Мемлекеттік медұйымдар тағы бір салада монополиясынан айрылды

2987

Цой "империясында" белең алған немқұрайлылық "дертін" антимонополиялық орган жоюы мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.

Мемлекеттік медұйымдар тағы бір салада монополиясынан айрылды

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі пренаталдық скрининг зерттеулері аясында жекеменшік зертханаларға тоспа болып келген кедергі жойылғанын жариялады.

"2021 жылдың 11 қыркүйегінен бастап жеке медициналық зертханалар да мемлекеттік сектормен тең дәрежеде пренаталдық скрининг жүргізу құқығына ие болды. Әйтпесе, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен "Скринингті ұйымдастыру қағидаларының" бұған дейін қолданылып келген нормасының 15-ші тармағына сәйкес, пренаталдық скрининг аясында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін емханалар пациент әйелдерді тек мемлекеттік босандыру мекемелеріне ғана жіберетін. Нәтижесінде, әлеуеті бар жеке медициналық зертханалар мұндай қызметтерді көрсету мүмкіндігінен айырылып келді. Жекеменшік зертхана мемлекеттік ұйыммен тең орындаушы ретінде келісім жасасқан жағдайда ғана қызмет көрсете алатын", – деді агенттік.

Енді бұл тосқауыл алып тасталды.

Осының алдында Қазақстандық медициналық зертханалар қауымдастығы аталған шектеулерді жоюды сұрап, билікке жүгінген.

Ұйым Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанындағы кедергілер жөніндегі кеңесте мәселе көтерді. Отырыс қорытындысында, бұл шектеу "нарықтағы бәсекелестікті дамытуды тежейтін тосқауыл" деп танылды. Оны жою бағытында жұмыс жүргізілді.

Антимонополиялық агенттік пен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен белсенді жұмысының нәтижесінде бұл норма скринингті ұйымдастыру ережесінен алып тасталды.

Қынжылтатыны сол, өз кезегінде жекеменшік зертханалар мемлекет үшін де, жеке азаматтар үшін де скрининг құнын төмендету, тіпті мұндай қызметтің жоғарғы сапасын қамтамасыз ету жөнінде өз мойнына міндеттеме алмапты.

Түсіндіре кететін жайт, пренаталдық скрининг ұрықтың хромосомалық патологиясын және туа біткен даму ақауларын ерте анықтауға және диагностикалауға, генетикалық хромосомалық және анатомиялық бұзылуларды емдеуге және түзетуге келмейтін, ауыр өліммен аяқталатын балалардың туылуының алдын алуға бағытталған.

Мамандардың байламынша, елдегі "демографиялық дүмпуге" байланысты мемлекеттік босандыру мекемелері, перзентханалар шектен тыс жүктелген.

Заңгер Елена Верхошинская емхана арқылы осындай скринингтен өтпек болыпты. Тәжірибе бойынша ондай тексеріс тегін жүргізіледі.

"Генетиктің кеңесімен, жүкті әйелдерге пренаталдық скрининг, хорион биопсиясы, қағанақ биопсиясы, амниоцентез немесе кордоцентез жасалады деп ойлағам. Алайда мұндай скрининг тек көрсетілімдер және емхана дәрігерінің бағыттамасы болса ғана жасалады екен", – дейді ол.

Скринингтер көмегімен емделмейтін Даун синдромын анықтауға болатын көрінеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу