Шымкент қазынасы 6 миллиардтан астам теңгеден қағылды

17313

Биылғы жылға арналған бюджеттің атқарылуы барысында республикалық бюджеттен үшінші мегаполиске бөлінген қаражаттың 6458,2 млн теңгесі ақтауға келмейтін себептермен қысқартуға ұсынылған. 

Шымкент қазынасы 6 миллиардтан астам теңгеден қағылды

Оның ішінде, 5052 млн теңге көлеміндегі қаражат бюджет әкімшісі болып табылатын басқармалар тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурстарын мерзімінен шектен тыс кеш өткізуі салдарынан қысқартылған.

Шымкент қаласы әкімдігінің салалық басқармаларында бюджеттік тәртіп талаптарының орындалмауы салдарынан бірқатар жобалардың іске асырылу мерзімі кейінге шегерілмек екен. Нақтырақ айтқанда, басқарма басшыларының өздеріне жүктелген міндеттерді дұрыс атқармауы, қаржылық жоспарлауды талапқа сай жүргізбеуі, қала әкімінің салалық орынбасары тарапынан тиісті бақылаудың болмағандығы салдарынан мемлекеттік сатып алу конкурстары жыл ортасына дейін созылған.

"Жұмыстың тиімді бағыттары белгіленбеуі, салалық басқарма тарапынан қолға алынған жобалардың қадағалаудың жоқтығынан жүйелі іске асырылмауы, шаһардың солтүстік-батыс бөлігіне жүргізілуі тиіс инженерлік-инфрақұрылымдарды дамыту жобасына қаралған барлығы 1 116,9 млн теңгенің 522 млн теңгесі қысқартуға жолданған. Оған басты себеп – 16 кредитті тұрғын үйдің құрылысын 2020 жылы аяқтау жоспарланған. Яғни, бюджеттік жоспар жыл басында дұрыс түзілмеген", – деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігі.

Өкінішке қарай, кері қайтарылуға тиіс республикалық қаражат ішінде Шымкент қаласының білім саласы бойынша 2410,1 млн  теңге қысқартуға ұсынылған. Оның да басты себебі – мемлекеттік сатып алу конкурстарының мерзімінен кеш өтуі. Салалық басқарманың салғырттығынан қаладағы №23 мектеп қосымша ғимаратсыз қалса, "Асар-2" шағынауданының тұрғындары 1200 орындық жаңа мектептен қағылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімдері кейінге шегерілмекші.

Бүгінде үшінші мегаполисте мектеп жетіспеушілігі мәселесі өзекті екені баршаға аян. Жуырда ғана  №80 жалпы орта мектептен шыққан шу соның айғағы десе болады. Ал, қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваның айтуынша, шаһардағы 19 мектептің балалары үш ауысымда оқиды.  Үш мектеп қосымша ғимараттарды жалға алады екен. Яғни, жауаптылардың салғырттығынан бұл мәселе жуырда шешіле қоймайтын секілді.

 Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу