Мемлекеттік қызметті биометриялық параметрмен алуға болады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
23312

Цифрлы құжат қағаз немесе пластикалық тасығыштағы құжаттың баламасы ретінде қолданылады. 

Мемлекеттік қызметті биометриялық параметрмен алуға болады

Цифрлық секторды дамытуға арналған ұзақмерзімді мемлекеттік стратегия баяу болса да жүзеге асырылып жатыр. Бұл Президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі Бағдат Мусиннің пікірі.

Оның сөзінше, осыдан 10 жыл бұрын дәл қазіргі жағдайға тап болсақ, тығырықтан шыға алмас едік.

"Инновация мен цифрлы технология материалдық әлемді ғана емес, құндылықтарды да өзгертеді. "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасына электронды сауданы дамыту, мемлекеттік органдарды цифрландыру, киберқауіпсіздікті күшейту, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қолданысын кеңейту, "ақылды қала" жобасын жүзеге асыру, бастауыш және орта білімді цифрландыру сынды маңызды міндет жүктелген. Бұл бағыттағы жобалар бірте-бірте жүзеге асады", – деді Бағдат Мусин.

Оның сөзінше, болашақта отандық банктердің мобильді қосымша арқылы заңды және жеке тұлғаларға кәсіпкер ретінде тіркелуге мүмкіндік беруі немесе Kolesa.kz пен Okаvto арқылы жүргізуші куәлігін ауыстыру мен автокөлікті тіркеу "ғажап" болмай қалуы мүмкін.

"Президенттің "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жетілдіруге қатысты тапсырмасын жүзеге асыру мәселесін министр Асқар Жұмағалиевпен талқылағанда Egov-ты OpenAPI принципі жинақталған ашық платформаға айналдыру қажет деген ойға келдік. IT-бизнесмендер, стартапшылар, банктер SmartBridge -ден алған деректер негізінде қосымшаларын жасауға тиіс деген байлам жасадық. Бұдан былай Egov мемлекет пен халық арасына ғана дәнекер болмай, IT мамандары мен IT-қызметтерді дамытамын деушілерді біріктіретін алаң болуға тиіс.

Бұл істі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ бірлесіп атқарады.

Жылдар бойы қалыптасқан инфрақұрылымның арқасында дамудың келесі  кезеңіне өтеміз. Egov-ты түрлі қызметтер мен қосымшаларды біріктіретін платформаға айналдыру керек. Бұған қол жеткіземіз. "Еститін мемлекет" осындай болады", – деді Президенттің кеңесшісі.

Айта кетейік кеше мәжілісте жаңа технологиялар туралы заң жобасы мақұлданды. Бұл заңның қабылдануын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі көп күтті. Осыған қатысты пікір білдіргенде министр Асқар Жұмағалиев: "Заң жобасы азаматтарға мобильді қосымшадағы цифрлы құжаттарды қолдану құқығын береді. Бұдан былай смартфондағы электронды құжатты көрсетіп, мемлекеттік қызметке жүгінуге болады. Мобильді қосымшадағы цифрлы құжат қағаз немесе пластикалық тасығыштағы құжаттардың заңды баламасы ретінде қолданылады. Техникалық тұрғыда біз бұған дайынбыз", – деді.

Заң жобасында халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мемлекеттік қызметті биометриялық параметр бойынша алу мүмкіндігі қарастырылған.

"Азамат өзінің жеке деректерінің пайдаланылғаны туралы әрекеттен хабардар болуы керек. Мемлекеттік қызмет биометриялық параметр бойынша көрсетілгенде әр адам жеке басының дерегін кімнің сұратқанын және не үшін пайдаланғанын біліп отырады", – деді Асқар Жұмағалиев.

Министрдің мәлімдеуінше, заң жобасы "Блокчейн", "Зияткерлік робот" деген ұғымдарды бекіткен. Құжатқа Қазақстанда цифрлық технологияларды қолдану мен одан әрі енгізуге қатысты 200-ден астам түзету енгізілген.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу