Мемлекет миллиардтаған субсидияны кері тартып алуға кірісті

3873

Билік отандық өндірушілерді қиын кезеңде қолдау орнына, қиғылық салуда, деп жазады Inbusiness.kz.

Мемлекет миллиардтаған субсидияны кері тартып алуға кірісті

Субсидиялау тетігін әлемдегі салмақты елдердің бәрі қолданады. Алдыңғы қатарлы мемлекеттерде бұл – отандық өндірушіні қолдаудың тиімді, тегеурінді құралы. Ал Қазақстанда тексерушілер оны қақпан ретінде пайдаланады. Осы арқылы олар қаншама кәсіпкерді қолға түсіріп, жазалап, есептері мен көрсеткіштерін көркейтті.

Бизнесмендерге бұл тұзаққа түспеу қиын: субсидиялау ережелері тым күрделі, әрі ойын ережесі де өзгере береді. Салдарынан, ол кәсіпкерді шырғалаңға салады, құртуға бастайтын құрдым-шыңырауға айналады.

Сондықтан биылғы жолдауында Мемлекет басшысына мұны мәселе етіп көтеруіне тура келді, ол Үкіметке субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыруды жүктеді. Президенттің мәліметінше, соңғы 5 жылда субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы шығындалыпты: Қ.Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отырғанын қынжыла жеткізді және "бұған жол беруге болмайды" деп қадап айтты.

Бірақ биліктегілер шаруадан заңды жолмен алып, игерген субсидиясын тартып алуға талаптануын қоятын емес.

Еуропа елдерінде, тіпті бұрын соцлагерьге кірген Польшада фермерлер нақты қандай жетістікке жетсе, мемлекеттен нақты қандай қолдау және демеуқаржы алатынын біледі. Сондықтан олардың ауыл шаруашылығы өндірушілері бірнеше жылға бизнес жоспар құрады, өркендеу жолын бағамдайды. Сөйтіп, жыл сайын өнім өндіру технологияларын жетілдіріп, мемлекеттен тұрақты көмек алады. Елді өрге сүйрейді.

Қазақстанда аграршы бес-он жыл түгіл, бүгін-ертең жағдайы не болатынын болжап біле алмайды. 

Кәрі сиыр орнын қашар басса несі айып?

Мысалы, ақтөбелік фермер "жемазық шығындарының құнын арзандату" бағыты бойынша 2020 жылы мемлекеттен қомақты субсидия алып, шаруасы шалқып кетпесе де, біраз еңсе тіктейді. Орта кәсіпкерлік нысанына жататын бұл өндіруші бидай және бұршақ дақылдарын, жем-шөп өсірумен, мал шаруашылығымен, сүт және сүт өнімдерін шығарумен, әртүрлі тауарлардың кең ассортиментін көтерме сатумен айналысады екен.

Ауыл кәсіпкері 2020 жылғы қазан-қараша аралығында жалпы саны 1 432 сиырдың жемазығы шығынын арзандату үшін субсидияға өтініш береді.

"2020 және 2021 жылдары қолданылатын ережелерге сәйкес, бұл бағыт бойынша субсидия алған шаруашылық өз мойнына міндеттеме алады. Атап айтқанда, табиғи өлім-жітім нормасы шегінен аспайтын көлемде өлгендерін қоспағанда, субсидияланған сиыр басының бүтіндігін жыл бойы қамтамасыз етуі шарт. Егер малдың сақталуын қамтамасыз ете алмаса, алған субсидияны қайтаруға міндетті. Осы талапқа келісемін деп қол қойдым. Алайда 2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша біздің шаруашылық субсидия алынған 1 432 сиырдың ішінен 339-ын сатуға, союға мәжбүр болды. Соның ішінде 19 асыл тұқымды сиыр Қазақстандағы өзге фермерлерге асылдандыру мақсатында сатылды", – дейді шаруашылық басшысы Данияр Отарбаев.

Биыл тексеру жүргізген Мәртөк аудандық прокуратурасы одан қатардан шығып қалған сиырлар үшін 5,9 миллион теңгені қайтаруды талап етеді. Фермер талапты орындаған. Енді оған қоса, тағы ондаған миллион теңгені қайтаруға міндеттеп отырған көрінеді.

"Бұрын қайтарылған субсидия сыртында біз тағы 30 миллион теңгедей субсидияны қайтаруға тиіс екенбіз. Осы орайда бір нәрсені атап өткім келеді: егер былтыр тек 1 432 сиыр үшін субсидия алсақ, 2021 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша фермамыздағы субсидиялауға жататын сиыр саны 1 523 басқа жетті. Яғни, жыл бойы союға және асыл тұқым үшін сатуға қарамастан, біз мал басын сақтап қана қоймай, оны 91 басқа көбейте алдық. Бірақ бұл есепке алынбайды. Себебі субсидия нақты бір сиырға беріледі екен. Сондықтан Үкіметтен демеуқаржыны нақты сиырға бекітпей, кәсіпорындағы жалпы аналық мал басына белгілеуді сұраймыз. Сонда мал басын арттырған фермерлерге субсидияны кері қайтару талабы қойылмас еді", – дейді Д.Отарбаев.

Әрине, қазіргі кезде әрбір мал есепке алынады, жеке нөмірі бекітіледі, құлағына белгі-сырғасы тағылады. Бірақ "ат тұяғын тай басар" дегендей, сойылған кәрілеу сиырдың орнын жас қашар-құнажындар басса, бұл мал басын көбейтуге ықпал етпей ме? Яғни, сол үшін субсидияны кері өндірту абсурд болса керек.

"Сондай-ақ елдегі өзге фермалардағы малдарды асылдандыру үшін сатылған мал үшін де субсидияны қайтаруды талап етпесе, осыны келісімшартқа енгізсе екен. Бұл мәселелер оң шешілсе, біз сияқты фермерлерге қуаңшылық пен жемазық тапшылығы туындаған күрделі шақта аман қалуға, кәсіпті жалғастыруға мүмкіндік берер еді", – дейді ақтөбелік шаруа.

Омбудсмен Бас прокурордан не сұрады?

Бизнес-омбудсмен Рүстем Жүрсінов ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бюджет қаражатын негізсіз қайтаруды талап етіп жатқанына шағымданып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде билік 100 агроөнеркәсіптік кешен субъектісінен миллиардтаған соманы өндіріп алуға кірісуде.

Өйткені прокурорлар барлық 17 өңірдің әкімдіктеріне ұйғарым енгізіпті: әкімқаралар 2017–2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту мембағдарламасын жүзеге асыру аясында субсидия беру кезінде жіберілген заңбұзушылықтарды жоюға тиіс. Содан үрейленген ауыл шаруашылығы басқармалары бөлінген қаражаттарды жаппай қайтару үшін сотқа талап арыз беру жұмысын бастапты.

"Бизнес-омбудсмен кеңсесі қалыптасқан жағдайға талдау жүргізді. Қорытындысында АӨК-тің 100-ден астам субъектісін бюджетке 5 миллиардтай теңгені қайтаруға міндеттегені белгілі болды. Субсидияларды қайтарып алуға мемлекеттік аудиторлардың қорытындысы негіз болған. Олардың байламы көп сұрақ туғызады. Мемлекет мүддесіне нұқсан келтірілгені туралы тұжырымды күмәнді деп санаймын. Себебі, субсидиялар АӨК субъектілеріне әзірге берілмеген, бюджеттен тікелей "Аграрлық кредиттік корпорацияға" төленген. Яғни, бюджет қаржысы мемлекеттік қатысымдағы заңды тұлғаның қарауында қалды", – дейді Рүстем Жүрсінов.

Ол құзырлы органдардың қандай бұзушылықты анықтағанына тоқталды. Мысалы, жылыжай кешенін ашатын не қолданыстағысын кеңейтетін фермер Qoldau ақпараттық жүйесінде тиісті №17-ші жоба паспортын таңдауы шарт. Бірақ онда осы үшін қажетті құрал-жабдықты субсидиялау қарастырылмаған, тек "жылыжай құрылысы" және "жылыжайды кеңейту" функциялары көзделген. Сондықтан фермер Qoldau жүйесінде өтініш қалдырғанда, "құрылыс" дегенді таңдайды.

Ал "Аграрлық кредиттік корпорация" кредиттік комитеттің шешімінде заемның нысаналы мақсаты ретінде "құрал-жабдықты сатып алуды" көрсетеді. Тексерушілер мұны қайшылық деп таныған.

"Фермер жабдығын орнатып, жылыжай салады. Бұдан мемлекетке ешқандай нұқсан, шығын келмейді деп санаймын. Сол себепті Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке хат жазып, негізсіз субсидия ұсыну фактілері бойынша жүргізілген жұмыс нәтижелерін қайта қарауды сұрадым. Бас прокурордан талдау негізінде аумақтық прокуратураларға әкімдіктерге енгізген бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдарын кері алып қоюды тапсыруды өтіндім", – деді бизнес-омбудсмен.

Мемлекетте ауыл кәсіпкерінің мұңына құлақ қояр тұлға табылса жақсы.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу