Мереке қарсаңында гүл сатуды уақытша кәсіп қылатындар көбейеді

1723

Қазақстанға гүлдер қай елдерден әкелінеді? 

Мереке қарсаңында гүл сатуды уақытша кәсіп қылатындар көбейеді Фото: rus-buket.ru

8 наурыз мерекесі қарсаңында гүл сатумен айналысатындардың қарасы көбейеді. Бірі осы қызметпен осыған дейін кәсіби түрде айналысып келгендер болса, екіншілері мереке күндері осы бизнес түрін уақытша ермек еткендер. Бұл нарықтағы бәсекеге қалай әсер етеді? Мереке жақындағанда гүлдердің бағасы қалай өзгереді? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайтының тілшісі шолу жасады.

Алдымен республикамыз гүлдерді қай елдерден импорттайтынына тоқталайық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр Қазақстанға 61 млн долларға 8 278 тонна кесілген гүл мен гүл түйнегі әкелінген. 2022 жылы гүл импорты 6 832 тоннаны құрап, жалпы сомасы 46 млн долларға тең болды.

Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы Қазақстанға гүлдер әлемнің 52 елінен әкелінген. Оның ішінде Еуропа, Оңтүстік Америка және Африка елдері топ бастап тұр.

"2023 жылы гүлдердің ең ірі жеткізушілері: Эквадор – 4 913 тонна, Нидерланд – 1 633 тонна, Кения – 635 тонна, Колумбия – 488 тонна", - деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, биылғы қаңтар айында елімізге 639,7 тонна гүл немесе 12,1 млн дана гүл талы әкелінген.

"Раушан гүлдерге сұраныс ең жоғары. Оның 411,2 тонна немесе 9,3 миллион дана гүл талы әкелінген. Екінші орында хризантемалар тұр, 71,9 тонна немесе 1,1 млн дана гүл талы. Үштікті лалагүл (салмағы – 15,2 тонна немесе 220,2 мың дана гүл талы) қорытындылады", - делінген хабарламада.

Қалампыр да сұранысқа ие гүлдердің қатарында. Бұдан бөлек қызғалдақ, гипсофила, финикс, ирис, гортензия және басқа да экзотикалық гүлдер де әкелінген.

Биыл елімізге гүлдер негізінен Эквадор (404,2 тонна), Нидерланды (105,4 тонна), Колумбия (49,3 тонна), Қытай (16,3 тонна), Кения (44,8 тонна), Өзбекстан (9,2 тонна), және Израильден (2,7 тонна) әкелінген. Ақпаратқа сәйкес, былтыр отандық раушан гүлдер Өзбекстанда сұранысқа ие болып, көршілес елге 27,1 тонна гүл экспортталды.

Мереке жақындаған сайын гүл сататындардың жұмысы белсенді бола түседі. Бұл, әсіресе, тапсырысты тәулік бойы қабылдайтын дүкендерге қатысты. Сарапшылардың сөзінше, гүл бизнесі Instagram-да қайнап тұр. Өзінің тұрақты клиенттері бар, артық жарнаманы қажет етпейтін дүкендерде бұл күндері гүлге деген сұраныс көбеймесе, азаймайды. Ортаға енді қосылып, осы салада өзін сынап көріп жатқандар бәсекеге дайын болуы тиіс. Instagram арқылы гүл сататын дүкендердің көп бөлігіндегі жарнамаларда "онлайн сатылымды санаулы минутта ресімдейміз", "тапсырысты тез жеткіземіз", "хош иісті гүлдер", "гүлдерді жібермес бұрын оны суретке түсіреміз" сынды тіркестерді жиі кездестіруге болады. Бұл ретте гүл бағасында әрі оны безендіруде айырмашылықтар байқалады.

Онлайн жарнама беретін сайттарда да гүл сататындар менмұндалап тұр.  Мәселен, Астанада қызғалдақтың бір данасын 400 теңгеден бастап сататындарды кездестіруге болады. Жарнамада гүл Голландиядан әкелінген деп көрсетілген. Енді бірі гүлдің осы түрін Белоруссиядан жеткізгенін, бағасы 700 теңгеден басталатынын жазады. Айта кету керек, гүлдердің көтерме және бөлшек саудалардағы бағасында айырмашылықтар бар.

Energyprom ақпаратына сүйенсек, елімізде гүл бағасы бір жылда 8,2 пайызға қымбаттаған. Бағаның өсімі бойынша антилидерлер қатарында Қарағанды, Алматы облыстары мен Астана қаласы көш бастады. Жалпы мереке жақындаған сайын гүл қымбаттайды, дейді сарапшылар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу