Тұтас облыстың бюджеті игерілмей қалды – Мәжіліс депутаты

14902

Депутат Жәмила Нұрмамбетова Ұлттық экономика мен Қаржы министрлерінен жыл соңында игерілмеген қаражатты оңтайландырып құтылу дәстүрінен бас тартуды талап етті.

Тұтас облыстың бюджеті игерілмей қалды – Мәжіліс депутаты

Биылғы республикалық бюджеттің шығыс көзінен 300 млрд теңге оңтайландырылатын болыпты. Мәжіліс депутаты Жәмила Нұрмамбетованың айтуынша, бюджет жобасының түсіндірме жазбасында осылай деп көрсетілген.

"Көріп отырғанымыздай, бұл сома тұтас бір облыстың бюджетімен салыстыруға болатындай қомақты.  Мұны оңтайландыру деп емес, бюджеттің игерілмей қалатынын болжай отырып, қайта бөлу деп атаған дұрыс болар еді. Оның үстіне сәуір айында бюджет нақтыланған болатын. Осы нақтылаудан кейін Үкімет бюджетті жалпы бюджет қаржысының 10 %-ы  аясында екі мәрте түзетті. Мұндай оңтайландырудың негізгі себебі – сапасыз жоспарлау. Руслан Ерболатұлы, сіздің ведомство бюджеттік жоспарлаудың салааралық үйлестіруі мен басқаруды жүзеге асырады. Осыған байланыс айтыңызшы, бюджеттік жоспарлау сапасы қашан жақсарады? Бітіп бермейтін оңтайландыруларды болдырмау үшін қандай шара қабылдайсыздар", – деген Мәжіліс өкілі сауалының бір бөлігін Қаржы министріне бағыттады.

"Ерлан Кенжебекұлы, Қаржы министрлігі бюджетті жыл соңында дәстүрлі түрде оңтайландыруды болдырмау үшін қандай шара қабылдап жатыр? Мәніне үңілсек, бұл қаражатты жай ғана қайта бөліп, игере алмағандардан немесе үлгермей жатқандардан басқаға бере салу ғой", – деді  ол.

 Ұлттық экономика министрінің жауабына сенсек, жыл бойында енгізілген заңнамалық өзгертулер мемлекеттік органдардың бюджетті жоспарлау кезіндегі жауапкершілігін барынша арттырған. Осы бағытта жасалған шараларды Руслан Дәленов бір-бірден тізбелеп шықты.

Біріншіден, биыл мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлауының жаңа форматы енгізіліпті. Ол құжатта нәтижеге байланысты қаржы қарастырылған. Бұл бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен игерілген қаражаттың ақырғы нәтижесін сұрауға мүмкіндік береді.

Екіншіден,  бюджет процесін реформалау жоспарлануда. Бюджет лимиттері стратегиялық жоспарлар бекітілгеннен кейін ғана белгіленеді. Осылайша бюджеттің мақсатқа сай  орындалып, сапалы жоспарлануына жол ашады.

Үшіншіден, сұралып отырған бюджеттің экономикалық өтеуін жоспарлау кезеңінде, яғни бюджеттік тапсырыс кезеңінде сұрау жоспарланып отыр. Бұл бюджетке тек жақсы экономикалық әсері бар шығындарды енгізуге мүмкіндік беретін көрінеді.

Төртіншіден, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жанынан тұрақты шығындар бойынша ведомстволық бюджет комиссиясын енгізу жоспарлануда. Бұл бастама бюджеттік тапсырыстардың сапасын көтеруге бағытталған.

Бесіншіден, негізгі бюджеттік коэфиценттерді енгізу күтілуде. Осының бюджеттік жоспарлауды бастапқы кезеңде-ақ сапалы етуге мүмкіндік береді.

"Аталған түзетулер Парламент Мәжілісіне жуықта ұсынылған бюджеттік заңнаманы жетілдіру жөніндегі заң жобасына  енгізілді", – дейді министр.

Ал қаржы министрі Ерлан Жамаубаевтың айтуынша, биыл бюджет жобаларын қағазсыз қалыптастыру қолға алынған. Бұдан әрі  цифрландыру процесі күшейтіліп, бюджетті жоспарлаудың ақпараттық жүйесін мемлекеттік органдардың деректер базасымен кіріктірілмек.

"Мемлекеттік сатып алу туралы заңға таяуда өзгертулер енгіздік. Ол бойынша мемлекеттік сатып алу кезінде үнемделген қаражат бірден бюджетке қайтарылатын болды. Бұл, біріншіден, жоспарлау кезінде баға параметрлерін көтеруге жол бермейді. Екіншіден, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері үнемделген қаражатты бюджет өз бетімен қолдана алмайды және бюджет нақтылағанша ұстап отыра алмайды. Яғни артылған ақша бюджет нақтыланбай тұрып қайтарылады",– деді ведомство басшысы.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу