Мемлекеттік "үгіт-насихатқа" Ұлттық қор қаржысын жұмсау жоспарлануда

5819

Ақпараттық салаға бюджеттен қанша қаражат бөлінетіні белгілі болды. 

Мемлекеттік "үгіт-насихатқа" Ұлттық қор қаржысын жұмсау жоспарлануда

Бюджеттің ашықтығы саясаты аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2021 жылғы "Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу" бюджетінің жобасын жария етті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл бюджеттік бағдарлама ақпараттық саясат саласында мемлекеттің тиімділігін арттыруға, Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық дамуын және бәсекеге қабілеттілігін ақпараттық қамтамасыз етуге бағытталған. Сарапшылар оны "госпропаганда" деп те атайды.

Министрлік ондаған млрд ел қаржысын шығындаудан қандай қайтарым болатынын жеткізді.

"Мемсаясаттың БАҚ-та жария етілуіне халықтың қанағаттану деңгейі – 2021 жылы кемінде 68,5%-ды, 2022 жылы кемінде 69%-ды, 2023 жылы кемінде 69,5%-ды құрайтын болады. Цифрлық эфирлік телерадио хабар таратумен (Otau TV) қамту – 2021 жылы кемінде 96,73%, 2022 жылы 98,27%, 2023 жылы ең кемі 98,27% болады. Мемлекеттік телеарналардың бағдарламалар өндірісін техникалық сүйемелдеу сапасының деңгейі (техникалық ақаулар, бөгелістер) 2021 –2023 жылдары жыл сайын 720 секундтан (12 минуттан) аспайды", – деді ведомство.

Сонымен, биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты (МАС) жүргізуге жұмсалатын бюджет шығыны бірнеше млрдқа күрт артқалы тұр. Еске сала кетсек, былтыр министрлік осы салаға 50,1 млрд теңге бағыттаған екен.

Биыл бұл сома 56 млрд 923,8 млн теңгеге дейін өседі.

Рас, одан кейінгі жылдары бірте-бірте азайта түсу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, келесі жылы – 56 млрд 221,5 млн теңге, 2023 жылы – 44 млрд 127,5 млн теңге, ал 2024 жылы – небары 34 млрд 470,6 млн теңге бөлу ұсынылған. Егер алда ұлттық валюта күрт құнсыздана қалса, тек қана мемлекеттік тапсырыс есебінен күн көріп отырған ақпарат құралдарына қиын тиетінге ұқсайды.

Бюджеттік бағдарламаның қызықты бір "ішкі бағдарламасы" бар. Ол "Қазақстанның Ұлттық қорынан нысаналы трансферт есебінен мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыруды" көздейді. Бұл мақсатта болашақ ұрпаққа арналған "мұнай қорынан" 477 млн теңгеден астам қаражат алынбақ.

Осы жүздеген млн қаржы "өндірістік кеңселер мен медиалық жабдықтарды жалға алуға, сондай-ақ жаңалықтарды, телевизиялық бағдарламаларды өндіруді техникалық қамтамасыз етуге, эфирлік хабар таратуды ұйымдастыру қызметтерін көрсетуге" шығындалатыны айтылған. Бұлардың бәрі тек 1 іс-шараға бағдарланғаны да жазылған. Бірақ оның не шара екені нақтыланбайды. Бар болғаны, оның 2022 жылы өтетіні көрсетілген.

Айтқандай, бюджет есебінен отандық ақпарат құралдарының өкілдеріне 11 ақшалай қомақты марапат үлестірілмек. Бұл үшін 14 млн 430 мың теңге қарастырылған. Әңгіме әрине, 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында көрнекті редакторларға – Президент сыйлықтарын, ал 35-ке толмаған сайыпқыран жас журналистерге – Президент гранттарын беру жайында болып отыр.

Дегенмен, бюджеттік бағдарламаның ең көп сомасы ақпарат құралдары мен интернетте мемлекеттік ақпараттық тапсырысты (МАТ) орналастыруға жұмсалмақ. Өткен жылы бұл 47 млрд 80,1 млн теңге болса, биыл 53 млрд 717,9 млн теңге болмақ. Алдағы жылы 52,9 млрд, 2023 жылы – 42,9 млрд, 2024 жылы – 34,4 млрд теңгеге дейін азаяды деп белгіленген.

Бұл ретте осы жылы мемлекеттік үгіт-насихатқа бөлінген млрдтардың өзге жылдардағыдан көбірек болуы себебі – 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының атап өтілуінің нәтижесі екен. Биліктен қаржы алатын барлық БАҚ қазірден осы ұлы межені ұлықтауға жұмылуда.

Оның аясында мемлекеттік телеарналар мен ақпарат агенттіктері 2 мың жиынтық алып, "мультимедиялық жабдықтарын жаңғыртатын" көрінеді.

Әйтсе де, билік "әлемдік телеарналарда Қазақстан туралы видеоролик тарату" шарасынан бас тартқанға ұқсайды, бұл графада "0" деген сан менмұндалайды.

Яғни, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс ішкі аудиторияға бар назарын шоғырландыратынға ұқсайды. Бұл жерде млрдтардың басым бөлігін телеарналар қанжығалайды.

Нақтылай кетсек, "мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын ақпараттық-насихаттық сүйемелдеуге, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға" арнап, телеарналар биылғы жыл бойы 118 мың 956 сағат телебағдарламалар әзірлеуі және елге таратуы керек. Келесі жылы бұл ауқым 121 мың 184 сағатқа дейін ұлғаймақ.

Мемлекеттік ақпараттық агенттіктер, интернет ресурстар 14 млн 253,3 мың символдан тұратын материалдар жариялауы қажет. Бұл былтырғыдан шамамен 1 млндай қаріпке артық (2020 жылы 13 млн 185,6 мың символды құраған).

Газеттерде орналастырылатын мемтапсырыс алдағы жылдары да бір деңгейде қалады: барлық газет мемлекетті мақтап, жалпы саны 5 мың 808 бет (жолақ) шығаруға тиіс. 

Журналдардың 392 беті бюджеттен қаржылық қолдау көреді.

PR саласының маманы Ольга Новикова мемлекеттің алдағы жылдары ақпараттық тапсырыс көлемін қысқартуын құптамайды.

"Қазақстан Үкіметі әлеуметтік желілерді қоса алғанда, барлық отандық ақпарат құралдарын қолдауға небары 130 млн доллардай ғана қаржы жұмсайды. Салыстыру үшін айтсам, 2021 жылы көрші Ресей пропагандаға 102,8 млрд рубль немесе 1 млрд 352 млн доллар бөліп отыр. Тағы бір көршіміз – ҚХР-да тек "Қытай орталық телеарнасын" қолдауға ғана жыл сайын 873,3 млн доллар шығындайды. Бірақ бұлар – АҚШ-пен тайталасқа күш салып жатқан алпауыттар ғой. Қынжылтатыны, бізде бұл салада диспропорция бар. Мысалы, мемлекеттік телеарналарды ұстап тұруға ондаған млрд теңге жұмсалады да, өзге БАҚ түрлеріне қиқымдар тиеді. Сондықтан мемарналардың шығындарын оңтайландырған жөн. Әйтпесе, мысалы, еуропалық Euronews телеарнасы небары 15 млн еуро бюджетімен жұмыс істеуде. Бұл шамамен 7,5 млрд теңге", – дейді сарапшы.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу