Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бақылауға алынады

17335

Өңірдегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) жобаларының жүзеге асырылуын әкімдік жанынан құрылған ведомствоаралық жобалық топ қадағалайды. 

Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бақылауға алынады

"Өңірлердегі МЖС жобаларын сапалы басқаруды қамтамасыз ететін және келісу, сараптау және іске асыру мерзімін қадағалайтын ведомоствоаралық  жобалық топтар құрылатын болады", – деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ұлттық экономика министрлігінің "Қазақстандық мемлекеттік-жеке серіктестік орталығы" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Шолпан Сапарғали.

Ведомствоаралық жобалық топтардың құрылуы тегін емес. Себебі, биыл МЖС орталығы 2015 жылы аяқталуы тиіс мемлекеттік инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына бағалау жүргізген. Соның нәтижесінде жоспарланған 417 бюджеттік инвестициялық жобаның 303-і ғана аяқталған болып шықты. Ал қалған жобалардың 27%-ы биылға қалдырылыпты.

Шолпан Сапарғалидың айтуынша, жобалардың кейінге қалдырылуына "іске асырудың классикалық мәселелері", яғни мерзіміндегі олқылық, жоба  құнының ауытқуы себеп болған. Бұған дейін abctv.kz порталында шыққан  "Өңірлер жобаларды қаржыландыратын қолда бар мүмкіндіктерді қолданбайды" деген материалда көрсетілгендей, шындығында өңірлерде МЖӘ жобаларына қатысты бірқатар қиындық бар.

Облыстардағы жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде инвесторларды тартып, бюджет ақшасын үнемдеп, оларды әлеуметтік-маңызы бар, бірақ пайдасы аз жобаларды іске асырудың орнына қаржылық көмекті мемлекеттік қазынадан алғанды жақсы көреді. "Өңірлік әкімдіктер МЖӘ механизмдері аясында балалардың мектепке дейінгі мекемелерін салу, әуежайларды жаңғырту сияқты жобаларға  жеке инвесторларды тартуды жеделдетуге тиісті.

Жекелеген жобалар бойынша, мысалы, өңіраралық құрылыс, суару жүйесі, әуежайларды жаңғырту бойынша қаражатты Халықаралық қаржы ұйымдарының (ХҚҰ) есебінен қарастырғаны дұрыс деп есептейміз",– деді ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 26 қазан күні өткен үкімет отырысында.

Министрдің мәлімдеуінше, өңірлік әкімдіктер, негізінен, көлік және инженерлік инфрақұрылым саласы, ас сумен қамту, өнеркәсіпті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайларға қарсы әрекет, білім беру, денсаулық сақтау және ветеринарияға қатысты күрделі мәселелерді шешуге республикалық бюджеттен қаражат сұрайды. Министрліктің мәліметіне қарағанда, сұралып отырған соманың жалпы көлемі 222,7 млрд теңге.

Жалпы, МЖӘ орталығындағылар жобаның ойдағыдай жүзеге асуының 10%-ы жоба құжаттарының  қалай жасалғанына, 40%-ы – жүзеге асыру үрдісінің қалай болатынына, 50%-ы – сыртқы факторларға байланысты болады деп  есептейді.

Саяжан Каукенова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу