Мессенджерде алаяқтықтың өзге түрлері әшкереленді

2819

Ішкі істер органдары тергеу шараларына кірісті. 

Мессенджерде алаяқтықтың өзге түрлері әшкереленді

WhatsApp-тағы "Қазан немесе қара касса" ойыны жалғыз емес екен. Алаяқтардың өзге мессенджерлерде елді алдап жатқаны анықталды.

"Табыс" аталған ойынға Telegram мессенджерінде тіркелген азаматтар кезіккен. Бұл топ өзін Youtube және Инстаграммда жарнамалауда. Бастапқы атауы "Профит" болған. Оның менеджері Виктория Телеграмдағы аккаунтын үнемі ауыстырып отырады. Ойынның бас кеңсесі "Мәскеу қаласы, Озерковская набережная, 24-үй" мекенжайы бойынша орналасқан. Бұдан бөлек, кейбір деректерге сәйкес, Самара қаласының Партизанская көшесі, 86 мекенжайында өңірлік офисі орын тепкен деседі.

Ойын аса табысты букмекерлік қызметке құрылған. Соның ішінде қандай да бір спорт түрлері мен оқиғаларына бәс тігеді. Бірақ дәстүрлі букмекерлерден айырмашылығы бар. Бұл ойынның қыр-сырын елорда тұрғыны А.Каримова біледі. Алаяқтарды әшкерелеп, құқық қорғау органдарына жүгінген де сол.

"Оған кірген адамдар белгілі бір сома енгізіп, бәс тігеді. Ол қаржы айналымға түседі де, қосымша кіріс келтіреді. Қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл ТМД елдеріне таралғаны аңғарылады. Мен тікелей Викториямен тілдесіп отырдым, бірақ гарантым басқа – Мария болды. Мен 50 мың теңге ақша енгіздім, ол айналымға түсіп, 511 мыңға артты. Қаржыны 2020 жылғы қаңтарда рубльге аудара отырып, Виктория Биязованың VTB24 картасына тастадым. Ол жаңа ойыншы ретінде гарантқа комиссия төлеу керектігін жазды. Бірақ жарнамасында ешқандай комиссия туралы бір сөз айтылмаған", – дейді ол.

Комиссия 65 мың теңгені құрады. Ол қаражат Мария Шутееваның VTB24 банктік картасына аударылған. Виктория гарантқа төлем түскенін тексергеннен кейін, "тосын жаңалық" жолдады: "шамалы" қате кеткенін айтып, шынында оның ұтысы 801 мың 500 теңге екенін, бірақ оны алып кету үшін бастапқы бәс жарамайтынын жеткізеді.

"Сондықтан гарант Марияның картасына өздері сұраған 45 мың 500 теңге комиссияны жібердім. Виктория гаранттың тағы 36 мың 750 теңге жетпейтінін хабарлағанын жазды. Мен бұл соманы да Марияның есепшотына жібердім. Одан кейін Виктория банк картасының төлемдерге арналғанын, тиісінше шетелден бірнеше рет қайтара аударымдар жасалғанда салық ұсталатынын, сол себепті тағы 29 мың 440 теңге енгізу қажеттігін айтты. Мұны орындаудан бас тарттым. Өйткені сонда ғана бұлардың алаяқ екені, қаржымның желге ұшқаны санама жетті. Осы төлемдерді төлеу үшін кредит алған едім, енді жыл бойы төлеуге тура келеді, олар мені 300 мың теңгеге сазға отырғызып кетті", – деп қамығады А.Каримова.   

Алаяқтар жаңа ойыншыларды арбап, ортасына тарту үшін өз роликтері астын жалған аккаунттардың кілең оң пікірлерімен толтырып отырған. Содан "жұрт айтты, сендім" жағдай орын алған. Сондай-ақ менеджердің "үлкен ұтыстарына" қол жеткізген адамдармен өзара хат жазысулары да, жеңімпаздардың видеосы да өтірік болып шықты.

"Табыс" ойынына қаржысын салған қазақстандықтар өз шағымында бұл қадамға амалсыздан, әлеуметтік жағдайының нашарлығынан, қаражат жетіспегендіктен барғанын мәлімдеді.  

Бұған қаржылық сауаттылықтың жетіспеуі де ықпал етсе керек. Қазақстанда не балабақшада, не мектепте алаяқтарға қалай алданбау керектігін ешкім үйретпейді. Тіпті ұстаздардың өздері алаяқтар ойыны мен қаржылық пирамидаларға қатысуы деректері кездеседі.

Кейбір азаматтар отандық банктерге өтініш жазып, Ресейге аударылымдарын жоюды және қаржыны кері қайтаруды сұрапты. Банк 15 күн күту қажеттігін білдірген. Дегенмен, ақша есепшоттан сыпырып алынса, оны кері алу беймүмкін. Банктер өз клиенттерінің ішкі ісіне араласпайды және бұл жерде тек делдал қызметін атқарады. 

Бүгінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде онлайн букмекерлік ойындар қаптап ашылуда. Онда қатысушылар жеңуін жеңеді, алайда ұтысын ақыры әкете алмай қалады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, "Доход" тобы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің "Сарыарқа" ауданы бойынша полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-тармағының 4-тармақшасы, яғни "ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Тергеуші қылмыстың барлық жәйттерін және оны жасауға қатысты тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу іс-қимылдарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысын ІІМ бақылауға алды.

Топты құрушылар ізі Ресейге кететіндіктен, біздің тергеушілерге солармен бірге жұмыс істеген жөн болса керек.

Zecurion сараптама орталығының басшысы Владимир Ульянов банкке жедел жүгінгеннің өзінде қаржыны қайтару проблема екенін ескертеді.

"Ақпарат құралдары мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі осындай қалта қағушы схемалар туралы ұдайы жазып, елді хабардар етуде. Алайда интернет аудитория қазіргі кезде киберқауіпсіздік мәселесінде аса аңғал аға ұрпақ және жаңалық оқымайтын жастар есебінен өсуде. Telegram-дағы алаяқтар өз "ойындарына" мол инвестиция құяды, тіпті үлкен аудиториясы бар каналдар мен аккаунттарды сатып алады", – дейді сарапшы.

Демек, "аз уақыт ішінде мол табыс әкелетін" схемаларға және оны жарнамалайтын адамдарға сенуге болмайды. Олар сенгіш адамдардың адал ақшасын иеленуді мақсат етеді.

Мысалы, Facebook аккаунттардағы "тез баю схемаларын" ұсынатын хабарландыруларға ресми тыйым салды. Алайда жарнаманы премодерациялау автоматты режимде жасалатындықтан, ондай хабарландырулар електен өтіп кетіп, онда да бой көрсетіп қалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу