Медициналық сақтандыру жүйесінде мін көп

3419

Бұған дейін де отандық денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге бірнеше рет талпыныс жасалған.   

Медициналық сақтандыру жүйесінде мін көп

Осы жолы жоспар жан-жақты талқыланып, алдыңғы тәжірибедегі кем-кетіктер ескерілген. Алғашқы жылдарда қорға түсуге тиіс қаржы жұмыс берушінің есебінен аударылып келді, сол себептен ешкім сақтандыру үшін жиналған қаражаттың қайда кетіп жатқанына назар аудара қойған жоқ. Ал биылдан бастап әр қызметкердің ай сайынғы жалақысынан 2 пайызы ұстала бастағалы ғана көпшілік бұл мәселеге мән беруде. Оның үстіне, емдеу мекемелеріне барған тұрғындарға қазір "Сіздің сақтандыруыңыз бар ма" деген сауал да жиі қойылады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Десе де, дәл қазір медициналық сақтандыру қорына жиналған қаржының қайда жұмсалатындығы туралы сұрақ көпшілікке әлі де беймәлім. Білетініміз – коронавирусқа қарсы салынатын екпе осы сақтандыру жүйесінің есебінен жүргізіледі. Ал басқа кезде қордағы қаражатты қалай, қайтіп пайдалануға болатынын екінің бірі біле бермейді.

Жақында жамбылдық Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова халықты медициналық сақтандыру жүйесімен қамту мәселесі – әлі де қоғамдағы түйткілдердің бірі болып отырғанын қозғап, депутаттық сауал жолдаған. Медицина ғылымдарының кандидаты халықаралық тәжірибеге талдау жүргізіп, дамыған елдерде сақтандыру жүйесіне тартылған тұрғындардың үлесі 90-95 пайызды құрайтынын алға тартады. Ал біздің елде 19 миллионға жуық азаматтың 15 850 мыңы немесе 84 пайызы ғана сақтандырылған. Ал олардың  11 195 887-сі, яғни 59,2 пайызы мемлекет төлейтін жеңілдік санатына кіреді екен. Атап айтсақ, балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар және тағы басқалары. Қалған 7 млн экономикалық белсенді халықтың 3 миллионы, яғни жартысына жуығы сақтандырылмаған.

"Демек, бұл адамдар-өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, олар қорға аударымдар жүргізбейді. Сол себепті толыққанды медициналық көмек ала алмай отыр. Бұл жағдай ауруы дер кезінде анықталмай, асқынып кетсе, өлім-жітімге әкеп соқтыратын онкология, туберкулез және сол сияқты созылмалы және әлеуметтік мәні бар ауруларды өршітіп жіберуі мүмкін. Егер осы 3 млн сақтандырылмаған адамның бірі биыл медициналық көмек алғысы келсе, оларға көмек көрсетілмейді. Себебі ол 2020 жылғы жарнасын аударуы тиіс. Ал оған көпшілігінің шамасы жете бермейді",– деді Гүлдара Алданышқызы.

Депутаттың айтуынша, сақтандырылмаған халықтың көп бөлігі  Алматы, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында екен. Ал сақтандырылмаған науқастарға, тіпті төтенше жағдайда да толық медициналық көмек көрсету қиынға соғатын көрінеді.

"Мысалы, Алматыда сақтандырылушы мәртебесі болмағандықтан, аяғы ауыр ана ауруханаға жатып, емделуден бас тартты. Осындай түйткілдерге басқа да науқастар тап келген. Себебі сырқаттарға кешенді ем көрсетілуге тиіс болған. Ал стацинарлы ем қабылдаушыларға шұғыл жағдайда емдеу мекемесіне түскен кезде қойылған диагнозы бойынша ғана кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін көмек көрсетіледі. Сондықтан емделушілердің заңды құқықтары бұзылған. Бірақ бұған ешкім жауап берген жоқ", – деп түсіндірді халық қалаулысы.

Жалпы, қазір көп жағдайда медициналық ұйымдар шиеленісті жағдайды азайту үшін өз қаражаты есебінен тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге мәжбүр болып отырғаны да рас. Бірақ, оның өтеуі жоқ. Өйткені, міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен бірге енген "Ақша емделушімен бірге" деген қағидат сөз жүзінде қалып тұр. Мәселен, аурухана ай сайынғы жоспарға сәйкес 100 науқасты емдеді. Ал 101-інші мұқтаж адамға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан емдеу мекемесі оған көмек көрсетуден бас тартады. Себеп: айлық лимит таусылған. Медицина маманының сөзімен айтсақ, сақтандырылушыларға қор белгілеген айлық жоспарлы бюджеттің шектелуіне байланысты ауруханалар кейбір науқастарды емдеуден бас тартуға мәжбүр.

"Қазір "Ақша емделушімен бірге" қағидаты жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл медициналық қызметтерге тендерлер ашық өткізілсе ғана толық күшіне енеді", – дейді Гүлдара Нұрымова.

Жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көпшілік үшін тиімді мәселелер ескерусіз қалғанын жүйе іске қосылғанда біле бастадық. Пандемия жағдайы да бұған дейін көлеңкеде қалып келген көптеген проблеманы алға шығарды. Бетпе-бет келген қиындықтар денсаулық сақтау саласындағы механизмдер қайта саралануы қажет екенін көрсетті.

Әсел Мұратбекқызы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу