Мемлекеттік тілді менсінбейтін министрлік

1430

Digital Almaty 2023 форумы қазақ тілі күресінге лақтырылған жиын ретінде есте қалды. 

Мемлекеттік тілді менсінбейтін министрлік Фото: Orda.kz

Digital Almaty 2023 форумы өткен аптада ұйымдастырылса да, аптығы әлі басылмай тұр. Себебі халықаралық жиынды ұйымдастырушылардың мемлекеттік тілге – қазақ тіліне қырын қарауы қоғамның қызуын көтеріп жіберді. 

Шыны керек, "тарих ағай" болмағанда, бұл жиынның бастан аяқ ресми тілде өткенін былайғы көпшілік елең қылмауы да мүмкін еді. "Тарих ағай" деп отырғанымыз – тарихшы-инфлюнсер Нұрқожа Ерсайынұлы. Ол форум сессияларының бірінде ортаға шығып ойын айтты. 

"Алдымызда сөйлеп тұрған жеті адамның бесеуі – қазақ. Залда жиналған адамдардың 90 пайызы – қазақ. Бірақ арттарыңыздағы жазудың барлығы орысша. Өздеріңіз орысша сөйлеп отырсыздар. Әкімнің орынбасары отыр. Ол да орысша сөйлеп отыр. Неліктен қазақша сөйлемейсіздер? Бұл өзі Digital Almaty ма, әлде Digital Moscow ма? Біз өзі қай елдеміз қазір? Не себепті қазақша сөйлемейсіздер? Осы сұрақ мені мазалап тұр. Көп адам түсінбей отырған шығар. Өте жақсы тақырыптар таңдалған. Елімізді, мәдениетімізді көтереміз дейсіздер. Тіл болмаса, бұл әңгіменің пайдасы неде?", – деді Нұрқожа Ерсайынұлы. 

Ортаға шыққан ұйымдастырушылардың бірі кемшілікті мойындап, кешірім сұрады: "Сіз дұрыс айттыңыз. Кешірім сұраймыз. Келесі жолы қазақша сөйлейміз". Бірақ кешірім сұрағанмен, ұйымдастырушылардың жаза басқанын ешкім ақтап ала алмайды. 

Әдетте, қазақ тіліне қырын қарайтын мұндай жиындарды шетелдік компаниялардың ұйымдастыратынын тәжірибеден білеміз. "Тарих ағайдың" видеосын көрген сәтте көкейімізге "бұл форумды да шетелдіктер ұйымдастырды ма екен?" деген күдік ұялап еді. Өкінішке қарай бұл күдігіміз шындыққа айналды. Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері Қуат Дүйсен Facebook-тегі парақшасына бұл туралы жазба жариялады. 

"Бүгін жұмысы біткен Digital Almaty форумы Бағдат Мусин мырза бастаған министрліктің мемлекеттік тілді дамыту және қолдау ісінде еш құлықсыз екенін көрсетіп жатыр. Министрлік қарапайым форумның ішінде мемлекеттік тілдің қолданысын қамтамасыз ете алмаған. Ал ҚР Конституциясы бойынша мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданыс аясының сақталуын қадағалауға міндетті. Сонымен қатар бұл іс осымен ғана шектелсе жақсы ғой. Жоқ, форумның техникалық қолдауын Ресей Федерациясының "Ивентишес" деген компаниясына тапсырып қойған секілді. Яғни бұл форумды ұйымдастыру үшін Ресей компаниясына төлеген ақша елде қалмайды. Бірақ бұл да ештеңе емес. "Ивентишес" компаниясы құпиялық шарты атты құжатта біздің жеке деректерімізді РФ заңдары негізінде жинап алып өңдейді екен. Қазақстанда цифрлық даму, электронды үкімет, ҚР азаматтарының жеке деректері қауіпсіздігі және қолжетімділігі үшін жауапты министрлік қарапайым форум қатысушыларының деректерінің құпиялығын қамтамасыз ете алмағаны сұмдықтың сұмдығы ғой", – деді Қуат Дүйсен. 

Форум 2018 жылдан бастап өткізіліп келеді. Іс-шараны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Tech Garden және Astana Hub компаниялары бірлесіп ұйымдастырады. Бірақ шараның екі тізгін бір шылбыры Бағдат Мусин басқаратын министрлікте екені баршаға мәлім. Өйткені, Сыртқы істер министрлігі сырттан келетін қонақтарға жауапты болса, Алматы қаласының әкімдігі жалпы ұйымдастыру жұмыстарын қадағалайды. Ал Tech Garden мен Astana Hub – министрлікке бағынышты ұйымдар. Демек, форумның басында тұрған ұйым – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Бір қызығы Digital Almaty 2023 форумынан кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің адресіне қаншама сын айтылса да, ведомство басшылығы жұмған аузын ашқан жоқ. Үндемей-ақ үйдей пәледен құтылғанды жөн санаса керек. Бірақ үнемі үндемей қалудың соңы әрдайым жақсылыққа апара бермейтінін де ұмытпайық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу