Меморгандарға азаматтардан анықтама талап етуге тыйым салынбақ

2052

Жаңа Үкімет мембасқаруды трансформациялауға кірісті. Алайда жүргізілген талдаулар бұрынғы биліктен "Жаңа Қазақстанды" құруға кедергі болатын кесірлі мұра қалғанын көрсетіпті.

Меморгандарға азаматтардан анықтама талап етуге тыйым салынбақ

Қазақстанда ведомстволарға басқа мемлекеттік органдардың қолында бар ақпараттарды азаматтардан талап етуге және жинауға тыйым салынатын болды. Бұл Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасына енгізіліп отыр. Министрліктің мәліметінше, шара Президент Қ. Тоқаевтың 11 қаңтарда, Мәжілістің жалпы отырысында және 21 қаңтарда – отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде берген тапсырмаларына сәйкес қабылдануда.

Экономика министрлігінің дерегінше, Мемлекеттік қызметтер тізілімі аясында 2019 жылы 580 мемлекеттік қызмет "Электронды Үкімет" порталы арқылы, ал 143 қызмет – қағаз түрінде көрсетіліпті.

2020 жылы дәл осы тізілім-реестрдегі мемқызметтердің 649-ы – "Электронды Үкімет" арқылы электронды форматта, ал 49 қызмет – қағаз түрінде көрсетілген.

2021 жылы 651 қызмет "Электронды Үкімет" порталы арқылы, ал 39 қызмет бәрібір тек қағаз түрінде көрсетілген. Бұл талдау көрсеткендей, жыл өткен сайын автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі артып келе жатыр. Бұл "қажетті ақпаратты қосымша сұрауларсыз-ақ, тікелей ақпараттық жүйелерден алуға мүмкіндік береді".

"Алайда соған қарамастан, бүгінде шенеуніктердің азаматтар мен бизнестен меморгандарда онсыз да бар мәліметтерді сұратып алу проблемасы қордаланған. Неге? Ұйымдастырушылық, заңнамалық және техникалық шектеулер бір меморганның ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді басқалармен алмасуын толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Себебі ол деректер ресми түрде тек сол меморганға тиесілі. Сондай-ақ мемлекет қолындағы барлық деректер каталогының, эталондық деректерді айқындаудың және басқа тетіктердің жоқтығы да осыған кедергі. Осылайша, деректерді өзектілендіру, оларды каталогтау және эталондық анықтамалық көздерді анықтау мәселелері заңнамаға шұғыл өзгерістерді талап етеді", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Мамандардың айтуынша, мұның техникалық және әдіснамалық түйткілдері бар. Бұдан бөлек, азаматтар мен бизнестен мемлекеттік базалар мен дерекқорларда бар анықтамаларды талап етуді тоқтату үшін заңда тиісті тыйымдар болуға тиіс. Егер талап етуге заң жүзінде тыйым салынбаса, "ертең аудиторлар тексеріп, шикілігі шығады" деп қорыққан шенеуніктер мен әкімқаралар сақтық танытып, басыартық анықтамаларды сұрата беруін жалғастырады.

Бюрократиядан арылу үшін не жасалуы керек?

Басқару ісінің маманы, менеджмент магистрі Қайрат Әйтеновтің айтуынша, елде кең ауқымды дебюрократизация үдерісін жүргізбей, "Жаңа Қазақстанды" құру мүмкін болмайды.

"Жақында біздің серіктестер заманауи агроферма ашу үшін жер алмақшы болды. Әкімдіктердің қаптаған басқармалары олардан құжаттар мен анықтамалардың ұзын тізімін жинауды жүктепті. Инвесторларға бір терезе қағидатымен қызмет көрсетіледі дегені әншейін сөз екен. Тоқаевтың өзі бизнеспен кездесуде мембасқаруды жаппай бюрократия жайлағанын растады. Мысалы, Чехияда адамдар жеке басын куәландыратын құжатын көрсетіп, кез келген мемқызметті тұтына алады. Бізде анықтама жинаумен айлар өтеді", – дейді ол.

Мемлекет басшысы өзі ұсынған реформалардың сапасыз жүзеге асырылуына бюрократияны айыптады. Оның байламынша, бюрократия кесірінен азаматтар мемаппаратты "шабан қимылды, салғырт, енжар машина" деп қабылдайды.

"Бұл дерттен енді біздің барлығымыз жазылуға тиіспіз. Бұдан былай сыртқы қалып емес, ішкі мазмұн басымдық болады. Есеп үшін есеп, бақылау үшін жасалатын бақылау өткеннің еншісінде қалады. Басты ақпараттық жүйелердің өзара интеграцияланғанына қарамастан, меморгандар сол баяғыдай макулатураны және мағынасыз хат алмасуды көбейтуде", – деді Президент.

Сондықтан жаңа заңнамалық түзетулер аясында меморгандардың ақпараттық жүйелеріндегі деректер "ресми" және "қағаз күйінде растауды талап етпейді" деп танылады. Ал бір меморган екінші меморганның немесе әкімдіктің дерегіне кәміл сенуі және өз бетінше растауға уақыт жоғалтпауы үшін бүкіл дерекқорлар мен базалардағы мәліметтер өзектілендірілуге, жаңғыртылуға тиіс.

Тағы бір жаңалық – әр меморганнан мамандарды бір залға жинап, офлайн кеңестер өткізуіне шектеу қойылмақ. Жиын-кеңестердің басым көпшілігін енді карантин шектеулері болмаса да, онлайн-форматта өткізуге міндеттеледі. 

Тұтастай алғанда, "Жаңа Қазақстанның" мемаппаратын түбегейлі дебюрократизациялау шаралары Президент Қ. Тоқаевтың бөлек Жарлығында көрініс таппақ.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемаппаратты бюрократиясыздандыру және тиімділігін арттыру шараларының жүзеге асырылуын бақылау, соған мұқият мониторинг жүргізу құзыреті беріледі деп күтілуде.

"Жаңа Қазақстанға" кедергі болар құжат көп

"Мемаппараттағы бюрократияны жою меморгандар қызметінің ашықтығын, тиімділігін арттырудың және жұмысын жедел етудің басты шарты. Тиісінше, мемаппаратты түбегейлі бюрократиясыздандыру шараларының пакеті әзірленеді. Мысалы, "реинжинирингті" енгізу ұсынылып отыр, ол меморгандардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа ауыстыра отырып, олардың қызметін оңтайландырудың құралына айналады. Ұсынылған түзетулерге сәйкес, реинжиниринг дегеніміз – ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып, әкімшілік органдардың бизнес-процестерін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кешені", – деп хабарлады экономика ведомствосы.

Бұл ретте функцияларды орындау мерзімдерін қысқарту, кадрлық, материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстарды оңтайландыру, ұйымдастырудың артық рәсімдерін жою қолға алынады.

Сонымен қатар министрліктің ақпаратынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "Цифрлық трансформациялау орталығы" іске қосылды. Оның қызметі меморгандардың функцияларын модельдеуге бағытталған. Соның негізінде министрліктер мен әкімдіктердің бизнес-процестері қайта қаралып, жинақы етіледі, азайтылады.

"Бүгінгі таңда қол жеткізілген нәтижелер бюрократизмді қысқартудың, меморгандардың бизнес-процестерін жетілдірудің, сондай-ақ қаржылық, кадрлық және ұйымдастырушылық ресурстарды оңтайландырудың орасан зор әлеуеті барын паш етті. Ұлыбритания, Канада, Малайзия, Сингапур және Ресей үлгіге алынып отыр, олар мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау процестерін әдіснамалық және эксперттік қолдау үшін институционалдық базаны құрудың маңыздылығын көрсетті. Оның үстіне мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауда табысқа жету үшін бұл процесті лайықты әрі уақтылы нормативтік реттеумен үйлестіру қажет", – деп түсініктеме берді бас экономист Әлібек Қуантыровтың ведомствосы.

Алайда бұған "цифрлық трансформация талаптарына сәйкес келмейтін ескірген және басы артық бизнес-процестерді бекітіп берген нормативтік құқықтық актілердің – заңдардың, қаулылардың, өкімдер мен шешімдердің алапат ауқымының қордаланып қалғаны" кедергі келтіріп жатқан көрінеді.

Ендеше "Жаңа Қазақстанды" құрушыларды аңыздарда айтылатын "Авгий қорасын" тазалап шығуға теңесетін ғаламат жұмыс күтіп тұрғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу