"Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының көп болғаны жақсы емес"

3194

Бір жылда пәтерлерді қайта сату бағалары 26,8%-ға, жаңа тұрғын үйлерді сату 19,5%-ға өскен. 

"Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының көп болғаны жақсы емес"

Мемлекеттің қатысуымен жүзеге асырылатын ипотекалық бағдарламалар халыққа бағытталуымен ерекшеленеді. Төмен пайыздық мөлшерлеме арқылы үйлі болғысы келетіндер, әрине, көп. Бұл белгілі бір деңгейде мемлекет тарапынан қолдау деуге де болады. Бірақ оның басқа да жағымсыз тұстары бар. Үй бағасына әсер ететін факторлар қатарында экономикалық ахуал, құрылыс материалдарының қымбаттауынан бөлек мемлекеттік бағдарламалар да бар екен.

Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар халыққа баспаналы болуға септігін тигізіп жатыр ма? Бұл сұраққа жауап іздеу мақсатында inbusiness.kz тілшісі мемлекеттік орган мен сарапшыларға жүгінді.  

Осы тұста ипотека арқылы тұрғын үй беру қай уақытта басталды деген заңды сұрақ туындайды.

"2005 жылы ынталандыру шараларын көздейтін Тұрғын үй құрылысының алғашқы мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Жаппай тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік коммуникациялар салуды қаржыландыру басталды. Бұл халық пен бизнестің тұрғын үй құрылысына инвестиция салуға деген қызығушылығын қамтамасыз етті. Сонымен қатар әкімдіктер халықтың нысаналы топтары қамтамасыз еткен тұрғын үй салу және сатып алу есебінен коммуналдық тұрғын үй қорын ұлғайта бастады", – деп жазылған ИИДМ-ның құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің хабарламасында.

Қазақстанда осы уақытқа дейін барлығы 6 мемлекеттік бағдарлама қабылданған екен. Олардың қатарына "Тұрғын үй құрылысының 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы", "Тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы", "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы", "Қолжетімді баспана 2020", "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы", "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" кіреді.

2005 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 122 039 несиелік тұрғын үй салынған. Оның бүгінге дейін 85,5 мыңы берілсе, қалғаны несие беру және тапсыру сатысында екен. Осы тұста несиелік тұрғын үй дегеніміз ипотекалық бағдарламалар бойынша берілетін тұрғын үй екендігін атап өткен жөн.

Аталғандардың ішінде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасында жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үйге мұқтаждар есебінде кезекте тұрғандарға басымдық беріледі. Осы тұста кезекте тұрғандар үшін тұрғын үйге қол жеткізудің негізгі факторы олардың табысы екендігін айта кету керек. Мысалы, бүгінде республика бойынша 616 075 адам үй кезегінде тұр.

"Тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі арқылы кредит берудің жеңілдетілген бағдарламалары басқа ипотекалық бағдарламаларға қарағанда ("7-20-25", "Баспана-хит", "ҚИК – Орда", "Өз үйім", "Жас отбасы", "Әскери Баспана", "Ұмай" және басқалары) ең төменгі бастапқы жарнасы 10-20% болатын жылдық 2-5% мөлшерлеме бойынша беріледі. Бұл ретте, табысы отбасы мүшесіне шаққанда 3,7 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын азаматтар қатысуға жіберіледі. Қалған азаматтар үшін "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы және екінші деңгейдегі банктердің өзге де өнімдері қолжетімді", – деп жазылған ресми орган берген мәліметте.

Бұдан бөлек хабарламада Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы жобасының шеңберінде келесі санаттағы тұрғындар үшін жеңілдетілген несие беру шарттарының тәсілдері белгіленетін болады деп көрсетілген. Көпбалалы отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасыларға, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, жетім балаларға 2% мөлшерлеме бойынша, ал, кезекте тұрған азаматтардың қалған санаттарына 5% мөлшерлеме көлемінде екен. Осы тұста табыстың шекті деңгейін алып тастап, міндетті бастапқы жарнаның 10%-дан аспайтын мөлшері болады деп көзделген. Бұл жоба Үкімет қарауына енгізілген екен.

Мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді?

"Негізінде шынын айту керек ипотекалық бағдарламалардың тұрғын үй бағасының қымбаттап кетуіне септігін тигізіп тұрған жайы бар. Сондықтан да мемлекеттік бағдарламалардың көп болғаны жақсы емес. Нарықтық экономиканың қалыптасуына ол кері әсерін тигізеді. Жалпы нарықтың заңдарын толығымен бұзады деуге негіз бар", – дейді экономист Мақсат Халық.

Сарапшы әлеуметтік осал топтар үшін (көпбалалы аналар, мүгедек азаматтар, жетім балалар және т.б.) мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде төмен пайызбен несиенің берілуін құба-құп екенін айтады.

"Мемлекетпен бағдарламалар жасалып жатыр. Жылда мемлекеттік бюджеттен қаражат осы салаға бөлініп жатыр. Оны басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге жұмылдыруға болатын еді. Банктерді жоғалтып отырған пайыздарын төлеп отырғаннан гөрі. Былай айтқан кезде банктер тек қана ұтады. Өйткені түбінде халыққа төмен пайызбен бергенмен, банк өзінің есесін жібермейді. Сол мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен өздерінің жоғалтып отырған пайыздарын толтырып отыр", – деп ой түйеді спикер.

Мақсат Халықтың айтуынша, мұндай жағдайда банктер халыққа төмен пайызбен ипотекалық несиелерді беруге ынталы болмайды.

Ал экономист Бауыржан Ысқақов мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар нарықтағы басқа ипотекалық бағдарламаларға қарағанда пайыздарының төмендігімен ерекшеленетінін атап өтті. Бірақ ...

"Мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың көбейгені кейде нарықтағы үйдің бағасының жөнсіз қымбаттауына алып келіп жатады. Мысалы, кейбір адамдар үй алғысы келіп ақша жинап жүреді. 5 жыл жинайды, 6 жыл жинайды. Енді алам деп отырған кезде бағдарламалардың кесірінен нарықта ажиотаж болып, үйдің бағасы шарықтап кетеді", – дейді Бауыржан Ысқақов.

Тұрғын үй мәселесі қазақстандық отбасылар үшін қашан да өзекті. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспананың қолжетімділігін сезінгісі келетіндер де көп, пайда тапқысы келетіндер де баршылық.

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу