"Мерекелер биліктің ойыншығына айналып кетпесін"

2900

Жаңа Қазақстан алдымен төл мейрамдары бойынша айқындалып алмақ. Бұл қадам Назарбаев дәуірінің толық аяқталып, оның күйрегенінің көрінісі ретінде тарихқа кіруі мүмкін.

"Мерекелер биліктің ойыншығына айналып кетпесін"

Мәжілістің 7 қыркүйектегі жалпы отырысында депутаттар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұдан бұрын, 2022 жылғы 16 маусымда, Ұлттық құрылтайдың I отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарих қойнауына кеткен "Республика күні" мерекесіне күтпеген жерден аса жоғары мән-маңыз беріп, оны тіпті ел дамуының жаңа басымдықтарының бірі деп атады.

"Біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек! Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25 күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек", – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Содан бері тыныштық орнады, Парламент каникулға кетті. Ал Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасын орындау үшін жаңа заң жазу қажет емес деп танылды. Оның орнына Мәжіліс қарауында жатқан кинематография және мәдениет мәселелері жөніндегі заң жобасы арқылы қолданыстағы "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға бір сөйлем түзету енгізуге ұйғарылды.

"Тәбет тамақ үстінде келеді" деген, Парламент пен Үкімет Республика күнін қайтарумен шектелмеуге бел буды. Мемлекеттік және ұлттық мерекелердің тізімі қайта қаралып отыр. Бұл жерде Жоғарғы палата өз сөзін айтқан жоқ, бәлкім, ол да өз түзетуін қосар, бәлкім, үнемі үнсіз қалатын сенаторлар бұл жолы да мәжілісмендердің ұсыныстарына ғана тып-тыныш бас изей салуы мүмкін.

Сонымен біріншіден, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тасталады. Депутаттардың бірі кулуарда ескерткендей, енді дипломатиялық арналар арқылы шетелдік серіктестерді, шет мемлекеттер басшыларын Қазақстанда енді мұндай мерекенің жоқтығы жөнінде хабардар ету қажет болады. Әйтпесе, олар ескі әдетпен биыл да Назарбаевқа құттықтау жаудырады. Бұл – сырт көзге Қазақстанда қос билік орнағандай сезім қалыптастыруы мүмкін.

Дегенмен 1 желтоқсанды атап өтуге тыйым да салынбайды. Мәжілістің таратқан мәліметі бойынша Мемлекеттік рәміздер күні, Алғыс айту күні сияқты, енді Тұңғыш Президент күні де қоғамдық маңызы жоғары датаға айналады. Бірақ бұл күн енді демалыс болмайды.

Екіншіден, 25 қазан – Республика күні қайта оралады. Ғажабы сол, бұл енді Қазақстанның тәуелсіздігінің басты мерекесіне айналмақ. Бұл ретте 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан Тәуелсіздік алмағанын алға тартқан тарихшылардың тұжырымына "еститін мемлекетте" ешкім құлақ аспады. Шынында, сол 25 қазанда қабылданған "Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларацияда" Қазақстанның жаңартылған Кеңес одағында қалатыны анық жазылған: "Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасы – егемендi мемлекет, ол басқа республикалармен Егемендi Республикалар Одағына ерiктi түрде бiрiгедi. Қазақ ССР-і Одақтан еркiн шығу правосын өзiнде сақтап қалады".

Декларацияға сәйкес, Қазақ КСР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президентi КСРО Бас прокурорымен, яғни Мәскеумен келiсе отырып қана ұсына алады.

Демек, қай жағынан қарасаңыз да, бұл толыққанды тәуелсіздік емес. Оның үстіне сарапшылардың байламынша, Мәскеу қайтадан қарудың күшімен көрші аумақтарды тартып алып, Кеңес Одағын қалпына келтіруге кіріскен қазіргі шақта оның іргесінде отырған Қазақстанның сол Одақты сақтап қалуға тырысқан Декларацияны ұлықтай бастауы, ал КСРО-ны күйреткен Тәуелсіздік декларациясын "Аза тұту" күніне айналдыруы тіксінтеді.

Бұған қоса, кейін Республика күні мерекесіне арқау болған аталған декларация Қазақстанда қос азаматтықты енгізді: "Қазақ ССР-інің өз азаматтығы бар және ол әрбiр азаматқа КСРО азаматтығын сақтауға кепiлдiк бередi". Бұл кесірлі тәжірибе ел азат болған соң жойылды.

Мына заң жобасы қабылданған соң, 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке болып табылады және ол тәуелсіздік күні ретінде тойланады.

Үшіншіден, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні болып қалады, яғни атауы сақталады, бірақ мәні мен мәртебесі өзгереді. Ол қазіргі ұлттық мереке мәртебесін жоғалтып, мемлекеттік мереке санатына ауыстырылады. Сонымен бірге бұл күні желтоқсаншыларды және азаттық жолында басын құрбан еткен басқа да батырларды еске алу шаралары ұйымдастырылады. Бұл – Президенттің тапсырмасы.

"Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады, бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", – деп нықтады Ұлттық құрылтайда Тоқаев.

"Бізде мысалы, Мемлекеттік рәсімзер күні сияқты атаулы мерекелер бар, бірақ олар жұмыс күні болып есептеледі. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні де солардың қатарына көшеді. Бұрынғыдай мерекелік іс-шаралар да өткізілуі мүмкін. Ал Республика күніне келсек, тәуелсіздікпен байланысты барлық іс-шаралар бұдан былай 25 қазанда ұйымдастырылады. Ал 16 желтоқсан – Еске алу күніне көбірек ұқсайтын болады", – деді журналистер сұрағына жауап берген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Осылайша, жаңа мереке (Республика күні) қосылғанымен, қазақстандықтар үшін демалыс күндері көбеймейді. Себебі биылдан бастап, Тұңғыш Президент күнінде демалмаймыз.

Керісінше, аталған заң жобасын Парламентте ары қарай талқылау барысында демалыс күндері тағы азаюы мүмкін. Бірқатар сарапшы Президенттің туған күні – 6 шілдеге орайластырылған "Астана күні" мерекесін де алып тастауды ұсынады. Өйткені әлемде бірде бір ел өз астанасын өзге өңірлерінен бөліп алып, жеке ұлықтамайды. Мұндай бөле-жарылу унитарлы еліміздің болмысына жат көрінеді. Алайда бұл идея әзірге парламенттік қолдауға ие болмады.

Қалай болғанда, осы заң өмірге жолдама алғаннан кейін Қазақстанда жалғыз ғана ұлттық мереке болады. Ол – Республика күні. Тіпті Наурыз да мемлекеттік мереке санатында.

"ҚР мерекелер туралы" заңына сәйкес, Ұлттық мереке дегеніміз – Қазақстанның мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне белгіленген мерекелер.

Ал Мемлекеттік мереке дегеніміз – қоғамдық-саяси маңызды оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Екеуінің арасында үлкен айырмашылық бар: ұлттық мәртебедегі мерекені бүкіл Қазақстан – барлық өңірлік әкімдіктер, орталық және жергілікті меморгандар тойлауға, ресми іс-шаралар өткізуге міндетті. Ал мемлекеттік мерекелерді атап өту міндетті емес, қалауы бойынша. Салдарынан, әкімдіктердің көбі Наурызды мерекелеуге мән бермей жүр. Оған жауап ретінде кейбір әкімдіктер кеңестік Жаңа жылды тойламайды, соған сай ауыл, аудан, қаланы безендірмейді.

90-шы жылдары Жоғарғы кеңесте көмекші болып істеген, тарихи оқиғаларға куә болған заңгер Жеңіс Ахметов мерекелерді мемлекет ойыншыққа айналдыруын қоюы керек деген пікірде. Әйтпесе, ұлттық және мемлекеттік мерекелердің қадірін түсіреді, халық оларды құрметтемей қояды.

"Әрине, бұрынғы билік Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсанға белгілеп, желтоқсаншыларға қиянат жасағандай болды. Тәуелсіздік декларациясы Жоғарғы кеңеске сол оқиғалар аталып өтетін дата қарсаңында енгізілді, талқылау әдейі бірнеше күнге созылып, ақыры дәл Желтоқсан оқиғасы болған күні қабылданды. Мұнда бір символизм болатын. Бірақ содан желтоқсаншылар билік өзін атаулы датасынан айырғандай, өкпелеп жүретін. Тоқаевтың қадамы бір жағынан, осы әділдікті қалпына келтірсе керек. Дегенмен оның "Қазақ КСР Мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларация" қабылданған күнді тәуелсіздік күні мәртебесіне дейін көтеріп, ұлықтай алуы күрделі болса керек", – деді ол.

Сарапшының байламынша, ол декларация құқықтық құжаттан гөрі, саяси құжатқа көбірек келетін. Себебі оның ережелерінің заңдық күші болмады. Қазақстанның тәуелсіздігін заңды түрде тек қана конституциялық акті бекіте алатын еді. Ондай құжат 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданғаны белгілі.  

Сондай-ақ Назарбаев та 1990 жылғы 20 желтоқсанда өткен КСРО халық депутаттарының IV съезінде Мәскеудің Қазақ КСР егемендік декларациясын мойындай қоймағанына қатты ренжіген.

"Разве ослабла жесткая диктаторская хватка Центрального аппарата? Разве поколебал декларированный суверенитет республик монолитную позицию ведомств? Скажу прямо: чихать они хотели на наш суверенитет!", – деген Н.Назарбаевтың ашулы сөзін сонда шетелдік басылымдар да басқан екен.

Қорыта айтқанда, билік Қазақстан халқына республиканың жаңа әрі жалғыз ұлттық мерекесінің мән-маңызын, бұл қадамның не үшін жасалып отырғанын егжей-тегжейлі, жан-жақты, бұқараға ұғынықты тілмен түсіндірсе игі. Сонда халық Республика күнін шынында тәуелсіздік күні ретінде қабылдауы мүмкін. Әйтпесе, Қазақстанның болашақтағы лидерлері 16 желтоқсан мәселесіне қайта оралуға мәжбүр болуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу