Мемлекет салық есебінен күн көруді үйреніп келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2815

Бюджеттегі салық түсімдерінің үлесі ұлғайды.

Мемлекет салық есебінен күн көруді үйреніп келеді

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет 2,9 трлн теңгеге толықты. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10,3%-ға артық. Былтыр көрсеткіш 15%-ға өсіп, 2,7 трлн теңгені құраған еді. Ал 2017 жылы көрсеткіш 25,3% ұлғайған.

Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекеттік бюджетті толтырудың әртүрлі көздерін дамыту саясаты жүріп жатыр. Осы мақсатта қаржы министрі Смайыловқа бюджет шығындарын оңтайландырып, кедендік және салықтық әкімшіліктің тиімділігін арттыру тапсырылған. 

Мемлекеттік бюджет түсімдерінің ішінде ең үлкен үлесті, әдеттегіше, салықтық түсімдер алады. Былтыр салықтық түсімдер мемлекеттік бюджеттің 67,3 пайызын қамтамасыз етсе, биыл көрсеткіш 70,6 пайызға жетті.

Екінші орында трансферттер. Былтыр мемлекеттік бюджеттің 27 пайызын трансферттер иеленген болса, биыл оның үлесі аздап 0,6 пайызға төмендеген екен.

Салықтық емес түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түскен табыс тиісінше 46,5 млрд және 23,7 млрд теңгені құрап отыр. Олардың мемлекеттік бюджеттегі жалпы үлесі 2,4%. Айта кетерлігі, салықтық емес түсімдер былтырғыдан 11,6 пайызға азайса, негізгі капиталды сатқаннан түскен пайда 21,3 пайызға өсіпті.

Салықтық түсімдер жылдың алғашқы үш айында 2,1 трлн теңгені құрап, өткен жылғы осы уақыттағыдан 15,7% -ға өсім көрсетті.

Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, биылғы бірінші тоқсанда мемлекеттік бюджет 104,5%-ға, республикалық бюджет 101,3%-ға, жергілікті бюджет 114,7%-ға орындалған. Ал салық және кедендік әкімшілік есебінен бюджетке қосымша салық және кеден төлемдерінің жоспары 121,3%-ға орындалған.

Салық түсімдері осылайша биыл рекордтық көрсеткішке жетіп, бірінші тоқсанда 2,1 трлн теңгені құрады. Дегенмен ең қарқынды өсім 2016 болған екен. Ол кезде көрсеткіш 39 пайызға ұлғайып 1,4 трлн теңгеге жеткен болатын.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу