Осыдан төрт жыл бұрын еліміздегі ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып, ондағы тұрғындарға жайлы жағдай жасау үшін "Ауыл - ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Десе де, аталмыш бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан кейбір жобаларға қатысты сын-ескертпе көп, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Атқарылған іс аз емес
Жалпы, бағдарлама басталғалы елдегі 6296 елді мекеннің ішінен тұрғыны көп, даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл анықталып, соларды өркендетуге басымдық беріліп келеді. 2019-2022 жылдар аралығында мыңнан астам ауылда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде 33 мың жұмыс орны құрылды.
Бұл ретте бағдарламаның игілігін көргендердің қатарында павлодарлықтар да бар. Осы өңірде "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясындағы жобалардың елеулі үлесі іске асып келеді. Айталық, 2019-2022 жылдары барлығы 112 мың адам тұратын 66 елді мекен толығымен жаңғыртудан өтті. Сол арқылы 11 спорт нысаны, 4 мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория жаңадан салынып, 82 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, ауыл ішіндегі 300 шақырымға жуық жолға асфальт төселіп, жеті ауылдағы 65 шақырымдық жолдың бойына жарық шамдары қойылды.
Фото: Валерий Бугаев
Иә, өткенге зер салсақ, сандар көп жұмыстың жасалғанын көрсетеді. Бүгінде ауылдағы ағайын оның игілігін көріп те жүр. Мәселен, таяуда ғана Май ауданындағы Майтүбек ауылында 1989 жылы іргетасы қаланғаннан бері жөндеу көрмеген әкімшілік ғимарат жаңартылды. Енді тұрғындар қандай да бір мәселе туындап қалса, аудан орталығына сабылмайтынт болды. Жаңарған ғимараттың бірінші қабатында әкімдік, учаскелік полиция инспекторының кабинеттері, мал дәрігері, пошта бөлімшесі орналасқан. Екінші қабат ардагерлер кеңесі, кітапхана мен коворкинғ орталығына берілді. Демек, жас пен кәрінің бос уақытын қамтуға да ден қойылып отыр. "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасының тиімділігін айғақтайтын осындай жарқын мысалдар баршылық.
Сылбыр жұмыс сапасыз іске әкеле ме?
Өкінішке қарай, бағдарлама аясында қолға алынған, бірақ жұмыс барысы көңіл көншітпейтін жобалар да аз емес. Айталық, Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пен денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Бұл нысандар қазірден-ақ проблемалық құрылыс алаңына айналып отыр. Оны таяуда өңірге келген Мәжіліс депутаттары да анық аңғарды. Тарқатып айтсақ, емдеу мекемесінің құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлер кестеден кешігіп жатыр. Соған қарамастан жұмысты 5 қыркүйекке дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Сонымен қатар, шағын ғана ғимараттың құрылысына мемлекеттік бағдарлама арқылы 149 млн теңгенің бөлінуі депутаттардың көңілін күпті етті.
"Фельдшерлік-акушерлік пункттің аумағын абаттандыру жұмыстары жобада қарастырылмаған. Солай бола тұра жоба қымбат. Дәл осындай нысандар бұдан аз сомаға да салынып жүргенін жақсы білеміз. Кестеден кешігу тағы бар",-деді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай.
Осы елді мекенде "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша салынып жатқан тағы бір нысан - дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне қатысты жұмыстар да сынға қалды. Мұндағы жұмыстар бір ай бұрын басталғанымен, іргетасын қалау таяуда ғана аяқталды.
"Мердігер – "ГрадСтрой" компаниясы облыс аумағындағы басқа да көптеген әлеуметтік нысанның құрылысы мен жөндеуі бойынша мемлекеттік конкурстарды ұтып алған. Қазірдің өзінде кейбір мемлекеттік мекемелер мердігер өз ісіне немқұрайлы қараған соң соттасып жатыр. Компания өкілдері осы дене шынықтыру–сауықтыру кешенінің құрылысында да жоқ. Жұмыстың барлығын қосымша мердігерлерге тапсыра салған", – деп жұмысқа көңілі толмайтынын білдірді тағы бір депутат Нұржан Әшімбетов.
Облыста мерзімі бойынша кешеуілдетіп жатқан жобалар бұл ғана емес. Павлодар мен Аққулы аудандарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі жұмыстар да, Шарбақты ауданындағы Жаңаауыл мен Хмельницкое орта мектептерін күрделі жөндеу де сылбыр жүріп жатыр. Ал құрылыс кезеңінің аяқталуына аз уақыт қалса да кей жұмыстар мүлде басталмаған. Оның ішінде Баянауыл ауданындағы медициналық пунктің, Успен ауданындагы спорт алаңының және Екібастұздағы ауылдар жолының құрылысы мен жөндеуі бар. Мердігерлер аталған істерді атқаруға асықпай отыр. Бірі құрылыс материалдарының кеш жеткізілуін алға тартса, енді бірі қаржыға байланысты қиындықтар туғанын айтады. Десе де, аз уақытта сапалы жұмыс істеуге сендіріп отыр.
"Биыл "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша рекордтық сома - 9,8 млрд теңге бөлінді. Бұл сомаға 26 ауылда емдеу, білім беру, мәдениет және спорт нысандарын салу, әлеуметтік ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу сияқты 85 жоба жүзеге асады. Бүгінде 30 жоба бойынша жұмыстар аяқталды, тағы елуі іске асып жатыр. Қазіргі уақытта бағдарлама арқылы қарастырылған қаражаттың 32 пайызы ғана игерілді",- дейді жергілікті экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук.
Қалған қаражаттың нақты қашан игерілері әзірше белгісіз. Мердігерлердің өгізаяң жүрісіне, жергілікті билік тарапынан қатаң қадағалаудың жоқтығына қарасақ, жобалардың сапалы әрі уақытылы атқарыларына күмән көп.
Қандай жобалар жүзеге аспақ?
"Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында келесі жылға жоспарланған жұмыс та жұмыр емес. Жергілікті билік 16 ауылда 74 жобаны жүзеге асыруды ойластырып отыр. Оған барлығы 10,8 млрд теңге керек. Кейбір жобалардың құны тым қымбат болғандықтан, олардың лимиттен асып кететін түрі бар. Мысалы, әкімдіктер Май ауданындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуге 300 млн теңге, Тереңкөлдегі Калиновка мектебін жақсартуға 490 млн теңге, Ақтоғай ауданындағы Жолболды мектебінің күрделі жөндеуіне 600 млн теңге сұрап отыр. Мұндай сома мүлде қисынға келмейді. Айталық, әу баста 450 оқушыға арналып салынған білім ордасында қазір бар-жоғы 63 бала оқиды. Шағын орталыққа небары 8 бүлдіршін барады.
Фото: Валерий Бугаев
"Әр баланың орны бөлек. Мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары да қажет. Бірақ біз мемлекеттік бағдарламаның қаржысын тиімді пайдалануымыз керек. Ауылдағы оқушы саны аз мектептерді жөндеуге 600 млн теңге бөлсек, барлығы 200 млрд теңге керек болады. Мұндай сома қазынада жоқ. Сондықтан жобаны жасамас бұрын талдап, саралап алыңыздан",- деді облыстың әкімі Асайын Байханов.
Таяуда өткен жиындардың бірінде Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та қаражатты тиімді пайдалану керектігін қатаң ескерткен болатын.
Жалпы, Павлодар облысында 2027 жылға дейін 99 ауылды жаңғырту жоспарда бар. Оның әрқайсысында орта есеппен 500 адам тұрады.