Үкімет отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджетті уақтылы игере алмаған органдардың басшыларын жауапқа тартуды сұрады.
"Республикалық бюджеттің шығыстары 9,5 трлн теңгені немесе 99,2%-ды құрады. 79 млрд теңге орындалған жоқ. Оның ішінде үнемдеуге 11 млрд теңге жатады. 68 млрд теңге игерілмеген. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 100,1 млрд теңге, Білім және ғылым министрлігі 9,3 млрд теңге, Индустрия және инновациялық даму министрлігі 7,8 млрд теңге, Мәдениет және спорт министрлігі 6,1 млрд теңге, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 5,1 млрд теңге игермеген", – деген Үкімет өкілі жергілікті бюджетті жарытып игермеген облыстарды да атады.
"Жергілікті бюджетті ең көп игермеу мынадай өңірлерде қалыптасты. Нұр-Сұлтан қаласы 6,1 млрд теңге, Алматы қаласы 4,9 млрд теңге, Түркістан облысы 3,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысы 2,9 млрд теңге игермеген. Бюджеттің үш рет нақтыланып, 2 рет түзетілгеніне қарамастан, орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктер 10 айдың қорытындысы бойынша қомақты мөлшерде бюджет қаражатын игермеген. Сол себепті, Асқар Ұзақбайұлы, бюджет қаражатының игерілмеуіне себеп болғаны үшін жоғарыда айтылған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың тиісті бағдарламалар жетекшілерін жауапқа тартуды сұраймын. Жақында ғана Парламент бюджеттік заңнамаға тиісті түзетулерді қабылдады. Ол түзетулер бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау мен пайдалануда жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Осы бұзушылықтарға енді әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл ретте әкімшілік жауапкершілікке бюджеттік бағдарламалардың жетекшілері ғана емес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары да тартылатын болады. Бұл түзету 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап заңдық күшіне енеді", – деді Әлихан Смайылов.
Есімжан Нақтыбайұлы