Мемлекет "адал адамдарға" 9 786 460 теңге төледі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2209

Лауазымды тұлғалар сыбайластары арқылы 2 млн теңге бюджет қаражатын жымқырмақ болған. 

Мемлекет "адал адамдарға" 9 786 460 теңге төледі

Халықаралық transparency international жемқорлықпен күрес ұйымының дерегінше, былтыр Қазақстан жемқорлық рейтингінде 180 елдің ішінде 113-орында болды. Жемқорлық пен парақорлыққа барғандардың дені қызмет бабын асыра пайдаланғаны әшкереленді. Құлқынның құлдары 2019 жылдың алғашқы 2 айында мемлекетке 171,9 млн теңге шығын келтірді.

Естеріңізде болса, 2020 жылдың басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев халықты сыбайлас жемқорлықпен бірлесіп күресуге шақырды.

"Үкімет Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі туралы қаулыны бекітті. Енді, ЭЫДҰ қатарындағы көптеген елдердегі секілді сараланған сыйақы болады", – деді ол.

Алик Шпекбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамға соттың айыптау үкімінен кейін пара сомасының 10% беріледі.

"Ең жоғары сыйақы мөлшері 10 млн 600 мың теңгені құрайды. Бұл жаңашылдық  азаматтарды жемқорлықпен нақты күреске барынша тартуға серпін береді деп есептейміз", – деді Алик Шпекбаев.

Таяуда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жыл басынан бері 64 азаматқа сыбайлас жемқорлық фактісін анықтауға көмектескені үшін 9 786 460 теңге сыйақы берілгенін хабарлады.

Өткен аптада агенттік қызметкерлері сотқа дейінгі 146 істі тіркеуге алды.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 5 лауазымды тұлғаны қолға түсіріп, 6 азаматты күзетпен ұстауды санкциялады.

Агенттіктің хабарлауынша, Ақмола облысы индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы мен екі сыбайласына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдіктілер кінәларын толық мойындаған.

Ақтөбе облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы қызметін асыра пайдаланып, бас пайдасы үшін Мұғалжар ауданындағы мектеп құрылысын толық аяқтамаған мердігер компанияға құрылысты жалғастыруға ықпал еткен. Осы үшін басқарма басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Лауазымды тұлға қамауға алынған.

Алматыда қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектеп директорының орынбасары мен қорғаныс ісі департаменті бөлімінің басшысы азаматтарды әскери қызметтен босату үшін 150 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін істі болған.

Агенттік өкілдері Қарағанды облысында Қазақстан темір жолына қарасты  компанияның қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Мұндағылар қызметтік іс-сапарға негізсіз ақша аударып, "қалталарын" қампайтқан.

Қостанай облыстық әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы экологиялық реттеу бөлімінің басшысы рұқсат беру рәсімін жеңілдету үшін кәсіпкерлерден 10-50 мың теңге көлемінде тұрақты түрде пара алып отырған.

Алматы облысында фитосанитарлық бақылау қызметінің бас маманы бақылау бекетінен жүк көліктерін тексеріссіз өтуге жағдай жасағаны үшін автожүргізушілерге банк картасына тұрақты түрде аударым жасатқан. Оған 73 мың теңгені заңсыз алды деген айып тағылды.

"Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты  қылмыстық іс тергеліп жатыр. Су құбыры жүйесін жөндеуге жұмсалуға тиіс болған 2 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тұлғаның есепшотына аударылған. Ол лауазымды тұлғалардың сыбайласы болған. Күдіктілер кінәларын толық мойындады. Олар қылмыстық қудалау органдарына келуге міндеттелді", – деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу