Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарда жалға беру бағасы 15-тен 40 пайызға дейін өсті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
21 қыркүйектен бері ресейліктердің Қазақстанға үдере көшуін әркім әртүрлі топшылады. Сарапшылар экономикалық қауіп-қатер жағын талқыласа, жалдамалы пәтерде жүрген халық бағаның өскен айтуда. Желіде жатақханадан орын таппай, хостел жағалап жүрген жастар енді далада түнеп жүргені туралы деректер тарауда. Салдарынан тұрғын үй нарығындағы өзгеріс бүгінде ең өзекті тақырыпқа айналды.
Krisha.kz сарапшыларының дерегінше, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодарда сұраныс айтарлықтай артқан.
Ақтөбе мен Оралда бір аптада (19-25 қыркүйек аралығында) өткен аптамен салыстырғанда (12 қыркүйектен 18 қыркүйекке дейін) жалдау ақысы орташа есеппен 34%-ға, Атырауда 40%-ға, Қостанайда – 25%-ға, Павлодарда – 19%-ға, Семей мен Петропавлда шамамен 15%-ға өсті.
Елорда мен орталық қалаларда әзірге күрт өсу байқалмайды. Астанада орташа жалдау ақысы 5,6%-ға, Алматыда 5,1% динамика көрсетті. Орташа нарықтық бағадан едәуір жоғары сома сұрап тұрған хабарландырулар да кездеседі.
Кейбір қалаларда баға мен сұраныстың өзгеруі мүлде байқалмайды. Мәселен, Шымкент, Қарағанды, Көкшетау, Түркістан, Талдықорған, Жезқазған және т.б. өңірлер. Мұнда жалдау ақысы 1-3% аралығында ғана құбылған.
Қазақстандағы жалдау ақысы ең қымбат қала – Алматы. Мегаполисте орта есеппен 1 шаршы метр 5 435 теңгеге жалға беріледі. Осылайша, қаланың ішінде 1 бөлмелі пәтерді жалға алу айына шамамен 200 мың теңге тұрады.
Алматылық косметолог Сәуле Ахметова қаланың орталығында пәтер жалдап, кәсібін дөңгелетіп отырған қазақстандықтардың бірі еді. "Еді" деп жазып отырғанымыз кейіпкерімізге 23 қыркүйектен бері басқа басқа пәтер іздеп, көшуге тура келген. Себебі жылжымайтын мүлік иесі тұрғын үй ақысын 2-3 есе көтеріп жіберген. Алматыда мұндай мысалдар жетіп артылады. Сарапшылар мұны "сұраныстың артуынан туындаған қымбатшылық" деп түсіндіруде.
Жалға алушылардың құқығы қорғалған ба?
Жалға алу – бұл пәтер иесі мен жалға алушы арасындағы азаматтық мәміле. Ал қандай да бір жолмен оны реттеу үшін қос тарап арнайы келісім жасауы керек. Онда төлем, қосымша төлемдер, бағаны көтеру, көшу сынды негізгі мәселелер жазылады. Жалдау шарты болмағанның өзінде меншік иесі бағаны жылына бір реттен артық көтере алмайды. Бұл Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 546-бабы, арнайы бөлімінде қарастырылған.
Жалдау шартын жазбаша түрде жасасқан жөн. Бұл болашақта даулы жағдайларды шешуге көмектеседі. Ал тараптар келіспеген жағдайда жалға алушы пәтер иесінің үйді босату туралы ескертпесінен кейін тек бір айдан соң көшуге құқылы.
Айта кететіні, тұрғын үйді жалға беретін меншік иелері арнайы тіркеуден өтіп, салық төлеуі керек.
Шетелдіктерге баспана бергендерге айыппұл салынуы мүмкін
Шетелдіктерге тұрғын үйді заңсыз жалға бергендер жазалануы мүмкін. Оған 92 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, бұндай келеңсіздіктер орын алмас үшін пәтер иелері Көші-қон полициясына хабарлама жіберіп, үш жұмыс күні ішінде келген азаматтарды тіркеуі керек.
Сонымен қатар жалдау ақысы тек теңгемен көрсетілуі керек. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге, барлық келісімшарттарда, мәмілелер сомасы құжата тек теңгемен көрсетілуі шарт.
Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұзған шетелдікке тұрғын үй жалға бергендерге де жаза қарастырылған. Бірінші рет бұл 25 АЕК (76,5 мың теңге). Ал бір жыл ішінде бұзушылық қайталанса – 30 АЕК (91,9 мың теңге) айыппұл қарастырылған.
Мемлекет бұған енді назар аударды
Осындай мәселелерден кейін ел билігі жалдау нарығын реттеу туралы ойлана бастағандай. Бүгінде тұрғын үйді жалға беретін меншік иелерінің тізілімін құру жоспарлануда.
"Енді бұл мәселе бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бұл мәселені қарап, өз ұсыныстарын енгізу туралы жеке тапсырма берілді. Жақында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осы бағытта ұсыныстарын айтады деп ойлаймын", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Орталық көммуникациялар алаңында өткен брифингте.
Еске сала кетсек, 1 сәуірден бері 93 мың ресейлік ЖСН алса, азаматтық алуға 441 адам өтініш білдірген.