Мемлекеттен машина алғандар өкініп жатыр

18107

Аукциондағы арзан автомобильге қызыққан қазақстандықтар қол жеткізген дүниесінен көңілі қалуда, деп жазады Inbusiness.kz.   

Мемлекеттен машина алғандар өкініп жатыр

Аукцион тұрғанда, Арменияға неге шабылады?

Е-qazyna мемлекеттік мүлік реестрі адамдарды бағасы төмен тауарларымен үнемі тартып тұрады. Мысалы, Атырау мемлекеттік мүлік департаменті 2013 жылғы "Шевроле Нива 212300-55 LC" көлігін – 332 000 мың теңгеге, Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті SsangYong Kyron-ды – 1,8 миллион, 2010 жылғы Volkswagen Jetta-ны – 1,4 млн, Škoda Rapid-ті – 1,2 млн, ал 2012 жылғы Škoda Octavia-ны – 881 мың теңгеге сатып алуды ұсынады. Салон түгіл, тіпті қайталама нарықта да мұндай аз қаражатқа жақсы көлік табылмайтыны белгілі.

Егер ауыр не ауыл шаруашылығы техникасы керек болса, ол да бар: елордада орналасқан "ҚазТрансГаз Өнімдері" 2003 жылғы "КамАз"-ды – 1,9 млн теңгеге (нарықтағы бағасы шамамен 14 миллион), 2012 жылғы "DAEWOO BS" автобусын – 2,2 миллион теңгеге, 2004 жылғы "ЛИАЗ 525633-10" автобусын – 1,3 миллион теңгеге саудаға шығарып отыр. Өзге де "майшелпек" ұсыныстар толып жатыр.

Яғни, өз елімізде осындай арзан көлік үлкен көлемде ұсынылып отырғанда, Армения, Қырғызстанға көз сүзудің қажеті жоқтай көрінеді. Шынында олай емес екен.

Д.Егізбеков таяуда "Госреестер" арқылы ұйымдастырылған аукционға қатысып, жеңімпаз атанады. Хаттамаға және келісімге қол қойған ол арнайы техниканы арзандау алғанына қуанған. Алайда ізінше қуанышы су сепкендей басылыпты.

"Сатып алған арнайы техникамды дұрыстап қарасам, ол апатты жағдайға жетіпті. Кабинасы топсасына әзер ілініп тұр. Терезелері шағылған. Машина оталмайды. Барлық жерінен майы ағып жатыр. Сымдары үзілген. Кез келген параметрі бойынша Бағалау туралы есепте жазылған деректерге сәйкес келмейді. Оның үстіне машинаны есепте көрсетілген жерден 150 шақырым қашық орыннан тауып алдым. Саудаға қатыспас бұрын Бағалау туралы есеппен танысқанмын, онда арнайы техника қанағаттанарлық жағдайда екені көрсетілген. Мен мұндай жайрап қалғалы тұрған көлікті алғым келмейді, бас тарттым, кепілді жарнамды қайтарып алуға тырысамын", – деп  өкінеді.

Сатылған көлік неге тоналады?

Берік Керімбеков біраз жыл бұрын ұқсас оқиғаға кезігіпті: Қостанай облысы әкімдігінің Қаржы басқармасы аукционға шығарған "ВАЗ 2109904" көлігін су-тегінге иеленеді. Сатып алу-сату келісіміне қол қойған соң Арқалықтан алып кетуге барады.

"Машина құнын толық көлемде төлегенмін. Аукционға дейін ол техникалық тұрғыдан жарамды болған. Мұны техникалық жай-күйі жөніндегі акті растайды. Әкімдіктің құрылымдарында не былық болып жатқанын білмеймін, бірақ мен барғанша, көлігімді ту-талақай талап кетіпті. Салдарынан, ол жарамсыз күйге түскен. Неге бұлар сатылған көліктің тауарлық сипатта, жақсы күйде сақталуын қадағаламайды? Шенеуніктер бөтеннің мүлкін ұрлап, таран-тараж етуге дәнігіп алған ба?", – деп күйінеді Берік.

Бейбарыс Қ. биылғы сәуірде gosreestr.kz порталы арқылы саудаға қатысып, Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы өткізген "КамАзды" сатып алады. Ол саудаға дейін аталған порталда қоса берілген құжаттамамен мұқият танысады. Онда техниканың қанағаттанарлық жай-күйде екені және қазіргі кезде пайдаланылатыны мәлімделген.  

"Саудаға дейін оны дұрыстап қарай алмадым. Себебі "КамАз" құжаттарында көрсетілген мекенжайда, елордадағы Тайбурыл көшесіндегі нысанда болмай шықты. Оны тек саудаға 1 күн қалғанда Нұр-Сұлтанның Ақсай көшесіндегі мекенжайдан тауып алдым. Қараңғылық түскен шақ болғандықтан, толыққанды зер сала қарау мүмкін болмады. Порталда объектінің орналасқан жері дұрыс жазылғанда сатып алғысы келген адамдар күндіз, әрі асықпай қарайтын еді. Ақыры қоса берілген құжаттамадағы деректерге сенуге тура келді. Сауда өткен күні оның толық құнын – 2 341 000 теңгені төледім. Тек машинаны алып кетуге барғанымда ғана порталдағы ақпарат шындыққа жанаспайтынын бір-ақ білдім", – дейді Бейбарыс.

Оның айтуынша, "КамАздың" аккумуляторлық батареялары жоқ болып шыққан. Алдыңғы доңғалақтары жарамсыз күйге жеткен. Шанақ-кузов рамасының конструкциясы жарылып кеткен. Салмақты ақаулары бар. "Қазіргі кезде пайдаланылуда" деген мәлімет те өтірік көрінеді. Активі саудаға қойылған борышкер компанияның қызметкерлері бұл "КамАздың" 2–3 жылдан бері қолданылмағанын хабарлапты.

Сондықтан ол объектіні сатқан мемкірістер органынан бұл көлікті құжаттамасында көрсетілген жай-күйге келтіру шараларын қабылдауды немесе 2,3 миллион теңгесін қайтарып беруді талап етпек ниетте.

Нұркен Дәуренұлы да электронды аукцион арқылы автомобиль иеленген. Көліктің жағдайына көңілі толыпты. Алайда оны өз атына тіркеуге барса, бұрынғы иесінің атына есептелген, сомасы тым қомақты 9 айыппұл шығады. Құзырлы органдар машинаны тіркеу үшін оларды толық өтеуді жаңа қожайыннан талап еткен.

Ақшасы тек сот арқылы қайтарылады

Мемлекеттік кірістер комитеті осы шағымдарға орай түсініктеме берді. Оның хабарлауынша, егер салық төлеушілер – жеке азаматтар мен кәсіпкерлік нысандары салық органына бюджетке төленуге міндетті төлемдер мен салықтар бойынша берешек болып қалса, әрі оның банктік шотында ақша болмаса немесе жетпесе, онда салық төлеушінің келісімінсіз-ақ оның мүлкі берешекті өтеу үшін алып қойылады.

Ондай берешектер әр салада туындайды: кедендік төлемдер, салық түрлері, арнайы, антидемпингтік, компенсациялық баждар, өсімпұл, айыппұлдар...

Аукционға түсетін көліктер де осылай пайда болады.

Бұл ретте салық төлеушінің мүлкін электронды саудада сатумен "Оңалту және активтерді басқару компаниясы" АҚ-ы айналысады. Тәркіленген мүлік мемкірістер органының деректер базасына енгізілгеннен кейін 7 күннен кешіктірмей, аталған компанияның өкілі мен бағалаушы, борышкердің көзінше, мүліктің бар-жоғын тіркеп, акт толтырып, оны жергілікті мемкірістер органына жолдайды.

"Осылайша, бұл іс-шаралар мүліктің техникалық жай-күйін емес, тек іс жүзінде бар болуын тексеруге ғана бағытталған. Өз кезегінде компания бағалаушыға мүліктің құнын бағалау туралы есепке не қорытындыға тапсырыс беріп, оның көшірмесін 3 күн ішінде базаға енгізеді. Аукционға қатысуға тілек білдіргендер мүліктің жай-күйін сол есептен және фотосуреттерге қарап, біле алады. Сондай-ақ оларға мүлікті алдын ала қарауға рұқсат етілген. Егер сатып алушы көліктің жағдайына көңілі толмаса, оның төлеген төлемінің толық сомасын қайтару мәселесі сот арқылы шешіледі", – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу