Еліміздегі асқан қымбатшылыққа айыптылар анықталуда

7632

ӘМАТ-қа қатысты сауда үстемесінің шектеуін сақтамағаны үшін әкімшілік жаза қатайтылғалы жатыр.

Еліміздегі асқан қымбатшылыққа айыптылар анықталуда   Фото: semeytany.kz

Былтырғы жыл қорытындысында дүниежүзілік рейтингке кірген 151 мемлекеттің ішінде 130 елде инфляция төмендеп барады. Мысалы, ТМД-дағы Грузияда бағаның жылдық құнсыздануы бар-жоғы 0,4%-ды құрады. Қазақстан болса, билігі бағаны ырқына көндіре алмаған аз шоғыр аутсайдер елдердің қатарына кірді. Ол Азиядағы ең нашар көрсеткішке ие.

Республика Үкіметті жаңартқанымен, инфляция оған да бой беретін емес. Ұлттық статистика бюросы хабарлағандай, елімізде 2024 жылғы ақпан айының қорытындысында жылдық инфляция 9,3%-ға жетті. Алдыңғы қаңтар айында бұл көрсеткіш – 9,5% болды.

Тиісінше, Қазақстан халқы және тауарын теңгеге сататын бизнес ай сайын осындай қарқынмен кедейленеді.

Ұлттық статбюро инфляцияға серпін берген "драйверді" атады, бұл локомотиві – Үкіметтің былтыр іске қосқан, игілігін негізінен, жылу-энергетикалық кешендерді астына басқан олигархтар көріп отырған "Тарифті инвестицияға айырбастау" мембағдарламасы.

Тіпті ресми статистика бойынша өткен жылғы ақпанмен салыстырғанда, биылғы ақпанда тарифтер су бұруға – бірден 33,9%, орталықтан жылытуға – 30,9%, суық суға – 30,8%, қоқыс шығаруға – 30,7%, ыстық суға – 29,4%, электр энергиясына 19,9%-ға өсті. Былтыр да тариф жоғарылаған, алда тағы көтеріледі.

Дегенмен, құзырлы органдар "№1 айыптыны" белгіледі, ол әдеттегідей, шағын және орта бизнес болып шықты. Шенеуніктер кәсіпкерлерді бағаға қатысты спекуляциялары үшін енді аяусыз жазалайтын болады.

Осы мақсатта Мәжіліс депутаттарының назарына "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы енгізіледі. Құжаттың басты жаңалығы сол, қолданыстағы кодекстің "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерінен асып кету" атты 204-4-бабын өзгертеді.

Жобаны әзірлеген Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті оның бірінші кезекте, ӘМАТ өнімдеріне Үкімет бекіткен сауда үстемесінің лимитін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтінін хабарлады.

Қорқыныштысы сол, заңнаманы қатайтқанда, ел Үкіметі күйзелістен "көз ашпаған" Аргентинаны үлгіге алып отыр.

"Аргентина қайталана беретін экономикалық дағдарыстарына байланысты бағаны бақылайтын және жеткізілімдерді реттейтін заңдарды қолданудың ұзақ тарихы мен тәжірибесіне ие. Қазіргі уақытта бұл мәселелер 1974 жылғы "Жеткізу туралы" заңымен реттеледі. Бұл заңда 10 миллион песоға дейінгі айыппұлдар, жеңілдіктерден, арнайы салық режимдерінен айыру сияқты жазалар қарастырылған. Соның ішінде бағаны кез-келген, жасанды не негізсіз өсіру үшін, тауар жеткізіліміндегі кез келген кедергі, ауытқу үшін, жасанды делдалдарды құрып, құнын арттыру мақсатында материалдық құндылықтарды жою үшін жазаланады", – делінген қазақстандық Сауда комитетінің заң жобасына талдауында.

Осындай қатаң мемлекеттік бақылаудан, қатал жазалаудан Аргентина ұтқан болар? Тауарлар делдалдар мен үстемеақылардан арылып, тиын-тебен тұратын болар? Жоқ, керісінше, әлемдік инфляция бойынша рейтингте Аргентина №1 антилидер атанды. 2023 жылдың қорытындысында бұл ел көпжылдық жаһандық антилидер Венесуэланы (жылдық инфляциясының көлемі 190%) артқа тастады. Сөйтіп, ұлттық валютасының алапат девальвациясы аясында Аргентинада жылдық инфляция 211%-ға жетті.

Осындай елді үлгі-өнеге етсек, Қазақстанды болашақта осы құрдым күтіп тұрған жоқ па?

Қолданыстағы заң бойынша билік "оптовиктер" мен саудагерлерге ӘМАТ аталатын өнімдердің өзіндік бағасына 15%-дан артық үстеме қосуға тыйым салады. Сауда комитеті бағалардың қалай көтерілетініне нақты мысал келтірді.

"Талдау барысында анықталғандай, "Ивашин В.И." жеке кәсіпкерлігі "Milk Project" ЖШС-інен 200 грамдық "Садовый" сары майының әр қаптамасын 619,9 теңгеден сатып алды. Бұдан әрі жеке кәсіпкер сары майды "Milk Trade" ЖШС-не әр қаптамасын 744 теңгеден өткізді. Осы арқылы ол рұқсат етілген 15%-дық сауда үстемесінен асып кетті: 20%-ға жеткізді. Өз кезегінде "Milk Trade" ЖШС-і сары майдың әр қаптамасын "Феникс сауда үйі" ЖШС-не 890 теңгеден жеткізген. Ол да сауда үстемесінің шегін бұзды: үстемесі 19%-ды құрады. Осылайша, "Ивашин В.И." жеке кәсіпкерлігінің және "Milk Trade" ЖШС-нің ісінен "Сауда қызметін реттеу туралы" заңының 9-бабында көзделген заң бұзушылық белгілері тіркелді", – деп хабарлады сауда ведомствосы.

Мұндай мысалдары көп көрінеді. СИМ Сауда комитеті Мемлекеттік кірістер комитетінің электрондық шот-фактураларының деректері негізінде ӘМАТ үстемеақыларының  сақталуына мониторингті тұрақты жүргізуде.

Соның нәтижесінде сауда үстемесінің мөлшерін бұзу фактілері, монополияға қарсы заңнама аясында реттеуге жататын монополистер мен олардың өнімсіз делдалдары, салық органдарында тіркеусіз ӘМАТ-ты көтерме саудада өткізетін "оптовиктер" әшкереленіпті.

2023 жылы комитет аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерімен бірлесіп, дүкендер мен базарларға тауар жеткізетін 4 486 сауда тізбегін анықтады. Соның ішінде 824-і заңнаманы бұзады деген күдікке іліккен. Ведомство анықталған бұзушылықтарға байланысты тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлім етті.

Вице-премьер – Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 11 мамырдағы № 166-НҚ бұйрығына сәйкес, бүгінде Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізбесіне бұқара көп тұтынады деп саналатын 19 түрлі өнім кіреді. Арасында І сортты бидай ұны, пішінді ("кирпич") бидай наны, рожки, қарақұмық жармасы (гречка), күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), тауық еті (сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар сан жілік), майлылығы 2,5% және жұмсақ қаптамадағы сүт пен айран, сары май (72,5%), жұмыртқа, тұз бен сүзбе (творог, майлылығы 5-9%) жатады.

Заңмен бағасы тұсауланғанына қарамастан, бұлардың бәрі өзгелермен бірге қымбаттап барады. Сауда комитеті ӘМАТ-тардың үлкен тізбектің қай тұсында қымбаттайтынын анықтады.

ӘМАТ құнының өндірушіден тұтынушыға дейін өсуі:

Өндірушінің, шаруа қожалығының үстемеақысы өзіндік құнынан – 2-3%. Негізгі шығыны – тасымалдау, ол қашық орналасқанына және жүктің көлеміне байланысты;

Ірі көтерме саудагер, "оптовик" үстемесі – 2-5%. Бұлар көбінесе нарықта үстем доминант болып келеді. Үлкен ауқымдағы айналымы арқасында шығындары минималды, оған қойманы жалға алу кіруі мүмкін. Сондықтан өнімсіз буын, қажетсіз делдал ретінде әрекет етеді;

Базарлардың және өңірлердің көтерме саудагерлері – 5%-ға дейін үстемеақы қосады. Бұлардың шығыстары: қоймаларды жалға алу, қызметкерлерді жалдау;

ӘМАТ сатушылардың, базарлардағы павильондарды жалға алушы саудагерлердің үстемеақысы 15-тен 40%-ға дейін жетеді. Негізгі шығыстары: сауда орнын жалдау, базаркомдар жинайтын түрлі алымдар;

Үй жанындағы дүкендердің үстемеақысы ең көп саналады және 70%-ға дейін барады. Шығыстары: салықтар, коммуналдық төлемдер, қызметкерлерді жалдау;

Сауда комитетінің сарапшылары бұл қалыпты жағдайдағы үстемеақылар екенін ескертеді.

Тауар тапшылығы туындағанда, мерекелер қарсаңында, девальвация кезінде және басқа дүрбелең-ажиотаж кезеңінде үстемақылар 70 пайыздан бірнеше есеге дейін көтеріледі екен. Кәсіпкерлер ӘМАТ тауарларының бағасын мемлекеттік реттеуді сынап жүр.

Олардың байламынша, бұл нарықтық қатынастарға мүлдем қайшы және кеңес заманына қалған әдіс. Дамыған елдер басқа жолмен кетті. Табысы нанға май жағып жеуге ғана жететін кедейлерді, жұмыссыздарды жеке қолдайды, жәрдемақылар береді. Америкада Food bank сияқты қайырымдылық ұйымдарының желісі азық-түлік тауарларының неше түрін қалаған көлемде тегін тарататынын сол елге қоныс аударған ресейлік релоканттар үнемі көрсетеді.

"Базарларда, нарықта бағалардың қымбаттауына көбіне тауарлардың аздығы немесе жеткізілімдердің тоқтап қалуы, яғни жеткізілімдегі іркілістер ықпал етеді. Егер тауар жоқ болса, кәсіпкер қолында бар тауарын қымбатырақ өткізуі керек. Олай жасамаса, бұл айда табысы құлдырайды, шығынын өтей алмай қалады. Салығын да аз төлейді, онда салықшы тексереді. Бұған жол бермеудің баға көтеруден басқа тетігі кәсіпкерде жоқ. Әрине, кез келген өндіруші өз өнімін бірнеше есе қымбатқа сатып, байығысы келеді. Бірақ оған сатып алушылар жол бермейді. Саудагер де, тұтынушы да тиімді бағаны іздейді. Бәсекелестік қызғанда, тіпті бағаны өзіндік құннан төмен түсіруге мәжбүрміз. Онсыз сөреден айрылып қаламыз", – деді "Тэрра" шаруа қожалығының басшысы, қостанайлық кәсіпкерлік қауымдастық жетекшісі Владимир Семейкин.

Егер сөреде сүт түрлері қаптап тұрса, олардың литрі 500-600 аралығында болса, әлдебір өндіруші жұмсақ қаптамадағы сүтін 1 мың теңгеден өткізе алмайды, бар өнімін құртып тынады. Егер сөреде тек сол сүт қана тұрса, ол оны 1 мың түгіл, 2 мыңнан да бұлдай алады.

Ендеше сарапшылардың пікірінше, бағаны құрықтау үшін мемлекет біріншіден, бәсекелестікті арттыруы керек, екіншіден, өндірушілер арасында баға бойынша ымыраласуына жол бермеуі керек.

Үкіметтің бағдары басқа, заң жобасы аясында ӘМАТ-қа 15 пайыздан артық үстеме қосушыларға бірінші жолы ескерту ғана жасау алып тасталады. Оның орнына ӘМАТ-қа сауда үстемесінің мөлшерін сақтамаған жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлерге бірден – 5 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (биыл 553,8 мың теңге) айыппұл салу ұсынылып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу