Мемлекет 12,9 миллион қазақстандықтың табысын анықтайды

6464

Биыл ректорлар мен әкімдіктегілер әбігерге түсуде. 

Мемлекет 12,9 миллион қазақстандықтың табысын анықтайды

Билік әлі күнге Елбасы тапсырған "100 нақты қадамды" жасаған жоқ. Мысалы, соның 42-ші қадамына сәйкес, Қазақстан табыс пен шығысты жаппай декларациялауға көшуге тиіс еді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Айта кету керек, мұны арам ақшамен және терроризмді қаржыландырумен күресу үшін құрылған FATF жаһандық ұйымы да талап етуде: Қазақстанда қаржы ағынында ашықтық жоқ. Бюджетті талан-тараж етіп байыған шенеуніктер бар дәулетін інісінің, енесінің, басқа да туған-туыс, жора-жолдастарының атына жалған-фиктивті тіркейді. Өйткені шенеунік пен оның отбасы мүшелері декларация тапсырады, басқасы одан босатылған. Нәтижесінде, биліктегілердің жақын-жұрағаттары негізінен "бай" болып келеді.

Сондықтан батыс елдері Қазақстаннан көлеңкелі экономикамен және коррупциямен лайықты күресу үшін әрбір қазақстандықтың табысы мен дүние-мүлкін тиімді бақылауға алуды талап етіп отыр. Оның үстіне бұл азаматтарды толыққанды салық төлеуге иліктіруге жол ашады. Бюджетті толтырар салық көздері мен мөлшері артады.

"Алдын-ала есеп бойынша 2025 жылы 18 жасқа толған азаматтарды қоса алғанда, елімізде бірден 12,9 миллион адам табыс пен мүлікті декларациялауға көшеді. Соның ішінде қала халқы – 7,4 миллион адам, ауылдықтар – 5,5 миллион. Сол жылы декларациялау жүйесіне алғаш кірген кезде жеке тұлға бастапқы немесе кіру декларациясын – 250.00 нысан-формасына сәйкес "Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны" тапсырады. Онда жеке тұлғаның Қазақстаннан тыс жерлердегі, яғни шетелдік банктердегі банк шоттарында жатқан ақшасы мен солардан алған кредиттері де көрсетілуге тиісті", – дейді мемкірістер органының өкілі Мақсат Ақмұратов.

Ал Қазақстандағы банктердегі ақша жайын декларацияға тәптіштен жазу енді қажет емес: оларды салықшылар өз бетінше сұрап, алғызады.

Дегенмен, егер қазақстандықтың үйінде қымбат картина, тарихи жәдігер не басқа да мәдени құндылықтар, сондай-ақ гауһар-бриллиант, алтын алқа секілді бағалы зергерлік бұйымдары мен биологиялық активтер болса, оны көрсеткені жөн. Әйтпесе, декларациядан жасырып қалып, кейін оларын сатып, пайда тауып жатса, онысы заңсыз табыс табу ретінде бағаланады және қудалануы ықтимал.

Жемқор экс-шенеуніктер "қамыттан" құтылды

Биыл шенеуніктер мен мемфункцияларды атқаратын тұлғалардың декларациялануға көшірілуі біраз дүрбелең туғызып жатыр. Осы санаттағы азамат Самал Омарова мемкірістер комитеті мамандарынан мына жайтты түсіндіріп беруді сұрады.

"Егер мемқызметші азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша қосымша табыс тауып жүрсе, оны декларацияда қалай жазуы керек? Мысалы, әкімдік қызметкері жеке тұлғаларды оқытып, репетиторлықпен айналысады, сол қызметі үшін ақша алады. Ол сондай-ақ ақылы негізде жеке университет үшін ғылыми зерттеулер жүргізеді. Сонда тұрақты емес бұл төлемдерді декларацияға қалай енгізуі керек?" – дейді ол.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин де МКК төрағасы Марат Сұлтанғазиевке жүгініп, барлық әріптестерін мазалаған мәселені төтесінен қойды: университеттер қызметкерлері декларация тапсыратындар қатарына жата ма?

"Егер жеке тұлға 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚазҰМУ-да басқарушылық функцияларды атқарса және дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы лауазымында болса, онда ол биылғы 2021 жылы Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсыруға міндетті. Өйткені олар мемлекеттік функцияларды атқаратын тұлғаларға теңестірілген", – деп жауап қатты Мемкірістер комитетінің төрағасы.

Ол осы жылы декларация ұсынатындардың тізімін нақтылады. Олардың сапында ел Президенті, барлық деңгейдегі әкімдер мен әкімдік қызметкерлері, Парламент және мәслихат депутаттары, Ұлттық банк және қаржылық реттеу агенттігінің басшылары мен қызметшілері, ЖОО басшылығындағы азаматтар бар.

Бұдан өзге, мемлекеттік ұйымда және квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адамдар, сондай-ақ ұлттық компаниялардың, ұлттық холдингтердің дербес құрылымдық бөлімшенің басшылары, олардағы сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілеттік берілген, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты тұлғалар да кіреді.

Айтпақшы, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңына сәйкес, мемлекеттік қызметтен теріс себептер бойынша босатылған тұлғалар мен олардың жұбайлары содан кейін тағы 3 жыл бойы декларация тапсырып тұруға міндеттелген. Бұл мысалы, жемқорлық жасаған шенеуніктерді құзырлы органдар бақылауы үшін жасалған-тын. Әйтпесе, байлығын жасырып келген қарау ниетті шенді мемқызметтен қуыла сала, кенет шалқып өмір сүре бастайтыны бар. Сонда оны тергеу органдары шақырып, байлығының аяқ астынан қайдан пайда болғанын біле алатын.

Алайда заңның дәл осы бабы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап алып тасталыпты.

Билік кімнің несін білмек?

"Бірінші кезеңде, яғни биыл жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар және олардың жұбайлары, мемфункцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар мен олардың зайыптары, сондай-ақ осы тұлғаларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. Бұлардың қатарына сонымен бірге "Сайлау туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" заңдары бойынша декларациясын табыс ету міндеті жүктелген адамдар жатады", – деді осы меморган қызметкері М.Ақмұратов.

Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік мекемелердің қатардағы жұмыскерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ мемкәсіпорындар, ұлттық компаниялар мен холдингтер секілді квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың зайыптары тапсырады.

Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, барлық бизнесменге және оның әйеліне (не күйеуіне), заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшыларына және олардың жұбайларына бүкіл мүлкі мен табысын жария етуге тура келеді.

Соңғы төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың қалған санаттары тегіс декларация толтыруға көшеді.

Жеке тұлғалар декларациясымен – тұрғылықты жері бойынша, ал жеке кәсіпкерлер және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар (нотариус, адвокат, ЖСО) – төл бизнесінің орналасқан мекенжайы бойынша мемкірістер органына жүгінуге тиіс.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу