Мен қазақ болып кеткен неміспін

2360

Жамбыл облысына қарасты Талас ауданы Ойық ауылында туып-өскен неміс ұлтының өкілі Андрей Греб осылай дейді.  

Мен қазақ болып кеткен неміспін

Бүгінде тарихи отаны – Германияға қоныс аударған Андреймен  whatsapp әлеуметтік желісі арқылы тілдескенімізде, сол ауылдағы Д.Қонаев атындағы орта мектепті 1982 жылы бірге бітірген ұл-қыздармен достықтары әлі күнге үзілмегенін айтты.

"Сыныптастарымның көбісі оқуда озат болғанымен, мен оқып оңдырған жоқпын. Бала кезімнен кеңшарда жүргізуші болып еңбек ететін әкемнің автокөлігін талай ұрлап айдап кеткенім бар. Жас кезімде тентектігім де болды. Қазір білмеймін, ол заманда балалар бір-бірімен түске дейін төбелесіп, түстен кейін құшақтасып бірге жүре беретін. Әкем жарықтықтың ойық руының ішінде қызылқұрт атасынан достары көп болды. Ойын баласы кезімде үлкендер жағы: "Әй сары бала, осы сен қай атаның баласысың" дейді, тілімді қызық көріп. "Мен қазақтың баласымын, ойықтың қызылқұртымын" деймін. Ол сөзіме ауылдың шалдары қыран-топан болып жататын", – деді А.Греб.

Жастық шағымнан техникаға құмартқан ол жүргізуші болып еңбек жолын бастайды. Ауылдағы су шаруашылығы мекемесінде жүргізуші болып еңбек етеді. Жал өңіріндегі малшылардың қыстауларына жиі қатынаған. Қай қазақтың да дастарханы жиылмайтынына разы.

"Алыстан жақыны келгендей құшағын жайып, қарсы алушы еді мал баққан жұрт. Біз келісімен екі иығынан демалған сары самауырынды әкеледі. Шөл қандырып болғанша қазанға түскен ет бүлкілдей бастайтын. Сарыарқадағы мал жайылымдарында талай шарладым", – деп еске алды ол ауылдағы жылдарын.

Андрей отбасымен Германияның Виддерн қаласына 1992 жылы көшіп кеткен. Тарихи отаны болғанымен ол жақтың тыныс-тіршілігіне үйрену қиын болыпты.

"Қазақта "Үш күннен кейін көрге де үйренесің" деген сөз бар ғой. Одан бері 28 жыл өтті, қазір Еуропадағы өмірге де қалыптастық. Мен үлкен жүк көлігін айдаймын. Талай мемлекетте болдым. Қазақтай дана халықты көргенім жоқ. Қазақтың мейірімі, қонақжайлығы, бауырмалдылығы қандай! Қазір кіндік қаным тамған Ойық ауылы түсіме жиі кіреді", – деген неміс азаматы туған жеріне соңғы рет екі жыл бұрын келгенін жеткізді.

82 жастағы қарт анасы қиын-қыстау кезде пана болған сол ауылды, замандастарын бір көрсем деп армандайды екен. Алайда, үлкен кісі жолға жарамайтын сыңайлы. Ал өзі биыл жазда отбасымен келіп-кетуге ниеттеніп отыр.

"Өмірден өткен азаматтардың шаңырағына барып, бата жасасақ деймін. Достарыммен біраз күн Таластың бойында демалып, жаңарып, жайнап жатқан Тараздың інжу-маржандарын тамашаласақ деймін", – деп ағынан жарылды Андрей.

Үстіңде қазақтың ұлттық киімі – шапаныy, тақиясын киіп алған ол мұны үйінде де тастамайтынын айтты. Сөзіне қарағанда, әз Наурыз мерекесін тойлауға дайындықты бастап та кеткен.

"Бұл – бізде жыл сайын қалыптасқан игі дәстүр. Біз осы күнге қазақтың арқасында аман жеттік. Сіздердің жасаған жақсылықтарыңды, қамқорлықтарыңды әркез еске алып, балаларымызға айтып отырамыз", – деді А.Греб.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу