Миға жасалатын кез келген операция күрделі - нейрохирург дәрігер

4019

2022 жылдың қаңтар-қазан аралығында Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ми патологияларының нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлері бас мидың ісігін алып тастау бойынша 800 ересек науқасқа нейрохирургиялық ота жасады. 

Миға жасалатын кез келген операция күрделі -  нейрохирург дәрігер Фото: Ұлттық нейрохиругия орталығы

Былтыр бас мидың ісігін алып тастау  бойынша жасалған операцияның саны 784 болған. Ал, жыл басынан бері балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің мамандары осындай операцияны 119 балаға жасады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мидағы қатерлі ісік – бас сүйегінің ішінде пайда болатын түзілім. Бұл адамның жас ерекшелігіне қарамастан болуы мүмкін ауру түрі.

Нейрохирург дәрігер Мұратбек Тілеубергенов Ұлттық нейрохирургия орталығында 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, мида пайда болатын ісіктің 4 дәрежесі болады.

– Мұратбек Әбдіғалиұлы, бұл аурудың алғашқы белгілері қандай?

– Аурудың симптомдарына бас аурулары, түсініксіз жүрек айнулары, теңселу, аяқ-қолдағы әлсіздік, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, естен танып құлау жатады. Бұдан бөлек мидағы патология әсерінен сөйлеу және есту бұзылысы, біртіндеп иіс пен дәм сезудің жоғалуы, көру қабілетінің нашарлауын да айтуға болады. Кейбір адамдар жүргенде теңселіп, яғни дененің тепе-теңдігін сақтау қиындай түседі. Егер де осы айтқан симптомдар жиі мазаласа, онда тексерістен өткен дұрыс. Оның нәтижесінде ауру түрі анықталып жатады.

Мида біріншілік және екіншілік ісіктер болуы мүмкін. Бірден мида дамитын ісіктер болады. Олар ми тіндерінде, ми қабығында, бассүйекте пайда болады. Сондай-ақ кей жағдайларда ағзаның басқа мүшелерінде пайда болатын метастазалар, яғни екіншілік ісіктер де болуы мүмкін.

– Бас аурулары қаншалықты қауіпті?

– Егер ол адамның өмір сүру қабілетіне әсер ететін болса, әрине қауіпті. Бас аурудың да түрлі себебі бар. Бірақ егер де ешқандай дәріге басылмаса, кәдімгі бас ауруларынан айырмашылық байқалса және уақыт өткен сайын күшейе түссе, онда дәрігерге көрінген жөн. Ми орталық басқарушы орган іспеттес. Жалпы жылына бір рет МРТ-ден өткен дұрыс деп ойлаймын.

– Мидың ісігінен толық айығу мүмкін бе?

– Егер ісік бастапқы сатыларда анықталатын болса, толық айығу мүмкін. Десек те, қайталама өсуі мүмкін кейбір ісіктер де болады. Ми – адамның ағзасындағы күрделі құрылым. Егер де ол жерде ісік пайда болса, адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні сөзсіз.

– Ота жасатқан адамның орташа өмір сүру ұзақтығы қандай?

– Операция сәтті аяқталғанның өзінде бұл ісіктің табиғатына және дәрежесіне байланысты болады. Мысалы, көлікте қозғалтқыш қорабы деген бар. Ол арқылы жылдамдықты арттыруға не азайтуға болады. Бірде жай жүреді, екіде одан да қатты жүреді дегендей. Мына ісікте де дәрежесіне қарай болады. Егер бірінші және екінші сатыдағы ісіктер болса, онда адамның өмір сүру қабілеті ұзақтау. Ал, үшінші және төртінші дәрежелі неғұрлым тез өсетін ісіктер кезінде олай деп айта алмаймыз. Әрине ол жағдайда да операция жасалып, ісік алынады, сәулемен күйдіру, химиялық терапия жасалады. Өкінішке қарай, төртінші дәрежелі ісіктер адамның өмір сүру сапасын төмендетіп жібереді. Бастапқы сатыларда ісік толық алынса, адамдарда айығып та кетуі мүмкін. Миға ота жасағаннан кейін науқастар белгілі бір уақытқа дейін дәрігерлердің бақылауында, атап айтқанда диспансерлік есепте болады.

– Аурудың алдын алуға бола ма?

– Қазіргі уақытта медицина дамыған. Мидың ішіндегі қатерлі ісіктер көлемі кішкентай болса, оларды Гамма-пышақ арқылы алып тастауға болады. Ал егер де ісік көлемі өте қатты үлкен және клиникалық белгілері басым болып жатса, ондай жағдайда тек қана хирургиялық емге жүгінеміз. Аурудың алдын алу мүмкін бе дегенге келер болсақ. Бұл әр адамның өз денсаулығына қаншалықты мән беретініне тікелей байланысты дер едім.

– Сіз жұмыс істейтін Орталыққа пациенттер аурудың қандай дәрежесінде жүгінеді?

– Бізге науқастар әртүрлі жағдайда келеді. Десек те, бұрынғы уақытпен салыстырғанда адамдар өз денсаулығына көңіл бөле бастады деуге келеді. Бүгінгі таңда еліміздегі медицина саласы дамып отыр. Қазір кез келген сатыда ауруды анықтауға мүмкіндік бар. Әрине, кейде ауруын асқындырып келетіндер де болады. 

Тәжірибеде ота жасалған науқастарда ісік қайта пайда болатын жағдайлар да кездеседі. Ол ісіктің табиғатына байланысты. Бүкіл әлемде бұл ауру түрінің себебін анықтау үшін ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ұлттық нейрохирургия орталығында да осындай зерттеулер жасалады. Әлі күнге дейін мидағы ісіктің пайда болуының нақты себебі анықталған жоқ.

– Орталықта күніне қанша ота жасайсыз?

– Әртүрлі. Кейде бір ота, кейде екеу болуы мүмкін. Бір ота 4-5 сағатты немесе одан да көп уақытты алуы мүмкін. Бұл ісіктің орналасқан аймағына, отаның деңгейіне байланысты. Миға жасалатын кез келген операция күрделі.

– Отандық медицина бұл бағытта ілгері дамып жатыр деп айтуға бола ма?

– Әрине, айтуға тұрарлық. Медицина күннен күнге дамып жатыр. Біздің орталық та соған ілесіп дамып келеді. Бұл орталықта жасалатын операциялардың деңгейі шетелдік орталықтардан кем емес. Әлемде жасалатын отаның барлығы бізде де жасалады. Аймақтарда осы диагнозы бар жағдайы қиын науқастар болса, медициналық авиация линиясымен барып көмек береміз.

– Республика тұрғындарынан бөлек шетелден ота жасатуға келетіндер бар ма?

–Медициналық көмек еліміздің азаматтарына ғана емес, шетелдік пациенттерге де көрсетіледі. 14 жыл ішінде клиникада 400-ден аса шетелдік пациент емделді. Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзірбайжан, Албания, Украина, Грузия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Нигерия, Канада, Беларусь, Косова, Ямайка, Гвинея, Италия, Қытай, Ливия, Бразилия, Сингапур, Ирландия, Австралия, Египет, Ингушетия, Қарақалпақстан елдерінен ота жасатуға келгендер болды.

– Сөз соңында ел тұрғындарына айтар кеңесіңізбен бөліссеңіз.

– Салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылданыңыздар. Тексеруден уақытылы өтуді ұмытпау керек. Әсіресе check up-тан өткен дұрыс. Халықтың менталитеті сондай ма, кейде адамдар ауруын жасырып, айтқысы келмейді. Дәрігерге барғанда денсаулыңызға байланысты шағымдарыңызды бүкпесіз айтқан жөн деп ойлаймын. Сонда ғана мамандар сізге көмек бере алады.

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу