Министр дәндеген бе: Брекешев тағы бір қорықты кішірейтпек

2311

Бұл жолы өр Алтайдың атақты қорығының аумағы мыңнан астам гектарға қысқартылатын болды, деп жазады Inbusiness.kz.  

Министр дәндеген бе: Брекешев тағы бір қорықты кішірейтпек

Экологтар, экобелсенділер ерекше қорғалатын аумақтарда пластик затты тауып алса, әлеуметтік желіде жыл сайын дау-дүрбелең көтеріп, тіпті дүйім жұртқа тіл тигізіп жатады. Мысалы, бір тобы биыл елдің түкпір-түкпірін кезіп, қоқыстарды фото-видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап, Қазақстанды "Свалкастан" атады. Тағы бірі Бурабай ұлттық паркінде әлдекімдер қалдырып кеткен қоқысты көре сала: "Неменеге мешітке барасыңдар, айналаларыңды шошқадай ластасаңдар!" деп Facebook-ке ашулы пост жазды. Тіпті бұл "қылмысты" мұсылман жамағатының өкілі жасағанын көзімен көрмесе де.

Айтайын дегеніміз, басшылығы ауысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі екі аптадан бері қорықтарға қырғидай тиіп, табақ үстіндегі қаракесек етті кесіп таратқандай "майшелпек" жерлерді үлестіре бастағанға ұқсайды. Ал ұлттық қорықтарда тасталған пластик құтыны көрсе, арқасы мен жүйкесі қатар қозатын экологтар да, экобелсенділер де тым-тырс жатыр.

Ендеше фактілерге сөз берсек...

Қоршаған ортаны қорғауға жауапты ведомство "Оңтүстік Алтай" республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалының (кешенді) аумағын азайту туралы" Үкімет қаулысының жаңа жобасын әзірледі.

Бұл бір мазақ сияқты көрінеді, алайда осы құжатты флора мен фаунаның ең басты досы болуға тиісті меморган – осы министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті дайындапты.

Құжаттың жазылу себебі де әжуадай естіледі: "Бағалы, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін сақтау мақсатында". Мұндай дәлелмен әдетте жаңа қорықты ашуға тиістей.

Ал мына жағдайда Алтай табиғи кешен аумағы онда алтын өндірісін бастау үшін азайтылатын көрінеді.

"Жобаны қабылдау республикалық бюджеттен қосымша шығындарға әкеп соқпайды. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп соқпайды", – деген сенімде министрлік.

Қазақстан экологияны қорғайтын қаптаған жаһандық конвенцияларға қосылып, халықаралық міндеттеме алды. Алайда мына құжаттың "Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкестігіне" сараптама жүргізілмеген: министрлік "бұл талап етілмейді" деп қысқа қайырды.

Сонымен, Үкімет қаулысының жобасында келесі жазылған:

"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі заңының 7-бабының 6-2) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі қаулы етеді: 1. "Оңтүстік Алтай" республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалының (кешенді) алаңы Шығыс Қазақстан облысы шегінде 1 мың 354,6 гектарға азайтылсын", – делінген құжатта.

Ары қарай ШҚО әкімдігіне тапсырма беріледі: "Әкімдік: 1) ШҚО-дағы Манкин кен алаңының геологиялық бұру құрамына кіретін "Бас-Теректі" кластерлік учаскесінің кен орындарын игеру үшін жер учаскелерінің шығарылуына байланысты осы қаулының 1-тармағында көрсетілген жер учаскелерінің пайдалануға ұсынылуын; 2) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлғалармен бірлесіп, жұмыстар жүргізу кезінде арнайы экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етсін".

Әрине, арнайы даярланбаған адамға шенеуніктердің тілін түсіну, олардың ниетін ұғыну қиын. Қарапайым тілмен айтқанда, табиғи кешеннен алып қойылатын 1 мың 354,6 гектар жер жеке компанияның пайдалануына ұсынылады деп күтілуде.

Салыстыра кетсек, Алтай қаумалынан тартып алынғалы отырған осы ауқымдағы жерге мысалы, Монакодай 7 мемлекет сыйып кетер еді.

"Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесіне" жүгінсек, Көк Түріктің алтын бесігі – Алтай жерінде орналасқан "Оңтүстік Алтай" республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалының қазіргі ауданы 197 мың 176,1 гектарды құрайды. Жаңа қаулы қабылданып, жүзеге асса, 195 821 гектар ғана қалады екен.

"Оңтүстік Алтай" не үшін азайтылмақ?

Таяуда ғана Inbusiness.kz Экология министрлігі "Республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік табиғи қорық аймағының аумағын азайту туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірлегенін жазды. Жусандала қорығынан тартып алынатын жерде карьер қазылады және қолданыстағы "Алматы–Нұр-Сұлтан" трассасын реконструкциялауға қажетті құрылыс материалдары – топырақ, қиыршық тас және басқасы өндіріледі.

Ал өр Алтайға неге ауыз салуда? Жасыратыны жоқ, мұнда да экология министрлігі экономиканы басты орынға қойып отырғанға ұқсайды.

Үкімет басшысы Асқар Маминге жазған түсіндірме жазбасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев "Бас-Теректі" кластерлік учаскесінің құрамынан "Манка" кенорны телімінің шығарылуына байланысты "Оңтүстік Алтай" мемлекеттік табиғи кешенді қаумалының алаңы азайтылатынын хабарлады.

Қазына табылған кенорынның ауданы – 1 354,6 гектар. Тиісінше, дәл осынша жер қаумалдың "Бас-Теректі" телімі құрамынан шығарылады.

"Бұл ретте "Mankа" ТКК" ЖШС 2013 жылғы 24 желтоқсандағы контрактіге сәйкес, Шығыс Қазақстан облысындағы Манкин кен алаңында құрамында алтыны бар кенді барлауға рұқсат алған. "Manka" тау-кен компаниясының контрактілік аумағында алтын кенорындарының табылғаны расталды", – деді С.Брекешев.

Оның хабарлауынша, барлауды толық аяқтау, сондай-ақ алтын қорларына бағалау жүргізіп, оларды мемлекеттік теңгерімге қою үшін "Manka" ТКК" ЖШС қазіргі кезде контрактісін ұзарту рәсімінен өтуде. Сонымен бірге компанияның барлау жоспары да келісу рәсімінен өткізілуде.

Statsnet порталының дерекқорына жүгінсек, "Manka" ТКК" ЖШС Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Маралды ауылында тіркелген. Оның үстіне әлгінде айтылған контрактіні алардың алдында, 2013 жылғы 19 желтоқсанда тіркеліпті. Биылғы 2021 жылдың 8 мамырында қайта тіркеуден өтті. Шағын кәсіпорын: штатында шамамен 5 адамы бар екен. Меншік түрі – квазимемлекеттік кәсіпорын, себебі 25%-ы мемлекетке тиесілі көрінеді. Жылдық кірісі бағалау бойынша 2019 жылғы 11,3 миллион теңгеден 2019 жылы – 269,5 млн, 2020 жылы – 787,3 миллион теңгеге дейін артқан. Ал 2021 жылдың басынан бері кірісі 2 млрд 20,8 млн теңгеге жетіпті. Биыл 60 млн теңгедей салық төлеген.

HeadHunter-де бұл компанияның қазір 300 мың теңгеге дейінгі жалақыға заңгер, сондай-ақ офис-менеджер іздеп жатқаны көрсетілген.

Компания басшысы Александр Бабий тағы екі компанияның басшысы болып табылатыны мәлім болды.

"Қызыл кітаптағы" жануарды кезіктірмепті...

Бас экологтың мәліметі бойынша "Оңтүстік Алтай" әкімшілік орналасуы тұрғысынан ШҚО-ның Күршім ауданының шегіне кіреді және оның аумағы 4 кластерлік учаскеден тұрады.

Біріншісі – "Қалжыр", аумағы 43 373,10 гектар.

Екіншісі – "Бас-Теректі", аумағы 23 035,8 гектар.

Үшіншісі – "Кабинский", аумағы 65 759,7 гектар.

Ал төртіншісі – "Қызылтас", аумағы 65 007,50 гектар. Осылайша, табиғи қаумалдың жалпы ауданы 197 176,10 гектарды құрайды.

Соның ішінде екіншісі кішірейтіледі.

"Негізі, "Бас-Теректі" кластерлік учаскесінің үлкен бөлігі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде (5 788,70 гектар) және запастағы жерлерде (17247,1 гектар) құрылған. Соның ішінде "Бас-Теректінің" ішінде орналасқан "Манка" кенорнының жалпы ауданы 1 мың 354,6 гектар. Тиісінше, оны "Бас-Теректі" учаскесі аумағынан шығарған соң "Бас-Теректіде" 21 681,2 гектар аудан қалады", – деген түсініктеме берді бас эколог.

Оның сендіруінше, алтын өндірісі басталады деп жоспарланған аталған жер телімінде "қандай да бір қызмет түрімен айналысатын жер пайдаланушылар жоқ".

Бір ғажабы, жаңа экология министрінің жоспарынан құлағдар болып, көшіп кетсе керек, бірнеше шағын мемлекет сыйып кететіндей үлкен жер телімінде жануар да қалмапты.  

"Жобаға арналған аумақ шегінде фаунаның сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан түрлерінің болуы байқалмайды. Кенорны учаскесінің шекарасында Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген флора мен фауна түрлерінің болуы да байқалмайды. Көптеген жануарлардың тар әрі тасты шатқалда жүріп-тұруы қиын", – деген дәйек келтірді Экология министрі.

Онсыз да жан-жақтан қысқан антропогендік факторлар кесірінен торға түскен қырандай мүскін халге түскен табиғатты енді алтын өндірушілер жүнін жұлған тырнадай тоз-тозын шығармаса етті.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу