Мемлекет әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын реттеуден бас тартты

1844

Қазақстанда бизнестің жағдайын күрт жақсартуы мүмкін заң күшіне енеді.

Мемлекет әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын реттеуден бас тартты Фото: inbusiness.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 сәуірде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды.

Атына қарағанда, заң тек кәсіпкерлерге ғана қатысты болып көрінуі мүмкін. Шынында, оның қарапайым қазақстандықтарға да, қоғамға да, мемлекетке де қатысты жаңалықтары жетерлік.

Мысалы, Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлының түсіндіруінше, заңға сәйкес, кәсіпкерлік қызмет жүргізілмейтін салаларда мемлекеттік бақылау жойылады. Бұған төрт бағыт кіріп отыр:

  • енді спорттағы дипингке қарсы іс-шаралардың жүргізілуін мембақылау,
  • әскери борыштыларды және әскерге шақырылғандарды әскери есепке қою қағидаларын ұйымдардың, әскери міндетті адамдардың сақтауын мембақылау,
  • реабилитация мен банкроттық туралы заңнаманың сақталуын мембақылау,
  • мемлекеттік сатып алулар, тендерлер туралы заңнаманың сақталуын мембақылау алып тасталды.

Қолданыстағы "Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларына" сәйкес, еліміздегі барлық мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар, заңды тұлғалар өздерінде жұмыс істейтін немесе оқитын әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жүргізеді. Мысалы, университет немесе ірі кәсіпорынның кадр бөлімі өзінде армияға жарайтын қанша жігіт барын және олардың мекенжайын міндетті түрде хабарлап тұруға тиіс.

Заңды тұлғалардың әскери есепке алуды жүргізуіне, тиісті хабардар етуіне жалпы басшылықты және бақылауды – облыстардың, мегаполистердің, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті әскери басқару органдары (ЖӘБО), яғни қорғаныс істері жөніндегі департаменті немесе басқармасы жүзеге асырады.

Енді мына заңмен осы саладағы мемлекеттік бақылау алып тасталмақ. Бетін аулақ қылсын, бірақ ертең соғыс бастала қалса, бұл сала бақылаусыз былығып жатуы, мемлекет болса, оқуын бітіріп кеткен, бір жұмыстан екіншісіне үздіксіз ауысқан жігіттерді таппай, орнын сипап қалуы ғажап емес.

Депутаттарды алаңдатып отырған, бірақ бірауыздан дерлік мақұлданған басқа да жаңалықтары бар.

"Заңға енгізілген түзетулердің тұтас бір блогы Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын орындауға бағытталған. Ол біріншіден, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен жеткілікті көлемде және арзандау бағамен қамтамасыз етуді қарастырады. Екіншіден, әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеуден кезең-кезеңмен бас тартуды көздейді. Оның орнына халықтың әлеуметтік осал топтарын тиімді, "адресті" қолдау қамтамасыз етілуі керек", – деді сенатор Ләззат Рысбекова.

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашевтің айтуынша, бұл заңның маңыздылығына қарамастан, "оның жекелеген нормалары депутаттық корпуста елеулі алаңдаушылық туғызып отыр".

"Соның бірі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) төменгі және шекті бағаларды белгілеу тетігінің жойылуына байланысты. Жасыратыны жоқ, бұл шара жеткілікті деңгейде тиімді болмады және әкімдіктер мен халық тарапынан көптеген даулар туғызды. Енді Үкімет дүкендердегі, сөредегі бағаларды емес, "оптовиктерді", шекті сауда үстемесін бақылауды күшейтуді ұсынады. Алайда сауда үстемесінің қолдану тәртібі анықталмағандықтан, мұның іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны түсініксіз қалды. Бүгінде қазақстандықтардың ақшалай шығыстарының 50 пайыздан астамы азық-түлік тауарларына жұмсалады. Осыны ескерсек, халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы қолдау көрсету тетігінің айқын, анық түрде жасақталуы да сұрақ тудырады", – деді депутат.

Сенатор Бауыржан Қаниев те сөз болып отырған заң аясында ӘМАТ-тің төменгі (пороговый) және шекті (предельный) бағаларын мемлекеттің бекітуі тетігі жойылатынын растады.  

"Бұдан былай тауарлардың бағасын сауда үстемесіне бақылау арқылы реттеу жоспарланған. Заң өндірушінің және жеткізушінің бағаларына 15 пайыздап үстеме қосып отыруға рұқсат етеді. Салдарынан, жолай делдалдардың әрқайсысы сонша үстеме ақысын қоса береді. Бұл тәсілдің тиімділігі салмақты күмән туғызды. Біздің пікірімізше, тауардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі бүкіл жолындағы сауда үстемеақысының сақталуын бақылау қиын. Өнімді жасаушының тауары сөреге жеткенше саны шексіз делдалдың қолынан өтеді. Сондай-ақ ауыл-аймақтардағы бірінші кезекте тұрақтандыру қорларына негізделген ӘМАТ бағаларын тұрақтандырудың қолданыстағы тетігі де пәрменсіз", – деді Бауыржан Қаниев.

Бірақ бірқатар депутаттар алаңдасын-алаңдамасын, заңды Парламент қабылдап, оған Президент қол қойып қойды. Оның соңы неге соқтыратынын тәжірибе көрсетеді.

Жасыратыны жоқ, Үкімет ӘМАТ тауарларына қатысты 15 пайыздық үстемеақының сақталуына сол бойы қол жеткізе алмады. Бұл туралы Inbusiness.kz егжей-тегжейлі жазған болатын.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев 15% сауда үстемесіне қатысты лимитті бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік күшейтілетінін айтты. ӘМАТ-қа сауда үстемесінің мөлшерін сақтамай екінші рет ұсталған жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлерге – 5 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (биыл 553,8 мың теңге) айыппұл салынбақ. Бірінші жолы тек ескерту қарастырылған.

"Екіншіден, біз алдын ала хабарлаусыз мемлекеттік бақылау жүргізу құзырын алғымыз келеді. Үшіншіден, тауарлардың өндірістен сөреге дейінгі қозғалысын қадағалаудың ұлттық жүйесін енгізуді жоспарладық. Яғни, оның бәріне электронды жүйелер арқылы мониторинг жасаймыз. Төртіншіден, министрлікке сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру бойынша жаңа өкілеттік берілгенін қалаймыз. Кәсіпкерлерді, сауда нысандарын қолдау арқылы әлеуметтік маңызды тауарларға төмен бағаны сақтап қалуға тырысамыз", – деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев.

Соған қарағанда сауда орталықтарын, ірі гипер, супермаркеттерді мемлекеттік бюджет есебінен қолдау өрістеуі мүмкін.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тұрақтандыру қорларының жұмысын жетілдіруге ниетті екендерін жеткізді.

"Тоғыз тауар түрі бойынша біз тұрақтандыру қорларына негізделген механизмді жетілдіруді қарастырдық. Тұрақтандыру қорлары ол тауарларды форвардтық сатып алуға кіріседі. Нақтылағанда, қорлар өндірушілермен кредиттеу бойынша тікелей келісімшарт бекітеді. Соның негізінде ӘМАТ-қа жататын 19 тауардың бірінші кезеңде 9 түрін форвард түрінде, өндірілмей тұрып, алдын ала сатып алады", – деді Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары.

Бұған қоса, оның айтуынша, Президенттің тапсырмасы аясында "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ол өнімдерді орталықтандырылған түрде, соның ішінде форвардтық негізде сатып ала бастамақ.

Осы мақсатта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен, өнім өңдеушілермен және сауда желілерімен үшжақты келісімшартқа отыратын болады.

Үкімет осындай тетіктер әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын тұрақтандырады деп үміттенеді.

Әзірге, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ӘМАТ аймағын әрі  қарай қымбатшылық жайлауда.

ҰСБ хабарлауынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 2023 жылдың сәуірінен бергі бір жыл ішінде 100,7%-ға, жыл басынан бері 100,6%-ға өскен.

Соның ішінде, ең көп қымбатшылық қырыққабатқа (бағасы бір жылда 127,5%, жыл басынан бері 102,5% көтерілді), тазартылған күрішке (125,5% және 103%), жұмыртқаға (I-санаттағысы: 117,8% және 106,8%), сәбізге (116,7% және 104,7%), тұздалмаған сары майға (111,4% және 102,5%) тиесілі.

І-ші сортты бидай ұнынан пісірілген нанның бағасы бір жылда 106,2%-ға және биылғы жыл басынан бері 104,5%-ға, рожкилер – тиісінше 103,9% және 102,1%, сиыр еті (жауырын-төс бөлігі) – 106,8% және 101,1%, тауық еті (оның сан сүйегі және іргелес жұмсақ еті бар сан жілігі ғана ӘМАТ-қа жатады) – 108% және 104,1%, пастерленген сүт (майлылығы 2,5%-дығы ғана) – 110,6 және 103,4%, айран (2,5%-дысы) – 110,9% және 104,4%, сүзбе – 109,9% және 103,3%, тұз – 103,7%-ға қымбаттады.  

"Егер ӘМАТ бағасын түсіре алатын тетіктері болса, министрліктер оны іске қоспай, бұрын қайда қарап отырған?" деген әділетті сауал туындайды. Үкімет уәдесінде тұрып, қымбатшылықты тоқтата ала ма, оны уақыт көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу