Меркель дәуірі аяқталуға жақын

3999

Соңғы әлеуметтік зерттеу қорытындыларына қарағанда, еуропалықтардың көпшілігі Макронды емес, Германия канцлерін ЕО-ның "президенті" етіп сайлауға дайын екен. 

Меркель дәуірі аяқталуға жақын

Германия канцлері Ангела Меркель 16 жылдан астам уақыт бойы еуропалық саясаттың өзегі мен тірегі саналды. Елінің бірінші әйел-канцлері бола жүріп, ол Еуропаның ең ірі экономикасын басқарды және де жаһандық рецессия соққысын, еуроаймақтың күйреу қаупін, 2015 жылғы миграциялық  дағдарысты еңсеру мәселелерінде қалған континенттке де жетекшілік етті. Ол байсалды ісімен, тұрақты лидерлігімен және саясаттағы ымыраласа білу дарынымен үлкен беделге ие болды. Дональд Трамп президенттік қызметке кіріскенде, неміс үкіметінің басшысы қысқа мерзімге батыстың либералдық тәртібінің ұлы қорғаушысына айналды. Ал, 2018 жылы Меркель қатал мұғалім тәрізді стөлдің ар жағынан Трампқа тентек оқушыға ұрысардай қарағаны бар. Осы бір сәтті бейнелейтін фотосурет сол кезде бүкіл әлемді шарлап кетті.

Бірақ қазір Меркель дәуірінің күні батуға жақын. Екі аптаға жетпес уақыттан кейін немістер жаңа үкіметке дауыс береді, ал Меркель ол сайлауға қатыспайды. Канцлердің саяси партиясы - оңшыл-центристік христиан-демократтар, бір ұрпақ ауысқанда алғаш рет оппозицияға өтуі мүмкін. Елінде де, шетелде де үлкен құрметке ие болып, келелі істерімен талайларды таңырқатса да, Меркель осы жолы бәрібір саясат сахнасынан кетеді.

Ол өзін климаттың өзгеруімен күрескер ретінде байқатқанымен, Германия қоңыр көмір өндіруден әлемдегі ең ірі ел болып қалып отыр. Ал, 2009 жылы еуроаймақта басталған қарыз дағдарысына қатаң жауап беремін деп, Меркель Грекияда үлкен зұлымға айналды, себебі бұл мемлекеттің экономикасын қайта қатарға қосу үшін қаржыны мейлінше үнемдеуге тура келді. 2015 жылы Еуропаның өзге елдері мигранттар мен босқындарды шекараларына өткізбей жатқанда, Меркель Сирия мен Ауғанстаннан қашып келген бір миллиондай пана іздеуші үшін Германияның қақпасын ашты. Алайда бұның нәтижесінде неміс қоғамында әсіре ұлтшылдар бас көтеріп, олардың "Германияға альтернатива" партиясы тіпті парламентке өтіп, көпшілікті таң қалдырды.

Меркель өз соңында "күрделі мұра қалдырды" деген пікір бар. Кейбіреулер оның консенсусқа негізделген саяси стилін қолдайды. Өзге біреулер канцлерге, әсіресе, Ресей мен Қытайдың агрессивті өсуі жағдайында батыл лидерлік қасиет жетіспеді деп есептейді. Дегенмен, бірқатар бақылаушылардың ойынша, Меркельдің потенциалдық ізбасарларының ешқайсы оның орнын бәрібір толтыра алмайды.

Қыркүйектің 26-ында Германияда өтетін сайлау қарсаңында, кофеқұмар әрі аз танымал Армин Лашет бастаған христиан-демократтардың рейтингі күрт төмендеп отыр. Саясаткер ретіндегі жағымдылық тұрғысынан Лашет жасылдар лидері Анналена Бербок пен Олаф Шольцтан кем дауыс жинаған. Соңғысының солшыл-центристік социал-демократтар партиясы Меркельдің коалициялық үкіметінде көп жылдар бойы кіші серіктес саналды. Енді ол жетекші орынға шығуы мүмкін.

 "Лашет үшін ең үлкен проблема сол - ол сайлаушыларды Меркель сияқты жұмыс істей алатынына сендіре алмады. Сонымен қатар, Лашет өзіне сенімсіз, жеңілтек, біліксіз адам тәрізді көрінді", - дейді Бонн университетінің саясаттанушы-ғалымы Юлия Ройшенбах "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұқбатында.

Неміс көрермендері болса, Шольцты жексенбіде жетекші үміткерлер арасында өткен дебаттың жеңімпазы деп атаған. Дегенмен, алдағы сайлауда кім ұтса да, Германияның келесі лидері Меркельден кейін қалған мәселелерді шешумен айналысуға мәжбүр болады. Солардың ішінде Еуропа одағының өзге бөліктерінде заң үстемдігін қамтамасыз ету мен Еуропаның әлемдік аренадағы мүдделерін қорғау проблемалары бар.

"Қытайдың әлемдік аренадағы үстемдігі; климаттық өзгеріс зардабының ауырлай түсуі; либералдық және либералдық емес Еуропадағы жікшілдіктің өршуі;  әлемде шешімін таппаған жанжалдардан қашқан босқындардың жаңа легі. Осынау сынақтарды ескерсек, Меркель дәуірі тыныш көрініп, ол заманды әлі сағынатын боламыз", - деп жазады немістің Der Spiegel апталығы.

"Меркелизм енді тұрақтамайды. Ал, Германияның келесі канцлері басқа жол іздеуге тиіс. Меркель соңғы 15 жылда бүкіл құрлықтағы жағдайды бір қалыпта ұстаған шығар. Алайда, қазір Еуропаның алдында пандемия, климаттың өзгеруі және геосаяси бәсекелестік мәселелері тұр. Олар косметикалық өзгерістерді емес, түбегейлі шешімдерді қажет етеді", - дейді Еуропа сыртқы қатынастар кеңесінің (ECFR) саясат жөніндегі аға қызметкері Петр Бурас Todays WorldView басылымына жолдаған хатында.

Десекте, Меркель кеңінен танымал тұлға болып қала береді. ECFR-дің зерттеуіне сәйкес, Еуропаның 12 елінде сауалнамаға қатысқан көпшілік, егер Меркель билік етпегенде, әлемде жанжалдар көбірек болар еді деген пікір білдірген. Ал, "Еуропа одағының  "президенттігіне" кім лайығырақ: Меркель ме әлде Франция президенті Эммануэль Макрон ба?" деген сауалға еуропалықтардың көбі: "Германия канцлері" деп жауап берген.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу