға қарсы тиімді вакцина жасалғанғанға дейін экономикалық белсенділікті қайта жандандырудың және пандемиямен күрестің ұтымды жолы. 

Бұл жаңалық "Proceedings of the Royal Society A" (А Корольдігі қоғамының еңбектері) ғылыми журналында жарияланды.

Зерттеуде ғалымдар вирустың адамдар арасында тарау динамикасы мен инфекцияның қоғамдағы деңгейін салыстырған. Баяндамада тұрғындардың қайда жүрсе де маска тағуы, сол масканы аурудың симптомдары табылғаннан кейін тағумен салыстырғанда екі есе тиімді екені айтылған.  

"Бетке маска тағудан ұтарымыз едәуір көп", – дейді осы зерттеуге қатысқан ғалымдардың бірі Рената Реткуте.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маска туралы кеңесі өзгерді

Жұма күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің жаңартылған нұсқауын жариялады. Оған сәйкес, әлем елдерінің үкіметтері аурудың тарауын шектеу үшін тұрғындардан қоғамдық орындарда маска тағып жүруді сұрауы керек.

ДСҰ-ның кеңесі бойынша, халық, әсіресе, әлеуметтік алшақтану ережелерін сақтау қиын жерлерде, мәселен, қоғамдық көлік пен сауда орындарында маскасыз жүрмегені абзал.

Сонымен қатар, осы ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың сөзінше, жасы 60-тан асқандар мен денсаулығында кінәраты барлар да әлеуметтік дистанция мүмкін емес жерлерде масканы міндетті түрде тағып жүрулері керек. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде маска тапшылығын алға тартып, дәрігерлер, коронавирус жұқтырғандар және олармен байланыстағы адамдар ғана маска тағуы керек деген кеңес берген еді.

Жаңартылған нұсқауды таныстыруға арналған баспасөз маслихатында Тедрос "маскалардың тек өздері адамдарды COVID-19-дан қорғай алмайтынын мәлімдей отырып, қолды жуып отырудың, әлеуметтік дистанцияны үнемі сақтап жүрудің және инфекцияның алдын алатын өзге де стратегияларды ұстанудың мейлінше маңызды" екенін ерекше атап өтті.

Тағы бір сөзінде ДСҰ басшысы вирус еркін тарап жатқан аудандарда медицина қызметкерлері қандай аурухана болмасын, оған маскасыз кірмеуге тиіс деп ескертті. Сонымен қатар, Тедрос кардиология бөлімінде жұмыс істейтін докторларды да өз госпиталінде коронавирус табылмаса да, бұл ережені бұзбауға шақырды.

ДСҰ-ның COVID-19 бойынша техникалық жетекшісі Мария Ван Керховтың мәлімдеуінше, жаңартылған кеңестер АҚШ-тың денсаулық сақтау агенттігі жүргізген соңғы зерттеулердің қорытындысына негізделген.

Осының алдында Құрама Штаттардың Аурулардың алдын алу және бақылау орталығы да халықты коронавирус эпидемиясын баяулату үшін біраз уақыт бетті жауып жүруге үндеді. Және де, осы аптада британ үкіметі елді  метро мен қоғамдық көліктің өзге түрлерінде маска тағып жүруге міндеттеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының инфекцияны бақылау жөніндегі сарапшысы Эйприл Баллер болса, қалың көпшілікке үйде матадан тігуге болатын маска тағуға кеңес  береді. Оның сөзінше, ДДСҰ-ның маска туралы кеңесі  адамдардың  COVID-19 вирусын симптомдары пайда болғанға дейін-ақ жұқтыра алатыны қайта-қайта дәлелденгесін өзгеріп отыр.

Бұған дейін ДДСҰ симптомы жоқ адамдардың вирустық пандемияны өршіте алатынына күмән келтірген еді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу