Кәсіпкер Павел Бондарь бұл құбылыстың "эпидемияға" айналғанын айтады.
"Қазіргі жас ұрпақ сондай болып кетті. Қалаларда коуоркинг-орталықтар аз, біразы өзін ақтамай, жабылып қалды. Содан ноут арқалағандар дәмханаларды жайлап алды. Түскі не кешкі уақытта орын жетпей қалады, осы кезде бірнеше үстелде әлгілер жұмыс істеп отырады. Бір кофе не бөтелке судан басқаға тапсырыс бермейді, таңнан кешке дейін табан аудармайды. Содан үстел таппаған клиенттер администратордан оларды қуып шығуды сұрайды, әкімші олай жасай алмайды, шағым жазуы мүмкін", – деді Павел.
Ол клиенттерді қоғамдық тамақтандыру орындарының иелеріне түсіністікпен қарауға үндеді. Олар коммерциялық алаңды жалдау ақысын, персоналының жалақысын, коммуналдық қызметтердің төлемін, қаптаған, өсіп бара жатқан алым-салықты төлеуге міндетті.
Дәл осы кезде еріккен не кеңсе жалдаудан үнем қылған көлденең көк аттылар келеді де, әр үстелді 5-7 сағатқа дейін жайлап отырады.
Қалаларда мемлекеттік коммуналдық автотұрақтардың өзі ақылы болып кеткен заманда бизнесті шаршы метрлерін әлдекімдердің "жұмыс орнына" тегін ұсынып, қалпымен қайырымдылық жасауға мәжбүрлеу әділдік пе? Әрі дәмханалар мен мейрамханалар әр үстел үшін салық төлейді.
Бұл мәселе өңірлік кәсіпкерлер палаталарының отырыстарында да талай көтерілген. Рестораторлардың айтуынша, кейбір блогер стрим жүргізуге келеді, ол үшін рұқсат сұрамайды, қатты сөйлеп, дарақылана күліп, шулайды. Кейде топ болып жиналып, дабырласады, тоқтау айтқан зал әкімшісін "тікелей эфирге" сүйреп, зықысын шығаратын көрінеді.
Оларға стримін "жандандыру" үшін жанжал, "движуха", актер-қатысушылар мен статистер керек. Кейбірі осы рөлге даяшыларды, администраторды, тіпті келуші клиенттерді тегін пайдаланғысы келеді.
Жобалық менеджер Дәурен Имашев (фамилиясы өзінің сұрауымен өзгертілді) интернетте бұл қиындықтан шығу үшін дәмханаға мобильді интернетті "тұншықтырғыш" құрылғы орнатып қоюға кеңес беретін лайфхактар барын айтады.
"Бірақ олай жасасаңыз, басқа клиенттерден де айрылып қаласыз. Адамдар әрдайым байланыста болғысы келеді. Интернет ұстамайтын қараң қалған жерге кім қайта оралады? "Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа" дейді ғой. Оның орнына ноутбукпен жұмыс істеушілерге жеке тариф енгізуге болады. Үстелді жайлау үшін әр сағатына төлеуі керек. Немесе толыққанды түскіасқа, кешкіасқа тапсырыс берсе, белгілі бір уақыт тегін отыруына рұқсат етуге болады", – деді Дәурен.
Маман бірқатар алматылық қоғамдық тамақтандыру орындарында ноутбукпен жұмыс істегісі келетіндерге бинбэг, пуфик қойып қоятын жаңа тәжірибе барына назар аудартты.
Бұған бір бұрышты арнайы бөліп, бір-екі үстелін де қойып, оны "коуоркинг-аймақ" деп атап, сағатына шамалы, 100-200 теңге ақы алуға болады. Яғни, дәмхана-асхананың бір бөлігін жайлы, атмосфералы "анти-кафе" не "интернет-кафе" форматына айналдыруға мүмкіндік бар. Бұл халыққа түсінікті бизнес-модель. Онда сағаттық ақысын төлегендерге тегін шәй, печенье ұсынуға болады.
Сондай-ақ, Қазақстан Германияның үлгісін игере алады. Deutsche Welle онда қоғамдық тамақтандыру орындары ноутпен кіріп, жұмыс істеуге тыйым салына бастағанын хабарлады.
"Бір стақан суға ғана тапсырыс беріп, дәмханада ноутбукпен сағаттап жұмыс істеу? Германиядағы тамақтандыру орындарының мұндай мінез-құлыққа қарсылығы күшейіп келеді. Себебі, мұндай клиенттер табысқа да, атмосфераға да нұқсан келтіреді. Сондықтан енді ГФР-де ноутбукпен дәмханалардың бәріне бірдей кіре алмайсыз", – деп жазды DW.
Неміс кофейнялары мен барларының қожайындары да ноутбук көтергендердің өзімен бірге проблема әкелгеніне мұң шағады. Өйткені жұмыс орындарын осында көшіргендердің бар назары экранда болып, тамаққа тым аз тапсырыс береді. Суларына дейін өзімен арқалап келетіндер жетерлік.
"Әдетте олар шүмек-краннан бір литр су алғызады немесе бір саптыаяқ эспрессоға тапсырыс береді де, орта есеппен 3 сағат жұмыс істеп отырады. Олардың төлейтіні менің өмір сүруіме, қызметкерлеріме еңбекақы төлеуге, аренда шығынын өтеуге жетпейді. Мұндай бизнес табыс түсірмейді", – дейді Магдебургтегі Thies Wohnen und Leben концептуалды дәмханасының қожайыны Катрин Тис (Kathrin Thies).
Бір жағынан, оның айтуынша, мобильді жұмыс істейтіндер келушілер легі сұйылатын сағаттарда дәмхананың қаңырап бос тұрмаудан құтқарады, оның "әрдайым сұранысқа ие орын" образын түзеді.
Екінші жағынан, хоум-офис форматын жақтайтындардың қаптап кетуі кесірінен қарны ашқан келушілердің қалың нөпірі басталатын сағаттарда орындар жетпейді, салдарынан, клиенттерден айрылады.
Ақыр соңында бұған шыдамаған бизнес радикалды қадамға барып, ноутбуктермен жұмыс істеуге тыйым сала бастады. Тыйым енгізілгенін құлақтандыратын жапсырма тамақтандыру орнының кіреберіс есігіне немесе үстелдің өзіне жапсырылады.
"Әрине, егер клиент түстеніп отырып, ноутбугында 5 минут ішінде жұмысын аяқтап тастағысы келсе, біз оған рұқсат етеміз. Бірақ егер әлдекім мұнда сағаттап жұмыс істеуді жоспарласа, біз оған жол бере алмаймыз!" – деп шорт кесті dpa ақпарат агенттігіне сұхбатында Берлиндегі ILOstan грузин дәмханасының қожайыны Илия Басилашвили.
Одан айырмашылығы, Катрин Тис ноутбуктерге уақытша тыйым салу тәжірибесіне жүгінген. Мысалы, халық көп келетін демалыс күндері ноутбукпен кіруге болмайды.
Катрин бұл күндері концептуалды дәмханасында бейғам, жаймашуақ, жанды атмосфера орнағанын қалайды, уикэнд достармен, отбасы мүшелерімен, балалармен бірге отырып, шүйіркелесуге, шат-шадыман ойнап-күлуге, бірге уақыт өткізуге арналуы керек.
Дәл осы кезде олардың қасында әлдекім ақ тер-көк тер болып, жұмыс істеп жатпағаны жөн.
"Бізде қонақтар ешқайда асықпайды, аптықпайды. Дәмді астан ләззат алады. Рахаттана кофе немесе апероль ішеді. Арқаны кеңге салып, бойды босаңсытып, тынығуға өзіне мүмкіндік береді. Көптеген клиентімізді осы ауан қуантады", – деді Байройттағы 8tto Grammi дәмхана-барының жетекшісі Винченцо Боццато (Vincenzo Bozzato).
Ол ноутбукпен жұмыс істеуге тыйым салғалы, дәмханасының атына көп-көп теріс пікір жазылғанын айтады. Клиенттерінің бір бөлігі теріс айналған.
"Бізді осындай тыйым енгізгеніміз үшін дүркін-дүркін балағаттайды, жамандайды. Алайда егер бұл ереже әлдекімге ұнамаса, басқа орын іздесін. Әркім өзіне не керегін өзі шешеді", – Боццато.
Оның үстіне балама да бар. Еуропада аспазы дәмі тіл үйірер ас әзірлей алмайтын, салдарынан клиенті аз дәмханалар да клиенттерді жоғары жылдамдықты Wi-Fi-мен және үстел жанындағы жеке розеткамен қызықтырып, тартады.
Мұндай жұмыс орны орта есеппен сағатына 5 еуро тұрады. Бұл сомаға тегін интернет пен шүмектен құйылған бір құты су кіреді. Сондай-ақ өзге сусындарға жеңілдік ұсынылады. Мұндай орындар әсіресе, қыс кезінде сұранысқа ие. Жүргіншілер жылынып алу үшін бас сұғады.