Министр Ғиният командасының "сауатсыздығы" елді қайран қалдырды

3425

Жаңа Қазақстан ұлттық жобаларға толық көшіп алған кезде, Денсаулық сақтау министрлігі ескіше мемлекеттік бағдарлама форматына оралды. 

Министр Ғиният командасының "сауатсыздығы" елді қайран қалдырды Фото: Индустриальная Караганда

"Құжаттар қарапайым халыққа түсінікті болуға тиіс" деген Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2021 жылы билік мемлекеттік бағдарлама қалыбынан бас тартты. Оның орнын ұлттық жоба басты.

Сол жылғы 1 шілдеде Президент Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің отырысын өткізді. Дәл осы жаңа ұйым мембағдарламалар орнына ұлттық жобаларды дайындауға жауапты болды.

"Қазақстанда мемлекеттік жоспарлау жүйесіне реформа жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, оралымсыз, тым көлемді мемлекеттік бағдарламалар орнына жинақы, ұғынықты ұлттық жобалар қабылданатын болады. Олар қоғамның нақты, шынайы қажеттіліктеріне бағдарланады", – деп түсініктеме берді сонда Үкімет.

Ал 2021 жылғы 7 қазанда Қ.Тоқаев "Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы" №670 жарлығына қол қойып, алғашқы 10 ұлттық жобаға өмірге жолдама берді. Айтпақшы, сол тізімдегі №1-шісі – "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасы болды. Ол кезде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой болатын.

Қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін, 2022 жылғы 11 қаңтарда елдің бас дәрігері лауазымына Ғиният Ажар келді. Енді оның командасы ұлттық жоба сыртында, бөлек бағдарлама әзірлеп отыр.

Құжат – "5 жылдық кезеңге арналған "Қазақстанды медициналық техникамен жарақтандырудың республикалық бағдарламасы" кешенді жоспары деп аталады. Оның атауының өзі жұртшылықта сұрақ туғызды.

"Біріншіден, "5 жылдық кезең" дегені нақты қандай күнтізбелік жылдар? Биылдан бастап па, әлде келесі жылдан ба? Екіншіден, бұл нормативтік құқықтық актінің мәртебесін анықтауға министрлік мұқият қарағаны, тағы бір пысықтағаны жөн. Не "Қазақстанды медициналық техникамен жарақтандырудың жол картасы" немесе ұлттық жобасы деп атауға болады. Үшіншіден, оның нысаналы индикаторларында, паспортында "мүгедек", "инвалид" сөздері қолданылады. Қазақстан бұл ұғымнан бас тартты. Оның орнына "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы заңы аясында "мүгедектігі бар адамдар" термині қолданылады. Мұны да ауыстырған жөн", – деді заңгер Андрей Суханов.

Шынында, Ғиният ханымның ұжымының бұл құжаты ерекше күтімді қажет ететін жандарды "мүгедексің" деп бетіне басып тұрғандай. Министрлік бұл ескертпені ескеруге уәде етті. Ал жоба статусын солай қалдыруға табандап отыр: "Жобаның атауы – "5 жылдық кезеңге арналған "ҚР медициналық техникамен жарақтандырудың республикалық бағдарламасы" кешенді жоспары деп аталады".

Медицина саласына маманданған астаналық кәсіпкер Жанелия Жүсіпова республикалық бағдарлама жобасының өзге кемшін тұстары барына назар аудартты.

"Мысалы, 2021 жылғы "Дені сау ұлт" ұлттық жобасында Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Петропавл, Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Қостанай қалаларында ең кем дегенде 20 қазіргі заманғы аурухана салу, сонымен қатар 2 ғылыми-инновациялық орталық салу белгіленді. Оған мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін тарту көзделген. Бұл жобалар мына бағдарламада ескерілмеген. Бұған қоса, Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен бекітілген "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасында 2023–2024 жылдар ішінде 655 жаңа емхана объектісі салынатыны, оның ішінде 253 медициналық пункт, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт, 160 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілетіні көрсетілген. Олар да медтехникамен жарақтандырылуы керек, бұл да жаңа бағдарлама жобасында көрініс таппаған", – деді сарапшы.

Олқылық мұнымен бітпейді. Ел Үкіметі Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған, 2023-2025 жылдарға арналған Ана мен бала денсаулығын қорғау тұжырымдамасын құптады. Соның аясында, әрі Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 95-пунктіне сәйкес, Үкіметке, барлық облыс пен үш мегаполистің әкімдеріне заманауи перзентхана орталықтарының желісін салу жүктелген. Олардың барлығы білікті медициналық персонал сыртында, қазіргі заманғы озық жабдықтармен жарақтандырылуы шарт. 

Ал Ғинияттың командасы Президенттің бұл тапсырмасын тарс ұмытып кеткен сияқты. Ұмытпауға тиіс еді. Өйткені дәл осы салада министр ханымның түсіне кірсе қара терге түсірер жан шошырлық сорақы тірліктер белең алды: перзентханалар мамандарының кінәсінен, біліксіздігінен ауа жетпей тұншығып, гидроцефалияға шалдыққан, мойны сынған не шығып кеткен, ДЦП ауыр күйіне түскен, тіпті мерт болған сәбилердің саны көбейіп барады. Тазалықтың сақталмауы салдарынан сепсиске душар болған жас босанған аналар көп. Мұндай масқара Астананың перинатальды орталықтарында да орын алған.

Салдарынан, таяуда 2023 жылғы 31 қаңтарда, Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте аталған проблеманы Президентке қайта көтеруге тура келді. Қ.Тоқаев медицина инфрақұрылымы демографиялық қарқынға ілесе алмай қалғанын сынады. Елордадағы перзентханаларда орын тапшы екенін, ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға асып түскенін мәлімдеді. Жоғарғы биліктің өзі отырған бас қаладағы жағдай осындай болса, өңірлерде не былық болып жатқанын бағамдау қиын емес.

Жоғарыда келтірілген әрі жаңа бағдарламада ескерілмеген жобалардың бәрі ағымдағы бесжылдықта ел игілігіне тапсырылуға тиіс. Алайда ол ғимараттар салынып біткенімен, қажетті заманауи медициналық техникамен жарақталмаса, елге қызмет ете алмайды, қаңырап бос қалып, қаңғыған адамдар мен иттердің мекеніне айналып, босқа тозбақ.

"ҚР медициналық техникамен жарақтандырудың республикалық бағдарламасы" кешенді жоспарында Денсаулық сақтау министрлігі: "5 жылдық кезеңге қажетті медициналық бұйымдардың жалпы саны 32 385 бірлікті құрайды, оларға қажетті шығынның жалпы сомасы 505 миллиард 701,8 миллион теңге" деп жазған.

Сарапшылар қолданыстағы қаншама ұлттық жоба мен тұжырымдаманың нысаналы міндеттері, Президенттің біраз бастамасы мен тапсырмасы назардан тыс қалғандықтан, жаңа бағдарламадағы қаржы шығынының көлемін қате деп санайды: өрескел жөнсіздікке жол берілмеуі үшін есептемелері түзетуді қажет етеді.

Сондай-ақ түрлі салалық құжаттардағы жобалардың қайталанып кету, бюджеттің екі рет шығындалу қаупі де бар екен. Бір құжатта ескі аурухананы жабдықтау жоспарланған, енді басқасында оның орнына жаңасын салу қарастырылған. Ендеше сала білікті басшылықты қажет етеді.

Үкімет басшысына жазған түсіндірме хатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жаңа бағдарлама жобасы Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Т.Сүлейменовтің 2023 жылғы 2 ақпандағы хаттамалық тапсырмасымен әзірленіп отырғанын жеткізді.

"Жобаны қабылдаудан күтілетін нәтижелерге тоқталсақ, 2027 жылы медициналық ұйымдар нормативтерге сәйкес 32 385 бірлік медициналық бұйымдармен жарақтандырылады және жете жарақтандырылады. Қалалық және ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарының инфрақұрылымы жаңартылады. Шұғыл медициналық көмек уақытылы көрсетіледі. Халықтың барлық топтары, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі халықтың осал топтары үшін медициналық ұйымдардың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі", – деді Ажар Ғиният.

Саланың қазіргі жағдайы үрей тудырады. Министрлік жүргізген медициналық ұйымдардағы ревизия мен инвентаризация қорытындысы көрсеткендей, республика бойынша ауруханаларда, емханаларда медициналық техниканың тозу деңгейі 49%. Яғни, жартысының тозығы жеткен. Оның үстіне мемлекеттік медициналық ұйымдардың 82%-ы ғана жарақтандырылған. Тіпті басқасы түгіл, пациентті өлшейтін таразысы да жоқ емханалар бар.

Бұдан өзге, жаңа медтехниканың бос тұруы немесе тиімсіз пайдаланылуы фактілері әшкереленді. Бұған кепілдікті сервистік қызмет көрсету бойынша қолданыстағы талаптардың сақтамауы ықпал еткен. Заманауи аппаратураларды жеткізген фирмалар оларды қалай пайдалану керектігін медперсоналға түсіндірмеген. Себебі, өздері де білмейді, делдал ғана.

Министрліктің түсіндіруінше, медициналық ұйымдар медициналық техника бұзылып қалса ғана оған сервистік қызметті сатып алады. Сондай-ақ медұйымдардың штатында жоғары технологиялық жабдыққа қызмет көрсетумен және жөндеумен айналысатын тұрақты мамандар жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу