Мемлекеттің менеджерлері қанша жалақы мен сыйақы алады?

2467

Квазимемлекеттік компаниялардың басшылығының қолға алатын таза айлығы 1 миллионнан басталады. 

 Мемлекеттің менеджерлері қанша жалақы мен сыйақы алады? Фото: inbusiness.kz

Осының алдында ақпарат құралдарында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) топ-менеджерлері миллиондап сыйақы алғаны туралы жаңалық тарады. Онда қордың өзінің 5 топ-менеджеріне 2022 жылы жалақысы мен сыйақыларын қоса алғанда, жүз миллионға жуық төлем төлегені айтылды. Бұл ақпарат ӘМСҚ жылдық есебінде көрсетілген, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Табыстар мен залалдар туралы есептегі Әкімшілік шығыстар құрамына басты басқарушылық персоналға төленген ынталандырушы сыйақылардың жалпы сомасы енгізілді. Ол сома 2022 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жылы 93,8 миллион теңгені құрады", – делінген ӘМСҚ есебінде.

93,8 миллионды қор басқармасының 5 мүшесіне бөлгенде, 18,7 миллион теңгеден шығады. Яғни, әрқайсысы айына орта есеппен 1,5 миллион теңгеден алып отырады.

Салыстырсақ, өзі ештеңе өндірмейтін, халық пен мемлекеттің медициналық жарналары мен аударымдары үстінен күн көріп отырған ӘМСҚ 2021 жылы өз басшыларына бұдан әлдеқайда көп соманы – 152,9 миллион теңгені төлепті. Тиісінше, әрбір басқарма мүшесіне 30,5 миллион теңгеден келген.

Басшы тұрақтамаған қор

Табатыны күрт азайған соң ба, әлде сырқаттанған халықтың ашынысы мен қарғысынан қорқа ма, соңғы жылдары қорға басшы тұрақтамайтын болды.

Мысалы, 2020 жылғы 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронакүйзеліске жол бергені үшін ӘМСҚ төрағасын жұмыстан қууды және қажет болса, оның үстінен тергеу жүргізуді тапсырды.  

Соның қарсаңында ӘМСҚ басшысы Айбатыр Жұмағұловтың әйелінің әлеуметтік желідегі жазбасы қызу талқыланып, қоғамдық резонанс тудырған еді. Оның жұбайы: "Ақпатшам уәдесінде тұрып, 30-ға толғанша 12-ші көлігімді мінгізді", – деп мақтанған болатын. Сол кезде коронавирустан бүкіл Орталық Азияда аққұла қазақстандықтар көп қырылып жатқан еді.

Президент сынаған күні, 10 шілдеде Айбатыр Жұмағұловтың ӘМСҚ басшылығынан кеткені мәлім болды. Оның орнына келген Болат Төкежанов та жанжалға қалды. Дәрігерлердің өзі қорғаныш құралдарынан, дәрі-дәрмектен тарықты. Депутаттар, қоғам белсенділері коронавируспен күреске, вакцина, медпрепараттар және басқасын сатып алуға бағытталған триллиондаған қаражаттың қайда кеткеніне тергеу, тексеру жүргізуді талап етті. Билік жабулы қазанның жабулы күйде қалуына күш салды.

Төкежанов тек қанды қаңтар оқиғаларынан соң кетті. Айтпақшы, ол журналистер қанша тықақтаса да, өз жалақысының көлемін айтудан бас тартты. Бұл әлеуметтік желіде жұрттың ашуын туғызды. Қазақстандықтар ӘМСҚ секілді коммерциялық емес ұйым басшысының өз еңбекақысын "коммерциялық құпия" деп жариялауын ақылға сыйымсыз деп тапты. Оның үстіне билік тізеге салып, күштеп, әрбір адамнан қорға жарна алып қоюда. Яғни, қордағыларды Қазақстан халқы өз жалақысынан асырап отыр.   

Қасіретті қаңтар оқиғаларынан соң, 2022 жылғы 27 қаңтарда медсақтандыру қорының төрағасы қызметіне Қаржы министрінің бұрынғы жауапты хатшысы Айдын Ашуев тағайындалды. Оның тұсында да денсаулық сақтау жүйесі дағдарды. Білікті дәрігерлер мемлекеттік емханалар мен ауруханалардан жаппай жеке секторға не басқа салаға кетті. Медицинаны кадр тапшылығы жайлады. Арада бір жылдан сәл ғана уақыт өткенде Ашуев қордан кетіп қалды.

2023 жылғы 9 наурызда ӘМСҚ тізгінін заңгер Сәбит Ахметов ұстады. Жоғарғы аудиторлық палата маусымда Әлеуметтік медсақтандыру қорында кең ауқымды аудитті бастағанын жариялады. Жаңа басшы ауыл дәрігерлерінің айлығын қызғануымен ел есінде қалды.

"ӘМСҚ жетекші мамандарының орташа жалақысы 450 мың теңгеден басталады, 800–900 мың теңгеге барады. Көбісі мұны естігенде шок болады. Ал мен сізге айтайын, біздің ауылдардағы дәрігерлер 1 миллион теңгеден алады", –  деп салды ол 14 маусымда өткен дөңгелек үстелде.

Ахметов тұсында ауруханалар мен емханалардың қарызы 100 миллиард теңгеден асып кетті. ӘМСҚ басшылығы қордың бұл қарызды өтемейтінін айтып, оның орнына медициналық ұйымдарды сырқаттарды квотадан артық емдемеуге, дәрігерлер штатын қысқартуға, кабинеттерді жауып, босаған орынжайды коммерциялық мақсатта арендаға беруге мәжбүрледі.

2023 жылдың қыркүйегінде "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында" тағы ауыс-түйіс болды: басқарма төрағасы лауазымына салықшы, қаржыгер, Павлодар облысының экс-әкімі Әбілқайыр Сқақов тағайындалды. Енді оның жалақысы белгілі болып отыр.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өз топ-менеджерлеріне   миллиондаған теңге бонустар мен сыйақылар төленгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бірақ мұны жоққа шығару деп айту қиын: ондаған миллиондар шынымен төленген, тек бірден емес, жыл бойы бөліп төленіпті.

"Қор 2022 жылы басқарма мүшелері қандай төлемдерді және қанша мөлшерде алғанын түсіндіреді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасының әрбір мүшесінің, оның ішінде төрағаның сыйақысының мөлшері Үкімет қаулысымен 10 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көлемімен шектелген, бұл 2022 жылы 600 мың теңгеге тең болды. Бұл – 1 жыл ішінде басқарманың әрбір мүшесіне сыйақы ретінде төлеуге қарастырылған сома. Басқарма мүшелері басқа сыйақы алған жоқ", – деп хабарлады ӘМСҚ.

Аталған сома келесі жылы өсіп, 1 миллион теңгеге жуықтайды. Өйткені Президенттің тапсырмасымен елімізде ең төменгі жалақы көлемі биылғы 70 мыңнан 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, 85 мың теңгеге дейін ұлғады. Демек, 10 ЕТЖ 850 мың теңгеге тең.

Сонымен бірге қор өз басшыларының әрқайсысы сыйақы сыртында, ай сайын 1 миллион теңгеден көп жалақы алатынын жариялады. Бұл тіпті бірқатар депутаттардың жалақысынан көп (жалақысы көп палаталар төрағаларын, вице-спикерлерді, комитеттер басшыларын, комиссия басқаратындарын айтпағанда, қатардағы депутаттардың қолына алатын айлығы шамамен 700–800 мың теңгедей).

"ӘМСҚ топ-менеджерлеріне бонустар мен миллиондаған теңге сыйақылар төленгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.  Қордың 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылдық есебінде көрсетілген 93,8 млн теңге сомаға – төрағаны қоса алғанда, басқарманың барлық мүшелеріне төленген жалақылар, сыйақылар, демалыс және емдеу жәрдемақылары кіреді. Директорлар кеңесі қордың басқарма төрағасының жалақысының шекті мөлшерін белгіледі. Қазіргі басқарма басшысының жалақысы – ең төменгі белгіленген деңгейде. Яғни, қолына тазадай 1,39 миллион теңге жалақы алып отырады", – деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

Бұл мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та түсініктеме берді. Ол медсақтандыру қорының басшылық құрамына былтыр жыл соңында бонус берілмегенін айтты.

"Сіздерге ресми ақпаратты ұсына аламын. Ресми тұлға ретінде бұл жалған ақпарат екенін айтқым келеді. Себебі, 98 млн теңге қордың топ-менеджментіне жалақы, демалыс, емдеу жәрдемақысы түрінде қарастырылған. Былтыр олар бонус алмады. Өйткені директорлар кеңесі осындай шешім қабылдады", – деді Ажар Ғиният.

Дегенмен, ол ӘМСҚ басшылық құрамы жылына 600 мың теңгеден премия алғанын растады. Қордың топ-менеджерлері екі рет – Дәрігерлер күні мен Республика күнінде 300 мың теңгеден сыйақы алған. Бұл сома келесі жылы жалпы алғанда, 850 мың теңгеге дейін өседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу