2019 жылға арналған ел бюджетінің жобасын өткен аптада Сенат толықтырулар енгізіп, Мәжіліске кері қайтарған болатын. Ал Мәжілістің бүгінгі отырысында депутаттар сенаторлар енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келімін берді. Осылайша, Парламент 2019 жылға арналған республикалық бюджетті бекітті.
Биылғы бюджет шығындарының жалпы көлемі – 11,9 трлн теңге. Бюджет көлемі бекітілген деңгейден 1,2 трлн теңгеге көбейіп отыр. Қазына шығындарын көбейту туралы өзгерістерді Сенат депутаттары енгізді.
Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Серік Құсайынов атап өткендей, бюджет көлемін арттыру ел астанасын Нұр-Сұлтан деп ауыстыруға, жаңа мемлекеттік орган – Қазақстанның Тұңғыш Президенті канцеляриясын құруға, сондай-ақ аз жалақы алатын бюджет қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын көтеру мерзімін 1 шілдеден 1 маусымға ауыстыру үшін қажет. Аталған тапсырмаларды орындауға 38 млрд теңге керек.
2019 жылғы бюджеттің кіріс көлемі трансферттерді есепке алмағанда 9,986 трлн теңге деп көрсетілген. Бұл бекітілген жоспардан 200,4 млрд теңгеге көп. Сонымен қатар, Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі биыл 250 млрд теңгеге ұлғайған.
Деректерге сүйенсек, биыл мұнай бағасы барреліне 55 доллар көлемінде сақталмақ. Ал жалпы ішкі өнім көлемі 64 трлн теңгені құрайды деп күтілуде. Бұл 2018 жылдың қараша айындағы көрсеткіштен 323,5 млрд теңгеге артық. 2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 3,8 пайызды құрамақ. Ұлттық банк межелеген инфляция көлемі – 4-6 пайыз.
Фархат Әміренов