Медициналық сақтандыру жүйесі ауруханалар мен емханаларды банкрот қылуы мүмкін

4129

Медициналық ұйымдар ондаған миллиард шығынға батты. ӘМСҚ оларды тегіс құтқармайды, оның орнына әрқайсысына "Қаржылық сауықтыру жоспарын" түзуге кеңес берді. 

Медициналық сақтандыру жүйесі ауруханалар мен емханаларды банкрот қылуы мүмкін Фото: egemen.kz

МӘМС жүйесі қазақстандық медицинаға қаншама проблема әкелгенін сарапшылар бұрыннан айтып келеді. Сала әбден былыққа батты. Ең бастысы, денсаулық сақтау жүйесі ақылыға айналды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) ай сайын алым төлемегендер ем-домды тиісті көлемде ала алмайды. Сорақысы сол, ай сайын медсақтандырудың жарналары мен аударымдарын уақытылы, тиынына дейін төлеп отырғандар да өздеріне уәде етілген көмекті ала алмауда.

Өкініштісі сол, ӘМСҚ негізгі жұмыс орнындағы жалақысының аздығынан өзге жұмыс берушілерге жалданып, қосымша табыс табуға тырысқан адамды бір айда бірнеше рет жарна төлеуге мәжбүр етеді. Қорыта айтқанда, МӘМС жүйесінің өзі "Әділетті Қазақстандағы" әділетсіздіктің көрінісіне айналып, халық арасындағы әлеуметтік кернеуді өршітіп барады.

Айтпақшы, ӘМСҚ өз интернет ресурсында қаржылық есептілігін жариялауды 2021 жылдан бері доғарды. Сондықтан дәл қазір қорда қанша қаражат жинақталғаны белгісіз. Қордың ақпараты бойынша былтырғы 2022 жылы жалпы сомасы 1 триллион теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсіпті. Сонымен қатар МӘМС аясында медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 1,1 трлн теңгеден 2,5 триллион теңгеге дейін өсірілді.

Енді бұрынғы проблемаларға жаңасы жамалуда. Ол түйткіл бүгінде өңірлерді аралап жүрген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасының төрағасы Сәбит Ахметовтің алдынан шығып, аяғына оралуда. Содан ӘМСҚ басшысына Ақтөбе облысының бас дәрігерлерімен кездесуде де саланың іріңді бір жарасына айналған кредиторлық қарыз жайын талқылауға тура келді.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы ауруханалар мен емханалардың жалпы қарызы жүз миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Медұйымдардың ұжымдары Үкіметке шағыммен жүгіне бастады. Салада ауыр ахуал қалыптасты: медперсоналға жалақыларды төлеуді тоқтату, жұмыстың дағдаруы, тіпті ұйымдардың жаппай жабылып қалу қаупі бар.

Мәселен, бір ғана Ақтөбе облысының медициналық ұйымдарының жалпы қарызы 4,7 млрд теңгеден асқан. Оның басым бөлігі жекеменшік емес, мемлекеттік емханалар мен ауруханаларға тиесілі.

Қор басшысы Сәбит Ахметовтың айтуынша, бүгінде кредиторлық қарыз мәселесі – барлық өңірлер үшін ең өткір мәселеге айналды. Еліміздегі медициналық ұйымдардың жалпы қарызы 87 миллиард теңгеден асты. Бұл – белгілі болғаны ғана.

Ақтөбе облысының медициналық ұйымдарының бас дәрігерлерімен кездесуде ӘМСҚ басшысы қалыптасқан жағдайға олардың өздерін айыптады. Ақтөбе облысында 38 медициналық ұйым қарыз батпағына батып барады.

Фото: tolqyn.kz

С.Ахметовтың пікірінше, берешектің өсуіне бірнеше факторлар ықпал етуде: біріншіден, медицина қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын өсіп келеді. Көптеген медұйымда жалақы қорының үлесі барлық шығындардың 80-90%-ына жеткен. Екіншіден, коммуналдық қызметтер тарифтері көтерілуде, тиісінше оның төлемдері артты. Үшіншіден, ауруханалар мен емханалардың өзге шығындарына ақша қалмайды: олардың қарызы қордалана береді.

ӘМСҚ басшысы дұрыс менеджменттің жоқтығы да поблеманың ушығуына үлес қосады деп санайды.

"Бас дәрігерлермен кездескен сайын, мен ең алдымен цифрлар туралы сұрастыра бастаймын. Сонда басшылардың бәрі бірдей көрсеткіштерді білмейтінін байқадым. Өз бюджетін, дәрігерлерінің санын, кадр тапшылығын, қарызын білетіндер бар. Сонымен қатар экономикалық мәселелерді тегіс өз орынбасарларына арта салатындар жетерлік, салдарынан бірде-бір сұраққа өзі жауап бере алмайды. Егер бас дәрігер өзіндегі қаржыландыру көлемін нақты білмесе, ол жалпы жағдайды да бақылауда ұстай алмайды. Менің ойымша, бас дәрігер жағдайды бақылап, барлық бизнес-процестердің қыр-сырын біліп, проблемалардың шешімін таба алуы керек", – деп бетіне басты Сәбит Ахметов. Әділін айта кету керек, таяуда Парламент депутаттары да Ахметовтың қорында ұқсас проблема барын, қаржы саласында бәрі бұлыңғыр екенін сынаған болатын.

Қысқасын айтқанда, ӘМСҚ басшысы бас дәрігерлерге елдегі медициналық ұйымдардың кредиторлық берешек мәселелері қордың құзыретіне кірмейтінін кесіп айтты. Бірақ кезінде ел Үкіметі медұйымдарды қаржыландыру мәселесін әкімдер мен Денсаулық сақтау министрлігінің құзырынан алып кету үшін ӘМСҚ-ты құрғаны есте.

Содан болса керек, ахметовтар қанша жерден ат-тонын ала қашса да, бұл мәселемен айналысуына тура келеді. Мәселен, осы шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі қормен бірлесіп, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қосымша 59 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Оның 3,3 миллиарды осы Ақтөбе облысының медициналық ұйымдарына үлестіріледі. Қызылорда облысының медұйымдарын қолдауға 5,2 млрд теңге бағытталған. Онда ахуал аса күрделі. Бүгінде қаражат филиалдарға жеткізілді, медициналық ұйымдар арасында одан әрі бөлу үшін конкурстық рәсімдер басталды.

Бірақ бұл қаражат бұған дейін қалыптасқан барлық шығынды жаппайды, ал қарыз көлемі одан әрі қарқынды артуда.

Сарапшылар салада дағдарыс туындағаны туралы ашық айтуда.

Өз кезегінде Сәбит Ахметов елдегі жеке түгіл, мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың барлық кредиторлық берешегін "қор есебінен жабу мүмкін емес" деп, үзілді-кесілді шешімін жариялады.

Медицина ғылымдарының кандидаты Әлия Тұрғамбаева бір парадоксқа назар аудартады. Өткен жылы ӘМСҚ қазынасына жарналар мен аударымдар түрінде құйылған 1 триллион теңгенің жартысына жуығын, немесе 400 миллиардтайын мемлекет аударған. Мемлекет жеңілдік санатына кіретін 11 миллион азамат үшін қорға ай сайын жарналар мен аударымдар төлеп отырады. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен денсаулық сақтау жүйесіне 2,5 триллион теңге бағытталады.

Ал қор болса, медициналық ұйымдардың 87 миллиард теңге қарызын өтей алмайды. Егер бұлай бара берсе, ауруханалар мен емханалар жабылып тынуы мүмкін. Өйткені қазірдің өзінде қарызға батқандарынан мықты мамандар кетіп жатыр. Сонда қордың қажеті қанша?

ӘМСҚ басшысы болса, медициналық ұйымдарға төл "Қаржылық сауықтыру жоспарын" әзірлеп, бекітуге кеңес берді. Әдетте мұндай жоспарды банкроттық жағдайға жеткен бизнес нысандары енгізеді. Ал емхана мен аурухана бірінші кезекте, әлеуметтік нысан.

Сонымен бірге С.Ахметов ауыртпалықты әкімдерге аударғалы тұр. Ол жергілікті атқарушы органдарды медұйымдарды қосымша қаржыландыруға, соның ішінде коммуналдық төлемдерді "жабуға" көмектесуге шақырды.

Медициналық сақтандыру жүйесі халықты да дүрбелеңге салғалы тұр. Бұрынғы тәжірибе бойынша емханалар да, ауруханалар да өздеріне жүгінген барлық сырқатты емдейтін. Содан соң олардың шығынын өтеуі үшін медсақтандыру қорына шот ұсынатын.

Қордың жаңа басшылығы саланы "жаңаша сыпыра бастады": медұйымдар тек бөлінген қаражат аясында адамдарды емдеуі қажет. Бұл сырқаттарды сергелдеңге салуы мүмкін.

"Естеріңізге саламын: бұрын біз таза кіріс-шығыс сметасы бойынша жұмыс істегенбіз. Яғни бөлінген қаржының көлеміне қарайламастан халықты жаппай емдейтінбіз. Қазір төлем әрбір емделген жағдай үшін жүргізіледі. Бұл тәсіл жалпы қаржыландыру жағдайын жақсартты. МӘМС жүйесін енгізудің өтпелі кезеңін ескере отырып, мен медициналық қоғамдастықты түсіністікпен қарауға және проблемаларды бірге шешуге, өздерінің ішкі резервтерін іздеуге және пайдалануға шақырамын", – деді ӘМСҚ басшысы бас дәрігерлерге.

Салада басқа да былықтар жетерлік. Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын кепілдендірілген тегін медкөмек (ТМККК) мен медсақтандыру пакеттерін біріктіруді ұсынды. Ол орындалған жоқ.

Мысалы, қазіргі уақытта скринингтің 1-ші кезеңі ТМККК шеңберінде жүргізіледі. Ал 2-ші кезең МӘМС пакетімен қаржыландырылады. Салдарынан медсақтандырылмаған пациент екінші кезеңнен өте алмайды. Бұл Қазақстанда әлеуметтік маңызды ауруларды ерте анықтауға нұқсан келтірді. Әрі бұл емдеу қағидасына да қайшы.

Орта ғасырларда Қытайда әскери емшілер жаралы жауынгердің денесіне кірш қадалған садақтың жебесін суырып алмай, жай кесе салады екен. Өйткені оны алып, емдеу – тылдағылардың жауапкершілігі. Салдарынан, көп жауынгер екінші кезеңіне жетпей, жан тапсыратын болған. Қазақстан осы орта ғасырлық жағдайға құлдырағандай.

Дегенмен, басшы тұрақтамайтын ӘМСҚ тізгінін 2023 жылғы наурызда ғана алған Сәбит Ахметов ең құрыса, осы проблеманы шеше алады деген үміт бар. Өйткені ол сақтандырылған не сақтандырылмағанына қарамастан пациенттердің бәрі тексеріліп, дереу ем алуы үшін екінші кезеңді ТМККК пакетіне көшіру мәселесін қарастыруда екен.

Дәрігерлер тағы бір мәселеге назар аудартады. Біріктірілген ақаулар (сочетанные пороки) бойынша сырқатқа қажетті екі отаның тек біреуі ғана төленеді. Мысалы, адамның екі көзіне де операция жасау керек болса, оның тек біруін ғана МӘМС аясында төлейтін көрінеді. Сондықтан мамандар біріктірілген ақауларға қатысты толық төлеу үшін клиникалық хаттамалар мен тәсілдерді қайта қарауды ұсынып отыр. Әзірге бұл ұсыныс мақұлданбады, бірақ ӘМСҚ басшысы С.Ахметов мәселені бақылауға алып, уәкілетті органмен бірлесіп пысықтауға уәде берді.

Саладағы қаржыландыруға қатысты мәселелер ауыл халқын жаппай кемсітуге соқтырғалы тұр. Бас дәрігерлердің айтуынша, қалалардағы, облыс орталықтарындағы озық ауруханалар мен емханаларға ауылдардан немесе өзге өңірлерден көп сырқат келеді де, бөлінген қаражаттың едәуір бөлігін солар "жеп" қояды. Бас дәрігерлер оларды емдеуден бас тарта алмаймыз деді. Себебі, пациент өзі емделетін медициналық ұйымды таңдау құқығына ие. Азаматтарды өз ауданы мен өңірінен шығармай, шектеп тастауға да болмайды: Қазақстанда бірегей, жоғары технологиялы медициналық қызметтерді медұйымдардың бәрі бірдей көрсетпейді. Оның үстіне білікті маман да тапшы. Күрделі операциялар негізінен, облыс орталықтарында, Алматы мен Астанада ғана жасалады.

Бұл ретте билік бекіткен қаржыландырудың "сызықтық шкаласы" іске қосылады да, лимит тез аяқталады. Сөйтіп, жергілікті тұрғындарға әрдайым ақша жете бермейді. Бас дәрігерлер мен сарапшылар шкаланы жоюды сұрап отыр.

ӘМСҚ басқарма төрағасы Сәбит Ахметов бұл мәселені зерттеуге сөз берді, бірақ сызықтық шкала жойылмайтынын мәлімдеді

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі елде ТМККК және МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің тарифтері қайта қаралатынын мәлім етті. Әйтпесе, қолданыстағы тарифтер коммуналдық қызметтер тарифтерінің, дәрі-дәрмектер, шығыс материалдары бағаларының жыл сайынғы өсуін ескермейді.

Сол себепті, министрлік биылғы күзде Мәжіліс қарауына енгізілетін жаңа үшжылдық бюджет жобасы аясында сол тарифтерді индексациялауға қосымша қаржы сұратып отыр. Нақтылағанда, 2023–2027 жылдары – 477,4 миллиард теңге талап етіледі. Оның 131,9 млрд теңгесін алдағы 2024 жылы бөлу қажет болады. Бірақ Денсаумині осынша көлемдегі шығысты Республикалық бюджеттік комиссияның құптайтынына сенімсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу