Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары қызметінің 42%-ы заңсыз

Саяжан Каукенова Саяжан Каукенова
8129

Тимур Құлыбаев дауларды сотқа дейін реттеу механизмін енгізуді ұсынды.

Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары қызметінің 42%-ы заңсыз

"Атамекен"  Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев  салықтық тексеру барысында туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу механизмін ұсынды. Оның есебі бойынша, қазіргі уақытта бақылау қызметімен 61 мемлекеттік орган айналысады, оның 45-і республикалық, 16-сы аумақтық. 

Тимур Құлыбаев өз баяндамасында еліміздің премьер-министрі Кәрім Мәсімовке Ұлттық палата үкіметпен бірлесе отырып әр түрлі рұқсат ету және хабарлама жасау процедураларын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізгенін айтып өтті. Нәтижесінде аталған бағыт бойынша бірқатар заң қабылданған. Осылайша, рұқсат ету және хабарлама беру 1115-тен 310-ға қысқарған.

"Егер қазір шенеунік қандай да болмасын жаңа рұқсат ету немесе хабарлама жасау енгізетін болса, онда ол үкіметтің барлық тыңдалымынан және парламент "сүзгісінен" өтуі қажет. Мен бұл өте жақсы тәжірбие деп ойлаймын",- деді ҰКП төралқасының басшысы, сонымен қатар, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдардың қызметі бойынша ұқсас жұмыс жүргізуге болатынын да атап кетті.

Ол тексеру жұмыстарының санын қысқарту әбден мүмкін екендігіне сенімді.

"Көбінесе салықтық тексерулер көп мәселелер туындатады, сондықтан бүгін тиісті ұсыныс жасалды. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, салық органдарымен және мемлекеттік органдармен соттасу керек. Ал, бұл жұмыстан қалдырады,  ресустарды , күшті алаңдатады. Біз дауды сотқа дейін реттеудің механизмін енгізуді ұсынамыз. Бізге мұны істеуге қаржы министрлігінде ештеңе кедергі бола алмайды. Ол жерде салықтық жүйені жақсы білетін адамдар отыр. Біз өзіміздің сарапшыларымызды ұсына отырып, бұл мәселелерді сотқа дейін жеткізбей жылдам шешу үшін мұндай аппеляциялық комиссияның жұмысына  Бас прокуратураның араласуын да өтінеміз",- деп Тимур Құлыбаев үкімет басшысына ұсыныс жасады.

Құлыбаев мырза қаржы министрлігінің жанында мұндай аппеляциялық комиссияның болуының пайдасы көп екендігіне сенімді. 

Құрлыс саласында, экологиялық мәселерде, санэпидемстанция жұмысы бойынша да осындай сұрақтар туындайды.

Төралқа төрағасы мұндай аппеляциялық комиссияны әрбір министрлік пен орталық орган жанынан құруға болады деп есептейді.

"Егер біздің министрліктердің аумақтық бөлімшелерінде заңсыз жұмыстар жүргізетін болса, онда біз министрлік деңгейіндегі жұмыс істейтін комиссиямен бұл мәселені сотқа дейін шешетін едік",- деп, 2013-2015 жылдардағы бизнесмендердің өтініші бойынша статистикалық мәліметті келтірді.

ҰКП және Бас прокуратураның көмегімен кәсіпкерлердің 12 мың өтінішінің 4800-і бизнесмендердің пайдасына шешілді.

"Бұл мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары қызметінің 42%-ы  заңсыз екендігін айтады. Біздің мемлекеттік қызметкерлердің деңгейін қандай екендігін көрдіңіз бе? Және де, барлығы заң бойынша жұмыс істейді, мысалға, шенеунік келеді, оның да қолында тексеру жүргізуге заңы бар. Кәрім Қажымқанұлы, біздің өтінішіміз, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, оларға тексеріс жүргізуге рұқсат беретін мұндай заңнамаларға тексеріс және коррупцияға қарсы сараптама жүргізу керек.Менің ойымша, оларды қысқартуға болады. Үкімет мүшелері бізді тексеретін 61 мекемені жатқа біледі деп ойламаймын. Егер оларды белгілі өлшем, олар қамти алатын мәселелердің  соңғы есебі бойынша тексеретін болсақ, онда шағын және орта бизнестің жұмысын жеңілдетеміз. Кәрім Қажымқанұлы, сізден, бұл мәселе бойынша бізге қолдау көрсетуіңізді және заңнамаға өзгертулер енгізуді сұраймыз",- деп Тимур Құлыбаев министрліктер кабинетінің басшысына өтініш жасады.

Премьер-министр "бақылау-қадағалау жұмыстарын қысқарту идеясы дұрыс, алайда, баланс табу қажет" деп жауап берді. "Мен  қаржы министрлігіне бұл мәселені сіздермен бірлесе отырып қарастыруға және үкіметтің қарауына шығаруға тапсырма беремін",- деді Кәрім Мәсімов.

Саяжан Каукенова

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу